Жаңалықтар

Ана – өмірдің гүлі

Ұрпағына жарқын жолын көрсететін, бесігін түзейтін, ұлттың тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін жан-санаға сіңіретін, тәрбиенің бастауы болған аналардың қоғамдағы рөлі ерекше.

Көктем мерекесі ананың аялы алақанындай жанға шуақ, көңілге қуаныш, жүрекке жылу ұялатады!
Қар көбесі сөгіліп, қылтиып бәйшешек бой көтергенде көктемнің алғашқы хабаршысындай, әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен ізгіліктің жаршысындай болып, ақ жаулықты әжелеріміздің, ардақты аналарымыздың, аяулы апа-қарындастарымыздың мерекесі табиғаттың жаңаруымен бірге келеді.
Бұл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі!
Бұл күн – отбасының берекесі, шаңырақтың ұйытқысы бола білген абзал аналардың мерейлі мерекесі. Аналардың әрбір ұлағатты жолдары, асыл қасиеттері үлгі-­өнеге, тәлім-тәрбие. Тал бойына қылығы жарасқан, көркіне көз тоярлық, ажарына ақылы сай, нәзік те биязы, көрікті де келбетті, ибалы да инабатты қазақ қыздарының үлгі тұтары да, ол – Ана!
Біздің қазіргі қоғамда әйелдер тек отбасының ынтымағын сақтайтын, бірлігін ойлайтын жан ғана емес, мемлекеттегі саяси мәселелерге белсене араласатын қайраткер де бола алып жүр.
Сондықтан, біздің елімізде әйелдердің әлеуметтік қорғалуы аса маңызға ие болып келеді.
Ана – тіршіліктің қайнар көзі.
Расында, қазақ әйелі әлімсақтан ерлермен бірге елін қорғаған, ерліктің үлгісін көрсеткен.
Ана – қастерлі ұғым. Бала бақыты да – ана! Ана – өмірімнің гүлі, көңілімнің нұры!
Әрбір сынаулы сәттерімде мен ерте дүние салған анамды сағынамын.
Өйткені, ананың қолдауына, қорғауына ешбір дүниені теңестіре де алмайсың. Бұл өмірде ананың балаға деген мейірімі мен махаббатынан асқан құдірет жоқ.
Еліміз жүріп өткен небір қиын жолдардан, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ананың құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әспеттеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.
«Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы сөз бар. Дегенмен, батырды да, ақынды да, дараны да, дананы да дүниеге әкеліп, ұрпағын өсірген, өрендерімен өркендеген аналарымыз­ды қадірлеу, құрметтеу – ұрпақтың парызы екені хақ.

Ербол БАЗАРБЕКОВ,
құқық магистрі,
Шет аудандық сотының судьясы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button