Жаңалықтар

«Анашым пісірді»

Ғимаратқа кіргеніңде танауыңды тәтті иіс қытықтайды. Жаңа піскен тәттілерді алуға келген кезек – ұзын-сонар. Тұтынушылардың бірі сол жерде отырып дәм ішсе, кейбірі өзімен алып кетіп жатыр. Бұл – көріністің бер жағы. Ал, ас бөлмедегі жұмыс – қызу. Жанталас. Жұмыскердің бірі тәттілердің бірнеше түрін жасап, пешке салуда. Екіншісі – басқа түрін әзірлеу үстінде. Ал, біреуі торт пісіріп әлек… Бұл – Ботакөз НӨКЕРБЕКОВАНЫҢ «Анашым пісірді» шағын кондитерлік дүкеніндегі бір көрініс. Кәсіпкер «Бастау бизнес» жобасы аясында 555 000 теңге грант ұтып, Қарағандыда кәсібін дөңгелетіп отыр.

Былтыр «Бастау бизнес» жобасы аясында түрлі бағытта кәсіп ашу үшін 193 грант берілген. Бүгінде сол грантқа қажет құрылғыларын алып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Алғашында «грант беріледі» дегенді естіп, ойындағысын сала мамандарымен бөліскен. Мамандар бизнес жоспарына көмектесіп, онлайн оқуға шақырыпты.

– Түрлі тәттілерді анам жақсы пісіреді. Кішкентай кезімнен анамның жанында жүріп үйрендім. Сол кезден бастап «үлкен кәсіп ашсам» деген арман пайда болды. Кейін балаларыма пісіріп жүрдім. Содан таныстарым «бізге де пісіріп берші» деген соң оларға да әзірледім. Қазір, міне, сүйікті ісімді үлкен кәсіпке айналдырдым, – дейді ол.

Ботакөз – көпбалалы ана. Грант алғанға дейін үйінде отырып, тапсырыс арқылы жұмыс істеген. Грант қаржысы қолына тиген соң шағын мекеме ашып, сонда көшеді. Уақыт өте үлкен мекемеге ауысып, қасына үш көмекші алады.

– Басында өзім жалғыз шағын орыннан бастағанмын. Күннен-күнге тапсырыс көбейіп, келушілердің саны арта түсті. Содан жақындарымның қолдауымен үл­кен орынға көштік. Алғашқы кезде «грантты ала аламыз ба?» деген күдікті ойдың болғанын жасырмаймын. Алайда, мен өзіме сенімді болдым. Міне, қазір грант алып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жатырмын. Ол болмағанда үйде отырып, тапсырыс қабылдап жүретін бе едім?! – деді кәсіпкер. Ашылғанына жыл енді толса да тапсырыс берушілердің саны күн санап артып келеді. Сонымен қатар, жұмыссыз жандарды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер келешекте кәсібін ұлғайту үшін үлкен сомадағы грантқа қатысуды жоспарлап отыр.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button