Бас тақырып

Қандай жағдайларда әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады?

Мемлекеттік қызмет көрсету жүйесі азаматтардың өмірінің барлық саласын қамтиды. Соның ішінде қорғаныс саласындағы қызметтер – ерекше маңызға ие бағыттардың бірі. Әскерге шақырту науқаны кезінде көптеген азаматтар өз құқықтары мен мүмкіндіктері жөнінде толық ақпаратқа ие бола бермейді. Осыған байланысты, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату рәсімдері туралы мәлімет беру қоғам үшін өзекті.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, елді қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Дегенмен, заңнама белгілі бір жағдайларда азаматтарға әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босатылу мүмкіндігін қарастырады. Бұл рәсімдер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мақсатында жүзеге асырылады және тиісті мемлекеттік қызметтер арқылы көрсетіледі.

«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 31-бабына сәйкес «Әскерге шақыртуды кейінге қалдыру» мемлекеттік қызметі 18 жастан 27 жасқа дейінгі, әскери қызметке шақырылуға жататын ер азаматтарға көрсетіледі.

Әскерге шақыртуды кейінге қалдыру некеде тұрған және бір және одан да көп баласы бар азаматтарға, денсаулық жағдайына байланысты уақытша жарамсыз деп танылған жағдайда (медициналық комиссия шешімі бойынша), күндізгі оқу нысанындағы жоғары немесе орта оқу орындарында білім алып жүрген студенттерге, отбасы жағдайына байланыс­ты (мысалы, асырауында басқа адамның көмегіне мұқтаж және толық мемлекеттік қамсыздандыруда болмайтын отбасы мүшелерін күтумен айналысатын, өзінің асырауында анасыз тәрбиелеп отырған баласы (балалары) бар азаматтарға, ата-­анасының қайтыс болуына немесе олардың ата-ана құқығынан айырылуына немесе сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемінде екі жыл тәрбиесінде және асырауында болған адамдар бар азаматтарға), қызметтік қажеттілік (мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінде айқындалған айрықша ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтарға) негіздері бойынша көрсетіледі.

Қызмет «eGov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі.

Қажетті құжаттар тізіміне мемлекеттік қызметті алуға өтініш және негізді растайтын құжаттар (медициналық анықтама, оқу орнынан анықтама, және т.б. жағдайларды растаушы құжаттар) кіреді. Қызмет 6 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Сонымен қатар, «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызметі де «eGov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі.

Әскери қызметке шақырудан босату мемлекеттік қызметі денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтарға, заңды негіздер, жиырма жеті жасқа толуы бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмағандарға, туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңілілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалғандарға, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендерге, «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 51-бабының 9-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендерге, ғылыми дәрежесі барларға, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлеріне және т.б. негіздер бойынша көрсетіледі.

Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесінде азаматқа әскерге шақыру комиссиясының әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру туралы қорытындысы немесе әскери қызметке шақырудан босату туралы қорытындысы немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беріледі.

Электрондық форматта қызмет алу мүм­кіндігі кезек күтуді және қағазбастылық­ты азайтып, ашықтықты және рәсімдердің айқындығын қамтамасыз етеді.

Әскерге шақыртуды кейінге қалдыру және одан босату – азаматтардың заңды құқығы. Бұл мемлекеттік қызметтер жастардың оқуын жалғастыруына, отбасылық жағдайын реттеуіне немесе денсаулығын қалпына келтіруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар цифрлық форматта көрсетілуі арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырады.

Құрметті қызмет алушы, егер Сіз мемлекеттік қызмет алу барысында әкімшілік кедергілер, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету кезінде артық құжаттар талап ету, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу, негізсіз бас тарту немесе тағы басқа заң бұзушылықтарға жол берілгеніне куә болсаңыз, департаментке келесі мекенжай бойынша жүгіну арқылы бұзылған құқықтарыңызды қалпына келтіре аласыз.

Біздің мекенжай: Қарағанды қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39. Байланыс нөмерлері: 8 (7212) 50-40-66, 8 (7212) 50-33-83 кеңсе нөмірі.

Ақбөпе Жансарбаева,
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша
департаментінің көрсетілетін мемлекеттік қызметтер басқармасының бас маманы

Басқа материалдар

Back to top button