Жаңалықтар

AMANAT: “Ерекше” балаларға көмек

Қарағандыда Балаларды қорғау күніне орай AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалының коворкинг-орталығында облыстық мәслихат депутаттары Қазақстан халқына паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының өкілдерімен бірге «ерекше» бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады. Және балалар мен ата-аналары үшін ойын-сауық бағдарламасын арнайы ұйымдастырды.

Қазақстан халқына паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының бастамасы бойынша Қарағандыда қауымдастықтың филиалы ашылды. Ол Әлиханов көшесі, №20 үй мекенжайы бойынша орналасқан.

Көп жыл бұрын Алматы облысында ең алғашқы балаларға паллиативтік көмек көрсету орталығы ашылған еді. Ол ауыр сырқаты бар балаларға және олардың жақындарына қолдау көрсете отырып, науқас сәбилермен жұмыс істейді. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің белсенді қатысуымен жол картасы әзірленуде. Екі қауымдастық – паллиативтік көмек және балаларға паллиативтік көмек қауымдастықтары жобаға белсенді қатысады. Сондай-ақ, әзірлік жұмыстарына Global success of People ҮЕҰ белсенді атсалысуда. Жақын арада түрлі ауыр сырқаттары бар балаларға көмек көрсету жөніндегі жол картасы бекітілетін болады.

Облыстық мәслихат депутаттары – Қадиша Оспанова, Талғат Өтебаев, Ғабдолла Дүйсенбаев, Сүйіндік Асан және Арман Қалықов бұл жобаны қолдап қана қоймай, Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысында паллиативтік көмекті дамытуға белсенді атсалысуда.

Филиалдың ашылуына педиатрлар, реабилитологтар, неонато логтар, психологтар, онкологтар және бағдарламаны әзірлеуге қатысатын жас дәрігерлер шақырылды. Олармен оқыту өткізілді: «ерекше» балалардың ата-аналарымен қалай жұмыс істеу керек, отбасына психологиялық көмекті қалай көрсету керек. Сондай-ақ, «Домики – я с тобой» балаларға паллиативтік көмек көрсету орталығының жұмысы туралы айтылды. Орталықтың міндеті – қолдау көрсету, ауырсынуға қарсы терапия, білікті мейірбикелік күтім, науқастар мен туыстарға психологиялық қолдау көрсету.

«Қарағанды ақпейілділер клубының» жетекшісі, Қарағанды мәслихатының депутаты Зара Шалабаева көптеген жылдар бойы еріктілермен бірге ауру балалардың проблемасын шешумен айналысып келе жатқанын атап өтті. Енді филиалдың ашылуы жұмысты жеңілдетеді.

Балалар паллиативінің жол картасын әзірлеуге Зәуре Бейісова, Әлия Қадырәлиева, Гүлнар Кунирова, Нағима Плохих және басқа да бейжай емес адамдар белсенді қатысты. Паллиативтік көмек қауымдастығының және Қазақстанның балаларға паллиативтік көмек қауымдастығының, сондай-ақ, осы бастамаға қосылған сарапшылардың – дәрігерлердің, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, еріктілердің арқасында көмек нақты болады.

Депутаттар өз құттықтауларында «ерекше» балалардың аналары мен әкелеріне алғыс білдіріп, орталықтарды одан әрі дамыту, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу жұмыстарын күшейту және «ерекше» балалардың ата-аналарын қолдауға дайын болу қажеттігін атап өтті.

Бүгінгі таңда бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үлкен жұмыс атқаруда. Ал, Қарағандыдағы балаларға паллиативтік көмек көрсету қауымдастығының бірінші филиалы осы әлеуметтік міндетті шешу үшін үздік дәрігерлерді ұсынады. Өңірде барлық паллиативтік палаталар тексеріліп, барлық қажетті көмек көрсетіледі.

«Балалар паллиативімен айналысатындардың басты міндеті – ауруға байланысты өмір сүру мерзімі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау, олардың қажеттіліктерін анықтау және барлық кезеңдерде қолдау. Бұл үлкен міндет және біз оны орындаймыз», – дейді қауымдастық өкілдері.

Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button