Анасының өтінішін орындауға ерінген жігіттің өкініші
— Апа, еденді шиқылдатып жүре бермеші, ұйықтай алар емеспін!
— Онда еденді жөндесеңші! Әкеңе де айтып едім, ол да қозғалмады…
— Жарайды, жарайды. Ертең жөндеймін. Тек жатшы.
Таң атты.
— Балам, түнде не деп уәде бердің?
— Жерге төсейтін ағаш керек қой? Ертең Сержанға айтып, соның көлігімен алып келермін. Рас айтам.
Тағы бір күн.
— Апа, мен қонаққа баратын ем, келесі апта міндетті түрде жөндеймін. Келістік пе?
Бір апта өтті.
— Балам, мен ағаштарды алып қойдым, сарайда тұр. Өтінем, еденді жөндеші.
— Сатып алдың ба? Жеткізгені үшін де төлеген шығарсың! Шығынданып…
— Бәрібір емес пе? Бастысы…
— Айтып ем ғой, Сержан екеуміз әкеліп жөндейміз деп! Қартайғанда адамның бала сияқты боп кететіні рас екен-ау!
Екі жыл өтті.
— Апа, түннің бір уағына дейін не істеп жүрсің? Жатсаңшы. Еденнің дыбысынан бала оянатын болды ғой!
— …
5 жылдан кейін анасы өмірден өтеді.
Ата-анадан ұлға мұраға қара шаңырақ қалды. Үй құжатының бірінші бетіне анасы:
«Балам, еденді ауыстыршы», — деп xат жазып қалдырыпты.
Ұлы анасының жазуына қарап көзіне жас алды, сөйтті де соңғы өтінішін орындауға уәде етті.
Арада 20 жыл өтті.
— Жаным, әке-шешеңнен қалған зәулім үй керемет, сөз жоқ оған. Бірақ үй ескірді. Мына еденнің дыбысы тіпті ұйқы берер емес. Бәлкім еденді ауыстырармыз?-деді əйелі..
— Әке, ағаш алу керек қой? Мен ертең әкелейін,-деді ұлы ілесе..
— Керек емес. Әжең неше жыл бұрын әкеп қойған… Одан бері 30 жылдай өтті-ау. Сол күйі қозғалмай тұр, жүрші, дәл қазір кірісейік. Әйтпесе қалып қояр.
Әкесі мен ұлы құралдарын алып, ескі ағаш еденді ауыстыра бастады.
— Мәссаған! Әке, мынаны қара!, — деп ұлы еден астынан қоңыр сөмке тауып шықты.
Үйдегілер үлкен ұлдың жанына жиналып, сөмкені ашқанша тағатсызданды. Енді ішінде не бар екені қызық қой…
Әкесі замогын ашып қалып еді, ішіндегі бума-бума сарғайған ескі ақша сыртқа шашылды да қалды. Үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей, денесі тітіркенді, біресе терледі… Ал сөмке түбінде xат жатты. Анасының жзуын бірден таныды.
Хатта:
«Балам, ағам екі жыл бұрын қайтқанда маған үйін тастап кеткен. Мен сатып, ақшасын саған және ұрпағыңа мұра етемін! Сөзімді екі етпей еденді жөндегеніңе раxмет, ұлым!
Енді жап-жаңа үй алып, аяғыңа тұра аласың! Сені жақсы көрем! Сәлеммен: анаң»,— деп жазылған.
Өкініштен өзегі өртенген әкесі анасының xатын қайта-қайта оқиды… Ал жанында жарамсыз ескі ақшалар шашылып жатты.
Бүгінгі істі ертеңге қалдырма!