АймақБұқар жырау

Шешенқара ауылының тұрғындары қазақ тілін ұлықтады

Шешенқара ауылдық кітапханасында Қазақстан халқы тілдері күніне орай “Үйретеді кім оған ана тілін?” атты тағлымды шара өтті.

Оған ауылдағы тіл жанашырлары мен кітапхананың белсенді оқырмандары, студенттер мен мектеп оқушылары, кітапхана жанынан ашылған “Собеседник” әдеби-өлкетану үйірмесінің мүшелері, Бұқар жырау аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрдәулет Адамбаев қатысты.

Кездесу басында еліміздің Әнұраны орындалып, кітапханашы Айнагүл Айтамбетова осы шараның мақсаты жайлы айтып, оған қатысушылар мемлекеттік тіліміздің қолданысы хақындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, зейнеткер Майдаш әже Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың “Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” деген қанатты сөзін еске салып, соңғы кезде қазақ отбасылары балаларын орыс мектебіне оқуға беретініне қынжылысын білдірді. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ажар Рүстембекова бала қай тілде білім алса, сол тілге қызмет ететінін ескеріп, балаларды өз ана тілін үйреніп, қастерлеуге шақырды. Ал аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрдәулет Адамбаев қоғам тілі қазақ тілі болмайынша мемлекеттік тілдің аясы кеңеймейтінін айтты. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті Анар Адамбай балаларды қазақ тіліндегі әдеби шығармаларды, мультфильмдер мен киноларды көбірек оқып, көруге шақырып, ата-аналарға баласының әлеуметтік желіден ақпаратты қай тілде көріп, тыңдайтынын бақылауда ұстау керектігін ескертті.

Осы шараға кітапхана қызметкерлері “”Заң – замана зердесі”, “Сөздіктер мен анықтамалықтар кезеңі” атты кітап көрмесі мен “Ана тілі–арың бұл” стендін ұйымдастырып, осындағы “Собеседник” үйірмесінің мүшелері Абылай Адамбай ақын Тұманбай Молдағалиевтің ” Үйретеді кім оған ана тілін?” , ал Біржан Жетей Мұқағали Мақатаевтың “Үш бақытым” өлеңдерін қазақша мәнерлеп, жатқа оқып, жиналған қауымның ықылас-ілтипатына ие болды.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button