Қамсыз қазақты қансыз қыру
Қырық жыл қырғын қылған Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент Н.НАЗАРБАЕВ пен ақын О.СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ еңбегі ерен. Осы орайда, режиссер Ахат ИБРАЕВТЫҢ 6 бөлімнен тұратын «Полигон» телесериалы қазақ тарихының тұралау тұсын бүкпесіз суреттейді.
Картинаның жалпы сюжетін айтпағанда жай ғана басталуының өзі көрермен санасына үлкен әсер қалдырады.
Ұлан-ғайыр атырап. Жылқысы жусап, қой-сиыры күйсеген, ынтымағы айрандай ұйыған алақандай ауылдың көрінісімен басталады. Сабыржан – аудандық ауруханада қарапайым дәрігер. Тұрағы айына сынақ салдарынан сілкініп тұратын Семейдің бір ауылы. Әлқиссаның әр сәті мозайкадай. «Бір үзіндісін үзіп алсаң түсінбей қалам ба?» деп бар ынтамен ентелей көрер ерекше туынды. Режиссер қазақтың қабырғасын өтпейтін қанжармен сөккендігін әсерлі жеткізген.
Еш алаңсыз жатқан ауылға келіп, «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!» деп, сынақтың өтетіндігін хабарлаған орыс офицерінің бейнесі жиіркенішті, яғни, әсерлі сомдалған рөл. Менсінбей мұрын шүйіре қарап «Осылардың-ақ ауы мен бауы бітпейді, тезірек қимылдаңдар» деген қабақ шытысы, тіпті әсерлі.
Әуе ашық, күн жарықта қолымен жасалған қырғынның кесірі тиген аудан ауруханасында азық-түлік пен дәрі тапшы. Жар ашпаған дәрігерлерге қайтпек керек? Тек, Мәскеуден бұйрық алып, құлқын ойлап құл болған бас дәрігер Советаевичтің әрекеттері көрермен жүрегіндегі ыза мен кекті қайта тудырғандай ма, қалай? Аптасына азық-түлік пен дәріге лық толып келген жүк пойыздарының түгелі Курчатовтағы әскерилерге жіберілуде. Наразылық танытып, бас көтергеннің ісі КГБ-мен. Тіпті, ел басында жүрген басшының да соңына адам салған, тың тыңдап, тұзақ құрған заман.
Олжас Сүлейменовтің қайта қарқындауы, Кешірім Бозтаевтың көлеңкелі саясатты кеш ұғуы, Н.Назарбаевтың алдын ала қамданып істі өз қолына алуы, ел мен жерді зар илетіп, запыран құстырған аждаһаны ауыздықтағаны бейне кеше ғана өткендей көз алдыңа келгенін қараңыз. 86-ның сұрапылы қайта жаңғырып, студент жолдастардың көтеріле жаздауын астарлай беруі – бәрі-бәрі туындыны толықтырып тұр. Не десек те, жарасады. Тарихты тұғыр еткен әр қазақстандық көруге тұратын сериал бұл.
Өз тілшімізден.