Қамсыздық қапы қалдырады
Өткен жылдың 15 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздеген жаңа заңның мақсаты – отбасы институтын нығайтып қана қоймай, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бірақ, заң күшейгенімен, қылмыс, атап айтқанда, балаға қатысты жасалатын азғындық әрекеттер азайған жоқ. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, дұрыс сөйлеуді әу бастан негізгі ұстанымы еткен қазақ үшін көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамасаң да, атын атап, түсін түстеудің өзіне жүрегің шайлығатын қылмыс жайлы айтпасқа шара жоқ. Себебі, өткен жылы облыста жасөспірімдердің жыныстық қолсұғылмаушылығына қатысты 74 қылмыстық іс тіркелген. Айналасына бейкүнә көзбен қарап, өмірді енді бастаған 74 періштенің өмірі үлкендер тарапынан жасалатын осындай азғындық әрекеттен кейін қалай болатыны – беймәлім. Ал, осы 74 баланың біреуі – ел шетіне жау келсе, қолына қару алады дейтін ер бала. Біздің білетініміз – бір тоғыз болса, білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Психикасы қатаймағандықтан, азғындық жасаған адамнан қорқып, айтудан жасырған баланы, «Ел не дейді?» деп, бауыр еті баласының болашағын емес, жалған намысты ойлайтын ата-аналарды қосқанда, бұл көрсеткіштің неше есе ұлғаятынын өзіңіз де бағамдай беріңіз.

«Жау алыстан келмейді»
Қарағанды облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Әсел Омарова дәл осылай дейді. Себебі, баланың жыныстық қолсұғылмаушылығына қатысты қылмыстарды жасайтындар көп жағдайда таныс ер адамдар немесе баланың өзінің жақындары.
– Өткен жылы облыс бойынша жасөспірімдердің жыныстық қолсұғылмаушылығына қатысты 74 қылмыстық іс тіркелді. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 19,6 пайызға төмен. Атап айтсақ, 2023 жылы азғындық әрекеттер бойынша 92 іс тіркелген болатын, – дейді Әсел Бақытжанқызы.
Полиция подполковнигінің айтуынша, аталған қылмыс Қылмыстық кодекстің 120-124 баптары бойынша сараланады. Бұл ретте, ең ауыр жаза ретінде өмір бойынан бас бостандығынан айыру көзделген. Бірақ, соған қарамастан, балаға қатысты азғындық әрекет тыйылар емес.
Одан бөлек, дәл осындай қылмыстардың жасалуына әлеуметтік желінің де әсері жоқ емес. Жасөспірімнің өтпелі кезеңдегі аумалы-төкпелі мінезін пайдаланған қылмыскерлер интернет арқылы танысып, кездесуге шақырады. Болмаса, жалданған пәтерге өз еркімен барған қыз бала өмірінің көктей солатынын біле бермейді. Бұл ретте, интернет желісі арқылы жыныстық сипаттағы тиісу үшін де қылмыстық жауапкершілік бар екенін айту керек.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа заң бойынша алғаш рет 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы тиісу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұл әрекет үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін түзету жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару, не белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
– 16 жасқа толмағандарға қатысты азғындық әрекеттер жасағаны үшін де жауапкершілік белгіленді. Заң қабылданғанға дейін мұндай жауапкершілік тек 14 жасқа толмағандар үшін ғана қарастырылған болатын. Кәмелетке толмағандарды өлтіргені, зорлағаны, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең ауыр жаза қарастырылған, – дейді Әсел Омарова.
Балаға келгенде қателесуге жол жоқ
Әлбетте, балаға қатыстының барлығы – шетін нәрсе. Сәйкесінше, оның жүрегіне қаяу салатын кез келген дүние адамның да, қоғамның да назарынан тыс қалмауы тиіс. Себебі, бала – мемлекеттің болашағы, басты байлығы. Демек, әр қадамды ойластырып, бала қауіпсіздігіне қатысты мемлекет тарапынан қолға алынатын әр іске салқынқандылықпен қарау да ата-ананың тікелей міндеті болса керек.
Айтпағымыз, осыдан біраз жыл бұрын, яғни, 2020 жылғы 23 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда мақұлдаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе заң жобасы туралы. Сол кезде бірқатар белсенділер үндеу жариялап, әйелдер митингке шығып кеткен болатын. Тіпті, халық арасында заң жобасына қарсы қол жиналды. Бұған себеп қолданысқа енбеген заң жобасының кейбір баптары мен тармақтары.
Құжатта отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психологиялық, физикалық түрі бар деп көрсетілген болатын сол кезде. Нақты айтар болсақ, ата- ана баласына ұрысса – психологиялық, қол көтерсе – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмаса – экономикалық қысым көрсеткен болады. Бір жағынан, заңды құрастырғандар бөтен біреудің емес, баланың жайын ойлап, осындай шешім қабылдаған болар, бәлкім. Бірақ, қоғам заң жобасын кері түсініп, жағаларын ұстады.
Алайда, осы айтылғандардың барлығы күнделікті өмірде қажет нәрселер. Мәселен, Қарағанды облысы білім басқармасының психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің әлеуметтік педагогы Қымбат Жұмашева әр бала сынып жетекшісінің, қала берді мектеп психологының назарында екенін айтады. Егер, әлеуметтік осал топқа жататын оқушының мінез-құлқы өзгеріп, болмаса, денесінде көгеру іздері болса, жедел түрде әрекет ететіндерін айтады. Мұндағы басты міндет – тұрғын үй-тұрмыстық жағдайының акті жасалып, тиісті орындарға хабарлануы.
– Тұрғын үй-тұрмыстық жағдайының акті жасалған кезде ең алдымен баланың өзінің жеке кеңістігі болуына назар аударамыз. Атап айтқанда, сабақ оқитын орнының, киім-кешегін салатын жеке сөресінің болғаны жөн. Содан кейін, жататын орны бар ма, жоқ па, соны қараймыз. Әрине, ер бала мен қыз бала үшін жеке-жеке бөлме болғаны дұрыс. Бірақ, көп жағдайда көпбалалы отбасылар бірнеше баламен бір немесе екі бөлмелі пәтер жалдап тұрады. Мұндай жағдайда жынысы бөлек балалар жеке бөлмеде болуы керек деп талап етудің өзі орынсыз. Дегенмен, баланың психологиялық, физикалық, экономикалық жағынан толыққанды болғаны дұрыс. Дұрыстығы өз алдына, бұның барлығын қамтамасыз ету – ата-ананың тікелей міндеті, – дейді Қымбат Егінбайқызы.
Сол кездегі Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина заң жобасының мақсатын да айтқан болатын. Ол отбасылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. «Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр» деген ол үрей туғызудың қажеті жоқ екенін айтқан еді. Бірақ, өкініштісі сол, заң жобасы сол беті қабылданбай қалды. Ал, салдары өздеріңізге мәлім. Өткен жылдың өзінде ғана кіршіксіз көңілдеріне жазылмас жара салынған 74 тағдыр. Оған дейінгісі қаншама.
…Кей кездерде баланы ата-ананың өзінен қорғайтын жағдайлардың да болатыны өкінішті. Сондай кезде баланың мүддесі үшін жасалған заң жобасы қабылданар болса, оған азғындық жасаушылар да аяғын тартар ма еді деген ой келеді. Себебі, отбасында жылулық көрмеген баланың оны сырттан іздеп, өзгенің алдап-арбауына жылдам түсетіні бар емес пе?! Ендігі үміт – 2024 жылғы 15 сәуірдегі қабылданған заңда. Облыста бір жылда балаға қатысты жасалған азғындық әрекет 20 пайызға азайған.
Адам қолымен жасалған азғындық
Жалпы, ер бала қыз балаға қарағанда физикалық тұрғыда мықты болғанымен, психикасы әлсіздеу болады деген пікір қалыптасқан қоғамда. Бірақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі Салтанат Исина екеуінің сырты физикалық ерекшеліктері ғана болмаса, психикасында айтарлықтай өзгешеліктер жоқ екенін айтады.
Жалпы, ер балаға қиындықты өз еркімен жеңуге нұсқау беріліп, қыз баланың көмек сұрауға немесе эмоциясын білдіруге мүмкіндік берілетінін жоққа шығармаймыз. Өз проблемасымен жалғыз қалған баланың, әлбетте, одан қалай шығатынын тағы да дөп басып айта алмаймыз. Осыдан келіп, адамның бойында түрлі психологиялық ауытқулар пайда болады дейді дәрігер мамандар. Айтқымыз келгені, азғындық әрекетке ұшыраған балаларға қатысты.
АҚШ президенті Дональд Трамп өзі әкімшілік етіп тұрғанда Америкада тек екі жыныс ресми түрде танылатынын айтты. Ол – ерлер мен әйелдер. Turning Points AmericaFest 2024 іс-шарасында осындай мәлімдеме жасаған оның сөздерін қатысушылар да қолдап, қол соққанын білеміз. Дональд Трамптың бұл мәлімдемесінен Америка бұдан былай жынысын өзгертетіндерге, яғни, трансгендерлерге деген көзқарасты өзгертетінін көруге болады.
Ал, Қазақстанда жынысын өзгертуге тыйым салынбаған. Статистикалық деректер жылына кемі жеті адам жынысын өзгерту үшін операциядан өтетінін көрсетеді. Облыстық психикалық саулық орталығы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Ибраев трансгендерліктің себептері әлі күнге дейін толық зерттелмегенін айтады.
– Зерттеушілер гендерлік сәйкестіктің қалыптасуына әсер ететін бірнеше факторларды көрсетеді. Оның ішінде, баланың құрсақта жатқандағы гормоналды әсер, генетика, мидағы құрылымдық ерекшеліктермен қатар, психологиялық және әлеуметтік факторлар да маңызды. Трансгендерлік – күрделі құбылыс. Ол ауру емес, адамның жеке басының табиғи өзгерістерінің бірі, – дейді Азамат Қайсарұлы.
Дәрігер отбасындағы жағдайдың, болмаса бала күнде алған психологиялық жарақаттың гендерлік сәйкестікке әсері болатынын айтады. Мәселен, жасөспірім кезде үлкендер тарапынан азғындық әрекетке ұшыраған ер баланың бойында өзінің жынысына деген жеккөрушілік сезімі пайда бола бастайды. Осы кезде жақындары тарапынан психикалық жарақаттың салдарын жеңілдетуге қолдау болса, онда басынан өткен жағдайды қабылдап, әрі қарай өмір сүруге мүмкіндік алады. Ал, олай болмаған жағдайда, гендерлік дисфорияға ұшыраған бала кәмелет жасына жеткенде, жынысын өзгертуге шешім қабылдайды.
– Бұл – психикалық ауру емес. Медициналық көмек тек ыңғайсыздықты сезінетін және жынысын өзгерткісі келетіндерге қажет болуы мүмкін. Психотерапияға келген адамнан ойын өзгертуді талап ете алмаймыз. Керісінше, көмек көрсетіп, өзін жайлы сезінуге көмектесеміз, – дейді Азамат Ибраев.
Табиғаттың жаратылысына қарсы шығып, әуел бастағы қалпын өзгерткісі келгендердің кез келгені мұндай шешімге келуіне жас кездерінде көрген жыныстық зорлық-зомбылық екенін жоққа шығармайды. Демек, бұл – адамның қолымен жасалған азғындықтың салдары.
Өмірде бәрі өзгермелі. Кез келген дүниенің бір кезде пайда болып, кейін жойылатынын жоққа шығармаймыз. Ол – заңдылық. Бұл күнде патриархат та, матриархат та келмеске кеткен. ХХ ғасырда бұрқ етіп басталып, ХХІ ғасырда өзектілігін жоғалтқан феминизм де ұмытыла бастады.
Мүмкін, әр балаға жауапкершілікпен қарап, қазақы тәрбиені де жоғалтпай, бала қауіпсіздігі үшін заманның өзгеруіне қарай қабылданатын жаңашылдықтарға да тосырқай қарамаған кезде біз де трансгендерлік дегеннің не екенін тарихтан ғана білетін болармыз. Ол – болашақтың еншісінде. Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздеу керек шығар, бәлкім…
Өмірден өз орнын іздеп жүрген әр баланың жолын ересектер тарапынан жасалатын азғындықпен құртып алмауға қоғам болып атсалысқанда ғана бір нәтижеге жетуге болады.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»