Қамданбасақ, қапы қалдырар қауіп бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде тасқын апаттарының алдын алу жұмыстарындағы олқылықтарды жоюдан бастап, су шаруашылығы мамандарының жетіспеушілігі мен табиғатқа немқұрайлы қарау мәселелеріне дейін көптеген түйткілдерді шешу қажеттігіне мән берді. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп, зардап шеккен аймақтарда құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылауда ұстауға тиістігін қадап айтты. Ал, көктем қыр астында. Облыста оқыстан дүрбелең тудырарлық су тасқынының қаупі айтарлықтай өзекті сипатқа ие болып отыр. Мәселен, өңірде 150-дей елдімекенге тасқын судан қауіп бар. Қардың қалыңдығы мен жердегі тоңның 30 сантиметрге жетуі жағдайды күрделендіруде. Күн күрт жылыған жағдайда су тасқыны қаупі артуы мүмкін…

Жағдайы неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырамын. Олар ахуал түзелгенше сол жерде болады. Ақпараттық штаб азаматтарды мемлекет қабылдап жатқан барлық шаралар жөнінде үздіксіз және жан-жақты хабардар етіп отыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған орай, облыста елдімекендерді су тасқынынан қорғау үшін 180-ге жуық іс-шара орындалды. Бірінші наурыздан бастап, жағдайды бақылау үшін жоғары дайындық режимі енгізіледі. Есіңізге салайық, бертіндегі жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновпен және Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы Марғұлан Аманбаевпен бірге өңірдің қауіпті учаскелерін аралап шықты. Бұқар жырау, Шет және Абай аудандарының елдімекендері, Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің арналары, Самарқанд және Шерубай-Нұра су қоймалары жете тексерілді. Аталған мәселе облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың бақылауында. Аймақ басшысы осы түйткілді кез келген келелі жиында құзыретті мекемелер өкілдеріне тиісті тапсырма жүктеп келеді. Өңірде су тасқыны қаупі жоқ емес. Тиісті органдар алдын алу шараларын жүзеге асыруда. Алайда, табиғи факторлар мен климаттық өзгерістер жағдайды күрделендіруде. Сондықтан, тұрғындар мен жергілікті билік бірлесе отырып, су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін тиімді әрекет етуі қажеттігі қылаңытады.
Сарапшылардың пікірінше, су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар қажет. Облыста 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен дуалдар тұрғызылып, өзен арналарының 18 шақырымнан астам қауіпті учаскелеріне санация жүргізілді. Сондай-ақ, 26 шақырым дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Дегенмен, бұл шаралар жеткіліксіз болуы кәдік. Былтыр өңірде су тасқынының екінші толқыны болжанып, жағдай күрделі деп бағаланған. Нұра және Осакаров аудандарының аумақтарының 40%-ында, сондай-ақ, Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімегендіктен, су тасқынының қаупі сақталуда. Осыған байланысты, төтенше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қорғау қызметінің қосымша күштері мен құралдары жұмылдырылды. Бұл шаралар су тасқынының салдарын азайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған уағында.
Қош, сонымен көршілес өңірлерде жағдай қандай? Үңіліп көрелік. Жылма-жыл кесе көлденең келетін табиғат түйткілі биылғы ахуалдың ушығуына қалың түскен қар, тоң қабатының тереңдігі және климаттық өзгерістер әсер етуде. Өңірде алдын алу шаралары жүргізілгенімен, олардың тиімділігі көктемгі еріген судың көлеміне тікелей тәуелді болмақ. Еліміздің өзге өңірлерімен салыстыра отыралық. Мәселен, Ақмола облысында 2023 жылғы су тасқынынан кейін қорғаныс бөгеттерін нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Өзен арналары кеңейтіліп, су өткізу қабілеті жоғары құбырлар орнатылды. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында да алдын ала су реттеу шаралары жүзеге асырылып, стратегиялық маңызы бар су қоймаларының деңгейі жіті бақылауға алынды. Павлодар облысында дренаж жүйелерін тазарту және арналарды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірімізде де қызыл суға қарсы кешенді іс-шаралар қолға алынғанымен, сарапшылар аймақтағы қорғаныс инфрақұрылымының әлі де әлсіз екенін алға тартады. Өзен арналарын тереңдету, су бұру жүйелерін кеңейту, қарды уақытылы шығару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Бұдан бөлек, көршілес өңірлердегі тәжірибені ескеріп, жергілікті халықты тасқын қаупі туралы ақпараттандыру және эвакуациялық жоспарларды нақтылау маңызды.
– Су тасқыны қаупінің артуы – тек жауын-шашын мөлшеріне ғана емес, климаттың өзгеруіне байланысты факторлармен де тығыз байланысты. Соңғы жылдары Қазақстанның орталық және солтүстік өңірлерінде қардың түсу көлемі мен тоң қабатының тереңдігі артқаны байқалады. Бұл құбылыс жаһандық жылыну салдарынан өзгеріске ұшыраған маусымдық ауа температурасының ауытқуына байланысты. Қардың күрт еруі мен жердің тоң қабатының әлі де қатты болуы судың сіңуіне мүмкіндік бермей, оның жиналуына және арнасынан асуына әкеледі. Су тасқыны қаупін азайту үшін кешенді шаралар қажет. Бұл – өзен арналарының кеңейтілуі, дренаж жүйелерін жетілдіру, стратегиялық су қоймаларының деңгейін бақылау және дер кезінде су бұру жұмыстарын жүргізу. Көршілес облыстардың тәжірибесіне сүйеніп, заманауи су реттеу технологияларын енгізу – төтенше жағдайдың алдын алуға үлкен септігін тигізбек. Сонымен қатар, жергілікті халықты алдын алу шараларына белсенді түрде тарту, оларды ақпараттандыру және қауіпті аудандардан дер кезінде эвакуациялау жоспарларын нақтылау да аса маңызды, – дейді климатолог маман Еркін Төлеубаев.
Облыста су тасқынының алдын алу бойынша белсенді қадамдар жасалғанымен, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет сынды. Табиғаттың тосын мінезіне дайын болу – халықтың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымның тұрақтылығын сақтаудың басты кепілі. Сондықтан, өңірлік билік көрші облыстардың тиімді тәжірибесін зерделеп, нақты әрі жүйелі шешімдер қабылдауға ден қойғаны абзал.
Әрине, Үкімет тарабы да үнсіз отырған жоқ. Тасқынға тосқын ретінде космомониторинг жүйесі арқылы бірнеше маңызды қадамдардың жасалғанын айтпай өтпеске тағы болмас. Бір мысал, су тасқынын болжау және модельдеу жүйесі Tasqyn өндірістік пайдалануға енгізілгендігі хақында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз өкілдері ресми негізде ақпарат айдынына ақпарат жолдағаны кеше ғана. Оның үстіне жасанды интеллектінің алға тартар «ақылы» да жоқ емес.
Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру – адамның ғасырлар бойы үйреніп келе жатқан сынағы. Су тасқынының қаупі – тек бүгінгі күннің мәселесі емес, ол өткеннен қалған сабақ. Өзен арнасынан асып, жер бетін шайып өткен топан су – адамзаттың сабырын сынайтын, бірлігін бекемдейтін, ортақ жауапкершілікке шақыратын табиғи құбылыс. Бірақ ең бастысы – әр сәтке дайындық, қауіптің алдын алу. Су тасқыны – жай апат емес, ол өмірді қайта түлетуге, табиғатпен үндесе әрекет етуге үйрететін сабақ. Бізге керегі – дабыл қағылғанда дағдарып қалмау, тосын жағдайға тастүйін дайын болу.
Ел басына күн туған сәтте халқымыздың бірлігі мен ауызбіршілігі бар сынақты жеңген. Табиғаттың тосын мінезі қаншалықты қатал болса да, адамзаттың өзара жанашырлығы мен ынтымағы одан да қуатты. Бізге сын сағатында жұдырықтай жұмылып, бір-бірімізге демеу болу – маңызды міндет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтсақ, «Бір ел, бір халық болып жұмылып, бұл апатты еңсереміз. Бұл біздің қолымыздан келеді».
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»