Руханият

Қанатымнан қайырдың-ау қатал тағдыр

Сурет:автордан

Екеуміз егіз қозыдай едік. Қанатымнан қайырылып, сыңарымнан айырылып қалдым-ау…

Мейірхан екеуміздің 30 жыл ғұмырымыз бірге өтіпті. Кешкі жатар орнымыз ғана бөлек, қалған уақытта бірге едік. Қуаныштың төрінен табылсақ та, қазалы үйдің босағасын аттасақ та, бірге едік. Алда-жалда жеке бара қалсақ, сенен – мені, менен – сені сұрайтын еді мынау елі. Енді сол жерлердің бәріне жалғыз баратын болдым ғой, Меке…

Ән-ғұмырдың мәңгі нұрын елге сыйлап, қара ормандай халқын қайғыға бөктіріп, аңғал досым бізден алыстап барады. Арқаның өзі қалыптастырып, өзі жаңғыртқан ән мектебін бізге аманаттап кетті. Қыл құйрықтың құдіреттісі Құлагердің жүгеніндей болып қасиетті қара домбырасы иесіз қалды. Сен ауырғалы алаңдап жүрген Арқа жұрты кешелі-бері жер тоқпақтап, аңырап отыр. Елдің әр қиырынан «Ардағым! Асылым!» деп дауыс қоя келіп, атынан домалап түскен өнердегі қанаттастарың мен шәкірттеріңде шек жоқ. Осының бәрі – саған деген ел құрметінің өлшемі. Мейірханға – ән, әнге – Мейірхан деп қараған елдің құдіретті өнерге деген құрметі.

Өзіңді, әніңді сүйген елдің жанарының жасын төгілдіріп, еліңді егілдіріп кеттің-ау, Меке. Иә, досым, қазаңа жиылған қаралы қауымның қалыңдығынан қадіріңді таныдық. Сансыз жанардан сорғалаған жастың мөлдірлігінен елдің өзіңе деген махаббатын аңғардық. Сенен сахна мен креслоны қызғанған пенделер табытыңды арқалап бара жатты. Оны да көрдік.

Екеуміздің сүйікті газетіміз «Орталық Қазақстаннан» жақсы дүние оқи қалсақ, бір-бірімізге «ананы оқыдың ба?», «мынаны оқыдың ба?» деп жатушы едік қой. Мен бүгін шерменде көңілдің шертолғауын төгіп отырмын. Әттең, сен оқымайсың ғой мұны…

Ана жылы Ақжігіт балам оқыстан ажал құшып, шаңырағымның уығы күйрегендей күйге түскенімде, жанымнан табылып, таянышым да, сүйенішімі де өзің болып едің… Енді мені кім жұбатады, Меке?!

Амал қанша…

Бақұл бол, асыл дос, абзал азамат!

Қош!

Жақсыкелді КЕМАЛОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, досы.

Басқа материалдар

Back to top button