Руханият

Ана тілге қызмет

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай, Астана қаласы, Достық көшесі, 11-үйде орналасқан ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергеннің бастамасымен «Ауылға кітап» атты акция өткен еді. Акцияның мақсаты – бұдан біраз жыл бұрын ашылған Түркістан облысындағы кітапханалар мен өзге аймақтарда салынатын жаңа кітапханаларға қор жинау және оны байыту.

Сурет: автордын жеке мұрағатынан

Акцияға қатысушылардың қарасы өте көп болды. Астанадағы елшіліктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері және жекелеген ақын-жазушылар өз қалауымен азды-көпті кітаптарын сыйға тартты.

Мен өзім құрастырған жеті томдық кітаптың 40 данасын тапсырдым. Шара аясында Қарағанды қаласынан Астанаға осынша кітапты таксимен жеткізген еңбегімді тілге тиек еткен жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбай: «Бір машинаға 40 кітап артып әкеп берген, кітаптың құнын білетіндер осындай жандар көп болса…» деген тілегін жеткізді. Жинақтың үйде қалған бір данасын алып мен де бардым. Бірнеше журналистің сұхбат алғаны, іс-шараға қатысушылардың телефон нөмірімді сұрап алғаны көңілімді марқайтты.

Үндістанның елшісі аудармашы арқылы бізбен әңгімелесті. Т. Жұртбай оған 20 жасында-ақ үнділік ақындарды аударғанын, қазір балалары сол жақта оқып жатқанын айтты. Ал, мен «Мәдени мұра» аясында жарық көрген 100 кітаптың ішінде Марал Хасен аударған үнді классиктері Кришан Чандар мен Разипурам Нарайанның шығармалары бар екенін айттым. Елші екеумізге де есім хатын ұсынып, ізет көрсетті.

Сол жолы Ұлттық кітапханаға менің аударуыммен, Балалар жылы аясында жарық көрген жергілікті жазушы – ІТ инженер Нұрайна Сәтбаевнаның «Серебряная тамга Альки» деген әңгімелер жинағын, Алматы қаласындағы «Тентек» баспасынан шыққан және Қарағанды облыстық Тілдерді оқыту орталығының бастамасымен аударылған Гарри Грейдің «Однажды в Америке» кітаптарын сыйлап қайттым.

Бұл менің қазақ руханиятына, мәдениетіне, тілінің өркендеуіне қосқан үлесім деп санаймын. Жасым бірталайға келсе де әлі де әлемдік шығармаларды қазақ тіліне аударсам деген ойым бар. «Жақсыдан шарапат» дегендей 51 жыл отасқан жұбайым Марал Хасеннен алған сабағымды іске асыру менің өмірлік ұстанымым болып қалды. Алла қаласа, тәржімелеуді бастаған кітабым да биыл жарық көріп қалар.

Рымбала СМАИЛОВА,

Аудармашы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button