Көктемгі күннің жылуы қарды жібітіп, өзен-көлдердің деңгейі көтеріле бастаған шақта Шет ауданында жауапты кезең басталды. Табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл қою үшін аудан әкімі Мұхит Мұхтаров су тасқыны қаупі бар елдімекендерді аралап, дайындық жұмыстарын тікелей бақылауға алды. Аудан басшысының айтуынша, басты мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу.

– Біз көктемгі су тасқынына бейжай қарамаймыз. Әрбір елдімекен біздің тұрақты бақылауымызда. Былтыр зардап шеккен ауылдарда қорғаныс дамбалары толық қалпына келтірілді. Биылғы міндет – сол тәжірибені ескере отырып, қауіптің алдын алу, – деді аудан әкімі Мұхит Мұхтаров.
Бүгінде ауданда ауқымды жұмыстар атқарылған. Былтыр зардап шеккен 11 елдімекенде қорғаныс дамбалары қайта жаңғыртылып, сенімді қорғаныс жүйесі қалыптастырылды. Ал, Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Шопа, Дәрия ауылдарында су өткізу жүйелері жаңартылып, табиғи ағын судың еркін өтуіне жағдай жасалды. Қыс бойы жиналған қар да дер кезінде шығарылып, қауіптің алдын алуға ықпал етті. Жалпы көлемі 32 мың текше метрден асатын қар елдімекендерден сыртқа тасылды. Сонымен қатар, 33 шақырым арық аршылып, 770-тен астам су өткізу құбыры тазартылды.
Дайындық тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Бүгінде 400-ден астам маман мен 300-ге жуық арнайы техника кез келген жағдайға әзір тұр. Қажетті қор да жасақталған: 3 430 тонна инертті материал мен 32 800-ге жуық қап дайын.
– Біз тек бүгінгі жағдаймен шектелмейміз. Әрбір тәуекелді есепке алып, барлық күшті жұмылдырдық. Көктемгі су тасқыны аяқталғанша жағдайды толық бақылауда ұстап, жедел әрекет етеміз, – деп атап өтті Мұхит Мұхтаров.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы



