Аманат арқалаған арыс еді
Есімі еленбей жүрген ерлер бар. Ұстарасы тайып кетсе, бас қиған дүрбелең уақытта да мынау қасиетті халықтың алдында қарызын өтеуге жанын салған ерлерімізді дәріптей алмай жүрміз. Солардың бірі – ақын, «Елін сүйген ерлердің» басын қосқан «ЕСЕП» партиясының белді өкілі Бүркіт Ысқақұлы. Осы тұлғаның өткен өмір жолына мойын бұрсаңыз, Отанға қызмет етудің жарқын һәм озық үлгісін көресіз. Алаш деп майдан кешкен Әлихан, Мағжан, Міржақып, Ахмет секілді ұлттың асыл перзенттері репрессия құрығына ілінгеннен кейін қазақтың күні батқандай көрінген еді бір кезеңде. Жоқ, батқан жоқ. Аруақтан аманат алған, тегіне тартқан ұл тудырмаса, халық боламыз ба?! Азаттық үшін бел буып күреске түскен қазақтың бір баһадүрі Бүркіт Ысқақұлы еді. Есіл ердің биыл 100 жылдығы. Осыған орай ақынның туған топырағы Нұрада белгілі әдебиеттанушы және тарихшы ғалымдар бас қосып, ауқымды конференция өткізді. Конференцияда ұлт тарихына және сол ұлттың қызметіне жараған Бүркіт Ысқақұлының ғибратты ғұмырына ғалымдар ой дүрбісін салды.
Конференцияның алдында аудан орталығындағы Бүркіт Ысқақұлы атындағы кітапхананың қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Шараға жиналған зиялы қауым гүл шоқтарын қойып, ұлт қайраткерінің аруағына құрмет көрсетті. Бүркіт Ысқақұлының қызы Айгүл Ысқақова құрметті мейман болды. Одан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен Нұра ауданының құрметті азаматы, Мемлекет және қоғам қайраткері Дауылбай Құсайынов және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Бейбіт Мамыраев та құрметті қонақтардың қатарында.
Жүрегіне нұрдың ұшқыны түскен Нұраның талантты балалары ақынның өлеңдерін оқыды. Бүркіт Ысқақұлының қайраткерлігін былай қойғанда, ақындығын тани алмай жатқандаймыз.
О, Азия, ұлысың,
Ұлылығың құрысын.
Ұлылығыңды қайтейін,
Еуропаның құлысың.
Міне, «Осы өлеңді Сәкен Сейфуллиннің «Азия», Ілияс Жансүгіровтің «Гималай» деген өлеңдеріне еліктеп жаздың» деген айыппен 30 жылға сотталған. Ол кезде ақын 27 жаста еді. Сол уақытта заманға шағым айтып, шындығын бетіне басқан небір мықтылар болды ғой. Бірақ, төңірегіне әмірі жүрген үкімет Нұраның Көкмөлдірінен туған Бүркіт Ысқақұлынан сескенсе керек. Пенде көзіне көрінбес заман құбылысын ақын кардиограммасы ғана анықтап, түстеп бере алады емес пе?!
Ақын Бүркіттің өлеңдері баспасөзде 1938 жылдан жариялана бастаған. Тұңғыш кітабы «Сенің Отаның» 1958 жылы жарық көрген. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі негізінде мультфильм жасалған. А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Франко, В.Маяковский, Н.Хикмет, С.Вургу т.б. ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысқан аудармашы. Өлеңдері орыс, өзбек, түрікмен, татар, т.б. тілдерге аударылған. Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.
Конференцияның басында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың хатын жұрт алдында оқып берді. Хатта «Құрметті қатысушылар, ақынның, елін сүйген ердің есімін ұлықтауды, жаңғыртуды мақсат тұтқан ғылыми конференцияның басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бүркіт Ысқақұлы – «Елін сүйген ерлер» партиясының негізін қалаушы. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімін ояту, әдебиеті мен мәдениетін дамытуда аянбай еңбек еткен тұлға. Конференция барысында ақынның тоталитарлық жүйеге қарсы тұра білген қайсарлығына бүгінгі көзқарас деңгейінде лайықты баға беріліп, салмақты пікірлер айтылады деп сенемін. Шығармашылығын жас ұрпаққа дәріптеу жолдары да қарастырылуы тиіс. Себебі, ақынның өлеңдерінен Отанға деген шексіз махаббат көрінеді. Бүркіт Ысқақұлы бабалардың аманатына адал болды. Енді біз, яғни, кейінгі толқын сол адалдықтан үлгі алуымыз керек» делінген. Аудан әкімі Бақытжан Мұқанов та өз кезегінде қадірменді меймандар мен ғалымдарға «Қош келдіңіз!» айтты.
Өткен ғасырда майдан көрген қаламгерлер көп. «Ақын өлімі туралы аңыз» өлеңімен күркіреп келген Қасым секілді Бүркіт Ысқақұлы да Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Ұйқыдағыны жарқ еткен найзағайдай оятқан ақын өлеңі үшін қудалауға ұшырады.
Конференцияда Сәкен Сейфуллин атындағы мұражай директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов «Алаштың арда ұлы – Бүркіт Ысқақов» тақырыбында баяндама жасады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының ардагері Гүлсара Қабланова да мінберге шықты. Ол «ЕСЕП» ұйымының негізін қалаушы Бүркіт Ысқақов туралы отандық және шетелдік мұрағаттарындағы жаңа деректерді ғалымдар назарына ұсынды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Жанна Үркінбайқызы да осы қатарда. Қарағанды медициналық университетінің профессоры Баян Ыбраева «Бүркіт Ысқақов туралы сөз» айтты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұлов Бүркіт Ысқақұлының қазақ поэзиясына ГУЛАГ тақырыбын әкелгенін алға тартты.
– Бүркіт Ысқақов қиын заманда тыйым салынған тақырыптарды естелік, мемуарларын жазып үлгерді. Содан кейін, ол әдебиет ғылымының проблемалық және саяси тұстарына тоқталған. Қуғын-сүргінді көріп келіп, сондай тақырыптарға бару – ерлік. Ғылымда да ерліктің небір үлгісі бар. 1964 жылы «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары» атты еңбегі жарық көрді. Сол арқылы қасиетті топырақта өркениет көктегенін дәлелдеген. Қарағандыда ГУЛАГ тақырыбын қозғаған қаламгердің бірі – Жайық Бектұров еді. Хаза Абдуллин деген тұлға да осы тақырыпты қаузаған. Біз айтып жүрген «тоталитаризм», «репрессия», «реабилитация», «халық жауы» деген саяси мәні бар терминдерді энциклопедияға енгізуде Бүркіт Ысқақұлының еңбегі зор. Сол арқылы ұлттың аспанындағы түнерген бұлттай болған заманды кесіндеген, – деді Сағымбай Жұмағұлов.
Мінберге шыққан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің полковнигі, 1941 жылы репрессияға ұшыраған Хамит Абдрахмановтың ұлы Жанат Абдрахмановтың да баяндамасы елді жалт қаратты. Ол Бүркіт Ысқақұлының сыртынан кімдер арыз жазғанын жария етті.
Конференция барысында облыстық «Saryarqa» телеарнасының Бүркіт Ысқақұлы туралы деректі фильмі көрсетілді. Сонымен қатар, «Бүркіт Ысқақұлы: тарихи-биографиялық басылым» атты кітаптың тұсауы кесілді. Құрастырушысы – жас ғалым Әділет Жағыпар.
Сөйтіп, ер есімін әркім шама-шарқы жеткенше ұлықтады. Нағыз ақын Отанын жырлайды. Отан-анаға тіреу болар ерлердің еңсесін тіктейтін, жүрек көзін ашатын ар, ұят, ождан, намыс секілді қасиеттерді жырлайды. Жырымен ғана шектелмей, ісімен көрсетеді. Нағыз ақын – Отанның қызметіне жарайды. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Жан – Алланың аманаты, жазу – аруақтың аманаты» деген. Бүркіт Ысқақұлын аруақтың аманатын арқалаған және сол аманатқа қиянат жасамаған дара тұлға деп танимыз.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz