Жаңалықтар

Қандай еді Мұхамедиярдың Жақаны!

Бұрынғы Қу (Егіндібұлақ) ауданының Айрық ауылында 1948 жылдың тамызында дүниеге келген, қайратты ғұмыры Едірей кеңшарының жылқы шаруашылығын өркендетуге арналған Жақан Мұхамедиярұлы ТЕРГЕУБЕКТЕГІ 2024 жылдың 7 желтоқсаны күні 76 жасында Астана қаласындағы шаңырағында қайтыс болып, өз өсиеті бойынша Едірейдегі әулеттік қабірханаға жерленді.

Арғын Қаракесекте Шаншар бабамыздың Келдібегінен туатын Қаздауысты Қазыбек би ұлдарының кенжесі Сырымбеттен тарайтын, аттың тұлпарын мініп, тазы ертіп, құс салған, Тәттімбет атасының күйін шертіп, Бәпиұлы Мәдимен айырылмас дос-жар болған өз заманының сал-серісі Тергеубектің Мұхамедиярынан 1932 жылғы ашаршылықта дүниеге келген Ыбырайдан соң Рай, Тоқатай кенже ұл Жақан және Балқия, Айман атты қыздары дүниеге келеді. Сарыарқада еркін өскен бұл ұландар бойында Тергеубек бабаларына тән төрт түліктің төресі – жылқыға әуестік бар-дағы, Алдияр нәсілді аналары Зибагүлден, яғни нағашы жұрттан ер тұлға мен сұлу сымбат, алғыр сана мен сөзге мәрттік дарыған деседі. Табиғатпен сыралғы өскен осынау «оқымаған академиктер» бойындағы ата дәстүрге адалдық, Абай абыз армандап өткен жалғандық-жалтақтықтан ада, шындықты күркіретіп бетке айтатын тікмінезділік әсіресе Жақанның бойында мол еді.
Ал оның «атымтай-жомарттығын» 1990 жылы қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың 80 жылдығын Қарқаралыда кеңінен мерекелегенімізде көзіммен көрдім: республикаға жар салынған тойға ақынның жары Сақыпжамал, қыздары Жанна мен Дариға, құдасы (Жаннаның атасы) Сырбай Мәуленов, жан досы Ғафу Қайырбеков бастаған небір ақындар мен жазушылар, филолог ғалымдар қатысып, ғылыми конференция өтіп, соңынан жұртшылық ән мен жырға, қазақтың ұлттық ойындарына бір кенелді. Аламан бәйгеде Егіндібұлақтың аймаңдай өкілі Жақан Мұхамедияров жаратқан тұлпар үздік келіп, бас жүлдені шабандоз балаға еншілеген Жақан тойдың құрметті мейманы Сақыпжамал бәйбішеге иіліп сәлем берді де, үстіне кілем жабылған сәйгүлікті өз атынан тартулады.
Бұл – кеңестік заманда меценаттық салтты жаңғыртқан Жақанның көптеген қылғының бірі ғана еді, тек сонысы үшін ол марапатқа бөленбек түгілі, қашан зейнеткерлік жасына жеткенінше жергілікті партия-кеңес органдары тарапынан тергеу-тексеруге ұшырап бақты, «Жақсының соңынан сөз ереді» дегендей, өрттей қаулаған қауесеттің есебі жоғы өз алдына… Қиындығы көп, қызығы да соншалық қайран өмір жолында Оның бір де бір рет азаматтық жолдан қиыс басқан, өзіне тапсырылған қоғам байлығына бір тиын залал келтірген кезі болмапты: тәуелсіздігімізге отыз жыл өтсе де, әлі күнге тусырап жатқан қазақ даласына Жақанның алдындағы қоғам малы да, отбасы ырзығының алтын қазығы – өз малы да сыйып жататын. Қырық жылдай жылқышылықта Оның үйірлерінен бір де бір бас шығын болмаған, бір де бір түлікті дала жыртқышы тартпаған, үйірлерді өз төлінен көбейту жоспары да Семей ядролық сынақ полигонына жапсарлас жатқан Алыбай қыстауындағы бас жылқышы Мұхамедияровтың «жүз биеден – жүз құлын» алатындығымен қамтамасыз етіліп жатты.
…Ауыл мектебінде оқуын бастаған Жақанды әкесі Мұхамедияр ресейлік комсомолец-тыңгерлер көтерген «Комсомол» кеңшарында орыс кластары ашылғанын естісімен, өзі өмір-бақи «Қара сөздерін» құрандай қабылдайтын абыз Абайдың «…орыстың тілі – дүниенің кілті, …балаңды орысша оқуға бер» нақылын ұстанған бойы, «Комсомол» мектебіне береді. Зерек ұлан оқудағы, спорттағы, көркемөнердегі жетістігімен мектеп жұлдызы атанып жүріп, сондағы оқу үздігі, мінезіне сымбаты сай Розалия Қапанқызымен достығы жарасады. Мұның соңы жігіттің сұлтаны Жақан мен қыздың керімі Розаның өмірдің ыстық-суығын мәңгі бірге өткеру антына ұласып, аяулы Жақанның мына дүние-жалғанда Жаратқан өлшеп берген 76 жыл ғұмырын 2024 жылдың 7 желтоқсаны күні Астанадағы жекежайында бақи-әлемге аттанғанына, міне, аттай 40 күн толып отыр, ардақты жамағат!
Сонымен, 1960-шы жылдың соңында кәмелеттік аттестат алған Жақан облысымыздағы Мичурин совхоз-техникумына түсіп, агрономиялық білімге бойлаған кезінде міндетті әскери қызметке шақырылады. «Қиындық, қайдасың!?..» деп ізденіп жүретін Жақан Мұхамедияров сөзге келместен оқуды жинап қойып, әскерге кетеді, екі жыл служба екі күндей өте шыққанда, әскердегі үлгілі қызметі үшін кіші әскери шенге ие болып елге оралған Жақан, өзін қарсы алған он тоғыз жасар Роза-бойжеткенді құшқан бойы үйлену тойын да жасап жібереді. Содан жылқылы Едірейде жылқышы қолы жетпей жатқанын естіп, жас жұбайымен Сарыарқаның Семеймен шектесетін тұсындағы Алыбай қыстауында бас жылқышылық жолын бастайды. Ерекше малсақ азамат даланың жазы-қысы маза бермейтін бөрісіне малын талатқызбас үшін өзі әскери қызмет өткен Ресейден қасқырға төтеп беретін алабай-тазы тұқымын әкеледі, жылқы зауытынан асыл тұқымды азбан жеткізіп, селекциялық тәсілмен бәйге-торылар өсіреді. Бұл кез – 1949 жылдан жер астында сыналып, 50 жылдардан бастап жер үстінде ашық сынала бастаған Семей ядролық полигонының маңайдағы халық денсаулығына зиындылығы білініп, ел арасында жас балалардың «аққан» сырқатына шалдығуы көбейген кезең еді. Әскер жылдарынан саяси сауаты мол бас жылқышы жүрегіне тастай батқан осы запыранды арқалап, бір күні полигонға рұқсат алып кіріп, әскери генералдың қабылдауындағы бір сағатта елдің денсаулығы мен күнкөрісі жәйін мағлұмдайды, сөзі тайға таңба басқандай Мұхамедияров Жақан есімді қарапайым жылқышы жігіттің әр сөзінен экологияға, әлеумет денсаулыққа қатысты шырылдаған патриоттық сезімді қапысыз аңғарған әскери басшы оның «…неге ядролық сынақты біздің жерде өткізесіңдер?» деген сауалына «Ресей мен Қазақстан басшыларының келісімі болған да, біз сол келісіммен осындағы аса қатерлі службадамыз, денсаулығымызды күнделікті дәрігер тексеріп, жеміс-көкөністі молынан пайдаланып-сақтанамыз» деген уәжді жайып салады. Сол күннен бастап әскерилердің құс қанаты талатын иен далада үкімет малын қысы-жазы бағатын Ер қазаққа деген құрмет-сенімі артады. Сөйтіп КСРО картасында белгіленбеген Курчатов жабық қаласына жеткізіліп тұратын алуан жеміс пен көкөністен Жақанның керегінше сатып алып тұруына мүмкіндік туғызады. Бірде жылқысының бір үйірі боранда ығып кеткенінде, полигонның өз адамына айналып кеткен Жақанға генералдың өзі ангарда қаңтарылған әскери вертолетпен қоғам малын іздеп-табуға септеседі.
Сол күннен бастап бас жылқышы автокөлігіне Курчатов қаласының дүкенінен небір жеміс пен көкөністі тиеп алып, Едірейдің қыстауларындағы отбасыларына апта сайын таратып отыруды салтқа айналдырады. «Жақсылыққа – жақсылық» жасауды білетін Жақан әскерилерді қазақ халқының ауру-сырқауға қарсы қолданатын асыл тағамы – жылқының қазы-қартасы, жал-жаясымен, саумал-қымызымен сыйлайды, ұлттық тағамнан дәм таттыру үстінде екі шекті домбырада орыс әуендерін, поляк сазгері Огинскийдің «Полонезін» айна-қатесіз шертіп беріп, дала жұртының музыкалық дарынына және тәнті етеді.
Әлімсақтан Тергеубек әулетінен туған таутұлғалы ұрпақтың өр мінезі мен өнерпаздығы олардың соңынан аңызы мен шындығы аралас небір қауесетке арқау еді (атбегілік өнерімен күллі республикаға атағы шыққан Тергеубеков Боран, мәселен, ұлттық спорттың аламан бәйгесіне қосқан тұлпарларымен ғана 40-қа тарта «басжүлделік» автомобильге ие болған болса, былтыр – 66 жасында ол «Ардагер спортшылар сайысында» күрестен «Әлем чемпионы» атағын жеңіп алды), аудан басшыларының құлағына «Мұхамедияров жылқысын вертолетпен бағатын көрінеді, онымен қоймай, полигонның түбінде қоғам малын өсіріп жатқан отбасыларының денсаулығына ядролық сынақтан келетін зардапты аупартком мен ауатком неге дәрігерлік тексеріспен анықтатпайды, неге малшы отбасыларына жұғымды азық-түлік пен көкөніс жеткізілмейді?» деп сынайтын көрінеді» дегендей сыбыс жетіп жатады. Содан «партия мен үкімет саясатына қарсы шыққандығы үшін бұл Мұхамедияровты жазалап, қолына кісен салып тұрып түрмеге жабу керек!» деген Бірінші хатшының айбатымен қыстаққа жеткен милиция қызметшілерін өз жұмысына адал, малының басы дін-аман бас жылқышы Жақан олардың басынан асыра мылтық атып «шығарып салады». Бұл қылыққа бұрынғыдан бетер ашуланған бірінші хатшының «Мұхамедияровты менің алдыма алып келіңдер!» деген пәрменін орындаушылардан мазасы кетіп, көңілі қарайған бас жылқышы кезекті келгендерді балғадай қолымен ұрып жығып, бастарын күпсек қарға бір-бір бойлатып, бастарынан асыра оқ атып, шошытып, әлгілердің автокөліктеріне әзер жетіп, келген жолымен тайып тұруына қол жеткізеді.
Бұл – сексенінші жылдар еді, аудандық газет тілшілері Жақандай малшылар еңбегін мақтап жазудан шаршамаймыз, бірде газетімізде редакторымыз Сауғабаевтың бас жылқышы Жақан Мухамедияров туралы «Алыбайдың алыбы» атты очеркі шықпасы бар ма!.. Ертеңіне бірінші хатшы мен ауатком төрағасы бәрімізді өздеріне шақырып алып, газетке нендей мәселені жазуға болмайтынын ежіктей келе, «өткен дәуірдің аңшылығын, құсбегілігін, атбегілігін дәріптеу неге керек? Жариялауға болмайтын Семей сынақ полигоны туралы жабық тақырыпты неге қозғайсыңдар?..» дегенді қатты ескертті, ал ертеңіне ақындығынан басқа түгі де жоқ Сауғабаевты райкомның шешімімен редакторлық қызметтен алды да тастады. Мен көп ұзамай Қарқаралының аудандық газетіне редакторлыққа жіберілдім, ал сонда ойымнан «Бұл Жақанға неліктен аупарткомның әлі келмеді?» деген сауал шықпай қойды (негізінде, біздің Алсай руының қызы Раяны сырымбеттік Рай Мұхамедияров алып отырғандықтан, Рай бізге жезде де, Жақан екеуміз «құда бала-құдаша қыз» хақымен тілектеспіз ғой). Сөйтсем, үрім-бұтағымен парасатты Тергеубек-атаның Ешімхан есімді жұрағатынан туған Мәфруза апамыздың күйеуі Мәсіғұт Исекеев (1908-1980) Егіндібұлақ ауданының прокуроры екен де, кенжесі Бейсембайдан туған жалғыз ұл Сүният Тергеубеков (1937-2013) Қарағанды облаткомына қарасты «Еңбекпен түзеу мекемелері басқармасының» полковник шенді басшысы екен. Өз ісіне ықтиятты бас жылқышымызды абақтыға жабуға әкелген күннің өзінде, жоғарыда аталған заңгерлер тарапынан аудан басшысына: «Алдындағы қоғам малы дін-аман бұл Мұхамедияровты не үшін абақтыға отырғызбақсыз? Ал оның балалы-шағалы Едірей отбасыларына өз көлігімен жеміс-көкөніс тасыптаратудағы қайырымдылық ісін қылмыстың қай статьясына жатқызамыз?!» дегендей ықтимал сауалдың болатынын ескергендігінен екен де, «Таз ашуын тырнадан алыпты» дегеннің керімен, көкірегін кернеген ашу-ызасын редакторды жұмысынан босатып барып тарқатқан екен-ау!..
Қаздауысты Қазыбек би жұртшылығы ғана емес, қалың Арқа жұртшылығы құрметтеген, зейнеткерлікке шығысымен келімді-кетімді мейманы көп отбасына лайық жекежай тұрғызған Жақанмен оның атбегілік, құсбегілік, құмай-тазы ертушілік тәлімі туралы Әлтаев Аманжол, Тито Сыздықов, ғарышкер Тоқтар-батыр сынды қайраткерлердің пікірлесіп тұрғаны да азамат бейнесіне сәуле төгетін жәйттер болса керек.
Осынау «Еске алу» текстіне тіркелген бір үйір жылқының фотосы туралы Жақанның асыл мәйітін оның өсиеті бойынша Едірейдегі ата қорымына апарысқан қарындасы Айман айтқан мына кереметпен аяқтаймын: «Едірейге ертерек жету үшін Баянауыл-Жосалы жақпен жосылтып келе жатқанымызда, мәйіт салынған көлік керуенімен қатарласа, Айрыққа жетер тұстағы тау аңғарынан күпсек қарды бұрқырата бір үйір жылқы шыға келді де, мәйіт бар алғашқы мәшинеге жақындай бере кісінесіп, жолдың сол қапталымен әлгі көлікке ілесті де отырды. Мына керемет көріністі алдыңғылар бейнежазбалап алыпты: айғыр бастаған әлгі үйір сол қатарласа шұбырған бойы біздің автокеруен Едірей тауына іліккенге дейін жарты сағат бойы қатарласа ерді де отырды…»

Назипа ҚОЖАҚЫЗЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button