Жаңалықтар

Ана сүтін ештеңе алмастырмайды

Ана сүті – дүниеге енді келген сəбидің ағзасына сай келетін жалғыз өнім. Оның құрамында балаға қажет барлық дəрумен бар. Оны ешбір малдың сүті де, жасанды қоспа да алмастыра алмайды. Сол себепті де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тамыздың бірінші аптасын «Дүниежүзілік омырау сүтімен қоректендіру апталығы» деп жариялады. Бұл 1990 жылдан бері аталып келеді.

Бала құқықтары туралы конвенция бойынша əр нəресте жəне басқа жас топтары дұрыс тамақтануға құқылы. Ана сүтімен қоректендіру бағдарламасын аталған ұйымға мүше 170 ел қабылдаған. Оның ішінде, Қазақстан да бар.

– Əр ана дүниеге əкелген баласының дені сау болғанын қалайды. Ана сүтінің құрамында баланың қажеттілігін қамтамасыз ететін заттар бар. Атап айтқанда, баланың иммунитетін қалыптастыруға атсалысатын пребиотиктер мен пробиотиктер, балаға энергия беріп, оның миының дамуына əсер ететін ерекше майлар, лактоза, ақуыз, нуклеотидтер мен дəрумендер, минералдардан тұрады. А иммуноглобулині əсерінен барлық инфекциялық аурулардан қорғайды.

Ана сүтімен қоректенетін балалардың денсаулығы жақсырақ. Бала психикасының, интеллектінің дамуына жəне оның анасымен психикалық байланыс орнатуына əсер етеді, – дейді Қарағанды қаласының №1 перинаталдық орталығының неонатолог дəрігері Жанар Оразбаева.

Дəрігердің айтуынша, ана сүтімен қоректендіру балаға ғана емес, əйел адамның өзіне де пайдалы.

– Бала емізетін əйелдерде сүт безі мен аналық без қатерлі ісігі, қант диабеті, артериалды гипертензиямен сырқаттану қаупі төмен болады. Омырау сүтімен қоректендіру ананың баламен эмоционалды байланысын күшейтеді, күйзеліс деңгейін төмендетеді, – дейді Жанар Абайқызы.

Маман бұл экономикалық жағынан да тиімді екенін алға тартты.

Ел арасында бала емізетін аналарға «екі адам үшін» тамақтану керек екені жиі айтылады. Дəрігер бұл дұрыс емес дейді.

– Бала емізетін анаға түрлі көкөністер, ет пен балық түрлерін, дəнді-дақыл өнімдерін, жаңғақтар жеген жөн. Жоғары аллергенді заттарды азайту қажет, бірақ бұл оларды мүлде жемеу керек деген сөз емес. Кей тағамдар ішекте ашуы мүмкін. Олардың қатарында тəтті нан өнімдері, йогурттар, жүзім мен газды сусындар бар. Сонымен қатар, ана сүтінің дəмін өзгертетін азық-түлік бар. Мысалы, қырыққабат, пияз, сарымсақ, шалғам сияқты көкөністер сүтке қышқыл дəм береді. Мұндай жағдайда бала емуден бас тартуы мүмкін, – дейді ол.

Кейде жас анаға сүтті шай ішу, жаңғақ жеуді, түрлі препарат ішуді ұсынатындар бар. Дегенмен, бұлардың ешқайсының тиімділігі дəлелденбегенін ескерген жөн. Сүтті көбейтудің жалғыз жолы – баланы жиі емізу жəне дұрыс тамақтану.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тек ана сүтімен тамақтанатын балалардың үлесі 37,8 пайызды құрайды. Баланы бір жасқа дейін емізетіндер 59,8 пайыз болса, екі жасқа дейінгілердің үлесі – 21,1 пайыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, баланы 2 жасқа дейін емізген жөн. Алайда, бұл бала екіге келгенше тек ана сүтімен тамақтануы керек дегенді білдірмейді. 6 айынан бастап, баланы қосымша тамақтандыруды бастау керек.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button