Қанда бар қасиет
Наурыз мерекесін тойлаудың тұжырымдамасына сәйкес бүгін – Қайырымдылық күні. Бұл күні ел бойынша қайырымдылық пен мейірімге үндеген шаралар ұйымдастырылады.

Баган аймақта халықтың әлеуметтік осал топтарына, тұрғын үй кезегінде тұрғандарға және жетім балаларға пәтер кілттері тапсырылды. Атап айтсақ, Саран қаласында 110 пәтердің кілті табысталды. Алдағы уақытта Бұқар жырау ауданының Доскей ауылындағы 60 отбасы және 21 наурызда Нұра ауданында 24 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болады. Сонымен қатар, өңірдегі қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, балаларға арналған мекемелерге, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға базарлық сыйлықтары тапсырылады.
16 наурыз ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталса, 17-сі отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. Наурызда танымал мәдениет және қоғам қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылардың, блогерлердің, өңір жастарының қатысуымен «Ұлттық киім күні» челленджі іске қосылады.
– «Ұлттық киім» күні – 18 наурызда Кеншілер мәдениет сарайында «Nauryz-Fashion» этно-заманауи киім фестивалі өтеді. Оған Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан дизайнерлер мен сәнгерлер қатысады. Сондай-ақ, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінде Теміртау қаласының №8 арнайы мектеп-интернатының оқушыларының қатысуымен «Ұлттық киім құпиялары» атты инклюзивті іс-шара өтеді, – деді облыстың ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жұлдыз Сағымбаева.
Биылғы мереке Наурыз тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта өтеді. Осы орайда аймақтың қала, аудандарында 1 100-ден астам іс-шара жоспарланған.
Қайырымдылыққа қазақ халқы әуелден бейжай қарамаған. Өйткені, «Жан-жағыңа жасаған жақсылығың міндетті түрде өзіңе айналып келеді» деп сенген. Ал, енді мерекені тойлауға арналған тұжырымдамаға қайырымдылықтың кіруі – ата-бабаларымыздан қалған таным-түсінік пен наным-сенімге, адамгершілік қасиеттерге деген құрмет. Демек, «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген ұстанымды бек ұстанып, жас буынның бойына осындай асыл қасиетті сіңіріп өсірсек, құба-құп.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»