Коронавирус

«Аналар өлімі COVID-19-дан емес»

Жақында ғана Мемлекет басшысы аналар арасында өлімжітімнің 2,8 есе өскенін тілге тиек еткен болатын. Осыған байланысты тиісті ведомство мен жергілікті әкімдіктерге бірқатар тапсырма да берілді. Көпшілік ойлағанындай аналар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі коронавирус емес дейді мамандар. Жүкті және жас босанған аналардағы коронавирус инфекциясы мен оны емдеу әдістері туралы облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Жарқын НҰРКЕЕВА айтып берді.

– Коронавирус жүкті әйелдерде қалай өтеді? Әдеттегі белгілерден қандай да бір айырмашылықтары бар ма?

– Жүкті және жас босанған әйелдерде коронавирус барлық адамдардағыдай өтеді. Айырмашылық емдеу әдісінде болады. Мәселен, кейінгі шыққан емдеу хаттамаларында көрсетілген вирусқа қарсы бірқатар дәрілер қолданылмайды. Себебі олар әйел мен құрсағындағы сәбиге зиянын тигізуі мүмкін. Коронавирустың жеңіл түрлерінде әйел адам амбулаторлық деңгейде емделеді. Күнделікті қал-жағдайларын өз дәрігерлеріне айтып отырады. Ал, егер созылмалы аурулары болса, асқынып кетпеуі үшін ауруханаға жатқызылады.

– Сәбиге тиюі мүмкін зиян дегеніңіз қандай? Жалпы, анасында анықталған коронавирус балаға әсер ете ме?

– Жүкті әйелде аурудың асқыну жағдайлары болса, балада түрлі деңгейдегі асфексия байқалуы мүмкін. Ондай балалар паталогия бөліміне жатқызылады. Ерте туып қалған жағайларда реанимациялық көмек көрсетіледі. Басқа зияны байқалмайды.

– Сіздерге тек жағдайы ауыр әйелдер ғана түсе ме?

– Жоқ, олай емес. Ауруы түрлі деңгейдегі әйелдер мен аналар түседі. Негізінен босану мерзімі жақын әйелдер жиірек келеді. Ондайда сағат сайын дене қызуын өлшеп, баланың жүрек қағысын тыңдайды, өкпені рентген мен КТға түсіреді, қажет жағдайда арнайы консилиум жасап, босандырып аламыз. Былтыр коронавируспен ауырған жүкті және босанған әйелдер көп болды. Оның 20-30%-ының жағдайы ауыр. Оның ішінде қайтыс болып кеткендері де бар. Бірақ, балаларды аман алып қала алдық. Негізінен өлім себебі нақты COVID19-дан емес, созылмалы аурулардан болды.

– Енді ғана туған балада коронавирус бола ма? Болса, ол қайдан жұғады?

– Жоқ, жаңа туған балада вирус болмайды. Біз туған бетте ПТР тестілеу жасаймыз, нәтижесінде ешқандай балада анықталған жоқ. Жалпы, бізде вирустың анасынан құрсақта жатқанда берілді деген жағдай тіркелмеген. Ғылыми тұрғыда бұл дәлелденген жоқ.

– Ал, кейін анасынан жұқтырса ше? Баланы қалай емдейсіздер?

– Иә, кейін жұқтыруы мүмкін. Бірақ, балаларда КВИ белгілері байқалмайды және жеңіл түрде өтеді. Тіпті, ешқандай ем қолданылмайды десе болады. Қазір ПТР тестісі расталған ана баласын жанында қалдыра алады. Ондай жағдайда балаға жұқтыру қаупі бар екені түсіндіріледі немесе келесі тестілеу қорытындысы шыққанша жаңа туған балалардың бөлімінде оқшаулауға болады. Бірақ, көп жағдайда аналар балаларын өзімен қалдырады. Әрине, қауіпсіздік шараларын жасайды. Өздеріңіз білесіздер, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар вакциналауға жатпайды. Вакциналау осы кезеңдерден өткеннен кейін жүргізіледі. Бұл категориядағы адамдарға вакциналау зерттеулері жоқ.

– Ал өзіңіз медицина қызметкері ретінде вакцина алдыңыз ба?

– Біздің перинаталдық орталық мамандарын вакциналау енді басталды. Тізімде бармын, бірақ әлі шақырған жоқ. Жалпы, бізде ерікті түрде. Бас тартқандары да бар. Онда тұрған ештеңе жоқ, ол әркімнің өз құқығы.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button