Қамкөңіл жанға көмек
Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, тұрмыста теперіш көріп жүрген әйелдер мен балалар жеткілікті. Мұндай жандарға көмек көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясы Саран қалалық филиалы, Саран қаласының ішкі саясат бөлімі мен Саран қалалық жергілікті полиция қызметінің қолдауымен «Мир добра» қоғамдық бірлестігі «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясына ұйытқы болды.
Акция барысында қалалық Мәдениет үйінің алаңында студенттер флешмобы ұйымдастырылды. Тақырыпқа сай түрлі плакаттар көтерген шараға қатысушылар «Қазақстандағы отбасылық құндылықтарға – ИӘ!», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деп ұрандатты. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мен студенттер қала көшелерін аралап, қала тұрғындарына, нәзік жандыларға күш қолдану мен оның алдын алу және баланы қорғау мәселелері туралы парақшалар таратты. Парақшаларды алған кейбір қала тұрғындары «Мир добра» қоғамдық бірлестігінің басшысы Т.Абрамоваға түрлі сауалдарын қойып жатты.
Т.Абрамованың айтуынша, іс-шара аясында әйелдер мен балалардың құқықтарының қорғалуы толық қамтамасыз етілмек.
– Бұл орайда «Мир добра» қоғамдық бірлестігі кәмелеттік жасқа толмағандар ісімен айналысатын инспекторлармен, учаскелік полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқаруда. Біз келіп түскен арыз-шағымдарды жіті тексеріп, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық көрсеткен тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қолданамыз, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, зәбір шеккен отбасы мүшелеріне және жекелеген азаматтарға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетеміз, – деді Т.Абрамова.
Қай халық болмасын, әйел затына ықыласпен қараған, ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелеткен. Ер-азаматтың тірегі – әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қамкөңілге жұбаныш бола білген. Ер-азаматтарымызға «отбасының ұйытқысы, берекесі, қамқоршысы әйел затын аялайық» дегіміз келеді. Ал, әйел азаматшаларға айтарымыз «сіздер, бұдан да жақсы өмір сүруге, бақытты ана, сүйікті жар болуға лайықтысыздар. Егер, құқықтық психологиялық көмекті қажет етсеңіздер, қамығып іштен тынбай, құқық қорғау органдарына жүгініңіздер» демекпіз.
Нұрбану
БАЙМҰХАМБЕТОВА.
САРАН қаласы.