Аймақ

«Қанатыңмен самғатшы, өнер, мені!»

Облыс орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтті. Қатысушылардың өнімдерімен облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов танысып, оң бағасын берді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Онда отандық тауарлардың алуан түрлілігін айғақтайтын 30 жергілікті өнім өндіруші бағын сынады. Басты мақсат – ауыл тұрғындарына төлтума өнімін жұрт кәдесіне жаратуға жан-жақты жәрдемдесу, олардың бизнес бастауын әртараптандыру, отандық брендтер легін құра отырып, жалпы қазақстандық өнім сапасын арттыру. «Атамекен» ҰКП іске асыратын атаулы жоба жергілікті өндірушілер арасында танымал бола түсуде. Мұндағы қатысушылардың көпшілігі зергерлік бұйымдар, ыдыс-аяқ, кесте бұйымдарын қос қолынан жасап шығарып көпшіліктің көзіне көлденең тартты. Ал, кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы ұйытқы болған мәні бөлек іс шара дәстүрлі негізде эксклюзив өнімді жұртшылық назарына ұсынып қана қоймай, сатуды да көздеген.

Ақтоғай ауданынан келген «Жасұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Самат Қожабаев ісінің қазығы 2011 жылы қағылғандығын айтты. Қой мен ешкі өсірумен айналысады. Самат Сағындықұлының тобы ағаш бұйымдарынан ертоқым, қасық, шөміш, үзеңгі жасап, шәкірт тәрбиелеуде көрінеді.

– Қолөнермен он жылдай айналыстым. «Ақтоғай» деп аты айтып тұрғандай, ол ара ақ қайыңға бай маң. Ер шабу – хоббиім. Соның 40 данасын шауыппын. Өзім көрмеге жиі қатысамын. Бірқатар бұйымым Оксфорд князі мен араб ақсүйектеріне сыйға да тартылды. Ер шабу өнері өз алдына тұнып тұрған есеп пе дерсіз. Өйткені, оған аса бір ыждаһат қажет. Жалпы, баба мұрасы зор қызығушылық тудырады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да шақырту алдым, – дейді Самат.

Көрме қорытындысы бойынша арнаулы жұмыс тобы жобаның барлық талаптарына сәйкес келетін 10 өндіруші бұйымы бренд-комитеттің қарауына жолданатын болады. Әрі қарай бренд-комитет үздік деп таныған қатысушылар легі өндірістік технологиялар бойынша атаулы оқудан өте жүріп, өнімді ілгерілету мен табысты сатылым жолында қолдауға ие болады. Сауда белгілері мен сапа стандартын әзірлейді. Мұнымен қатар, оларға жергілікті өнімді сертификаттауға көмек көрсетіледі.

Қарағандыдағы «Soup Karaganda» атты органикалық өндіріс ошағының жетекшісі Жанара Батырханова сүйек сорпасы, кето пастасы, гай майы және желе әзірлеумен айналысады. Ауқымды цех ашып, Қазақстан аумағында өнімін оңтайлы сатуды жоспарлануда. Өнімдері гипотиреоз және анемия сынды сырқат түрлерінен айығуға септігін тигізеді.

– Бүгінде піскен еттен арылған сүйектің пайдасын былайғы жұрт біле бермейді. Сүйекті қайнатпаймыз. Ал, сүйек сорпасы коллагенге бай. Оны біз шет елден тапсырыс беріп алдырып жатамыз. Түптеп келгенде, өз өнімімізге ештеңе жетпейді-ау! – деп ой түйді спикер.

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлия Жәңгірованың айтуынша, жоба – ауылдағы бизнесті дамытуға таптырмас мүмкіндік.

– Адам ауылынан ұзамай-ақ өз бизнесін дамытып, болашақта экспортқа бағдарлануы мүмкін сапалы өнім шығару арқылы ақша табу әрдайым өзекті. Ол үш қағидатқа негізделеді – бұл таусылмайтын шикізат, қосымша құн және жергілікті халықтың қатысуы, – деп атап өтті Гүлия Алшынқызы.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов жәрмеңке-көрменің барлық қатысушыларына алғысын білдіріп, Алғыс хаттар табыс етті. Өз кезегінде кәсіпкерлер қауымы қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау шаралары жайлы толғандырған сауалын жолдауға мұрсат алды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button