Аманатқа айналған ой толқыны
Президент сыйлығының иегері, публицист,
қаламгер Мағауия Сембайдың туғанына – 70 жыл
Мағаш аға!
Қаламгерлік қабілетімен де, кісілік келбетімен де, баладай аңғалдығымен, даладай дархандығымен де жақсылардың жадынан мәңгі өшпейтін есім! Ғұмыры келте болды демесеңіз, ол – журналистік миссиясын толық атқарған қаламгер. Соңғы демі үзілгенше қолынан қаламы түскен жоқ.
Иә, шығармашылық жоспарлары бар еді. «Зейнеткерлік демалысқа шықтым. Газеттің қара жұмысынан қолым босады. Енді алаңсыз жазамын», – деген еді шығармашылық еркіндікке қол жеткізген сәтінде балаша қуанып. Әттең, тіршіліктегі сапары беймезгіл тұйықталды.

…Жыл басында ұлы қаламгер, қазақ әдебиетінің классигі, Мағауия Сланбекұлының рухани ағасы Мұхтар Мағауин дүниеден өткенде, қазақ журналистері «Жазушыдан сұхбат алып үлгеріппіз. Классиктің соңғы сұхбатымен тарихта біз қаламыз» немесе «Ұлы Мағауин екінің-біріне бермеген сұхбатын бізге берді» деп, жазушының ақыретінен өздеріне абырой жейдесін пішіп, әлеуметтік желіде әбігерге түскенін ұмыта қойған жоқ шығарсыздар. Сонда тұтас қазақ қоғамы Мағауиннен сырт айналып, сұхбаты мен шығармаларын жарияламақ былай тұрсын, Мұхтар аға үшін редакциялардың есігі тарс жабылғанда, қаламгердің сұхбатын да, кітап болып шығып үлгермеген «Шыңғысхан» романынан үзінді де жариялаған біздің «Орталық Қазақстан» газеті мен оның редакторы Мағауия Сембайды біреуі аузына алған жоқ. Тіпті, қаламгер ағасын Еуропаға бірнеше рет іздеп барып, жазушының жат елдегі шығармашылық шеберханасынан сыр ақтарған Мағаш ағаның бүтін бір жинағы «Алаштың Алдаспаны» деген атпен Мұхтар ағасына арналғанын ешкім ойға алғысы келмеді.
Мұхтар ағасы туралы қадау-қадау дүние жазса да, өзі қомсынып жүретін. «Америкаға 80 жас мерейтойына барамын. Мұхаң туралы жазуға қайта отырамын», – деп жүргенде өзі өмірден көшті.
Мағаш ағаның толғағы жетпеген тағы бір тақырыбы – қазақтың қаһарман ұлы, Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар ағасы еді. Ауруханада жатып, батыр ағасы туралы ғаламтордағы барлық дүниелерді жинақтағанын, олардың «Мен ұмытып қаламын, мынау сенің архивіңде тұра берсін» деп, Мейраш жеңгемізге жөнелтіп отырғанын мен жақсы білемін. Алайда, өзі ауруханадан ауыр табытпен шықты. Қос ағасы туралы жазамын деп жүрген шабыты табытқа өңгерілді.
…Ұстаздары, қазақ баспасөзінің ұлы редакторлары Шерхан Мұртаза, Рамазан Сағымбеков, Нұрмахан Оразбековтен алған тәлімі, ағалар аманатына адалдығы болар, Мағаш ағаның қаламы жүйрік қана емес, өткір еді. Бөлек мәнер, жаңа стиль, ордалы ой, өткір пікір… Осының барлығы – Мағауия Сембай шығармашылығының даралығы.
Көзінің тірісінде «Қолыма қалам алдым айтамын деп…», «Алаштың Алдаспаны», «Құбылыс», «Жерұйық», «Ой-тамызық», «Наркескен» атты жинақтары жарық көрді. Алғашқы жинағына топтасқан сонау 80-жылдары жазылған мақалаларының өзі әлі күнге дейін өзектілігін жоймағанын ардақты аға, ұлағатты ұстаз, қабырғалы қаламгердің бақыты деп бағалар едік. Бір ғана «Ірі қараның іргелі проблемалары» атты мақаласын газетке бүгін жариялап жіберсеңіз, оқырман «Мынау қай заманның проблемасы?» демес еді.
Биылғы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында әріптес-замандастары мен шәкірттерінің қолдауымен жарық көріп отырған «Ой-қазына» жинағына топтасқан оймақтай дүниелері де – өлмейтін тақырыптың өзегі. Ендеше, сөз – жаңа жинақ жайында.
Жасыратыны жоқ, талай қаламгер уақыттың безбенінде замана үніне үн қосып, өз дәуірінің саясатын салмақтаймын деп жазған-сызғандарын өміршең шығармалар шоғырына қоса алмай қалды. Талантын да, тағдырын да уақыт талабының құрбаны еткен әріптестеріміз аз емес. Оларды жазғыруға да һақымыз жоқ. Өйткені, олар мемлекеттік идеологияның сойылын соғып, абыройын көтеруге өздерінің хал-қадірінше қызмет етті. Әсіресе, мемлекеттік баспасөз құралдарында қызмет етіп, басшылық жасаған аға буын қаламгерлер арасында мардымсыз марапат пен әлдебір сыйлық үшін шеберлігін шеңберден шығара алмай кеткендер көп. Әрине, біз оларды күстаналаудан аулақпыз.
Қазақтың дауылпаз ақыны Қасымның өзі «Жаман өлеңім жақсы өлеңімді асырайды» деп ақталған еді ғой. Ал, Арқада өзіндік мектеп қалыптастырып, ғұмырының 44 жылын қазақ баспасөзінің қадірін арттыруға арнаған Мағауия Сембайдың шығармашылығында кейбір әріптестеріндей ұраншылдық болған жоқ. Ресми биліктің бастамаларына жақтаса отырып жазған дүниелерінің өзінде «алайда» деген астар, «қалайда» деген қамшылау бар еді.
Шығармашылығының соңғы (анығында – өмірінің) 6-7 жылында Мағаш ағаның арлы қаламынан туған нәрлі туындылары ормандай оқырманның олжасына айналып, «Орталық Қазақстан» газетінде үзбей жарияланып жатты. Сергек оқырман қоңырау шалып, пікір білдіріп жататын-ды. Сондай сәттерде балаша мәз болатын аңғал ағаның өзі қолына ұстап, кеудесіне баспайтын кітабын жарыққа шығару барысында он ойланып, мың толғандық. Өмірден өткеніне жыл толғанда жинақталған «Қоңыр наз» кітабының өзі шәкірттік парызымыздың көп салмағын жеңілдетіп кеткенін де осы сәтте түсіндік. Сонымен, кеңесе келе, оқырманның талғамына дөп келіп, әдеби ортаның жоғары бағасын алған «Ой-тамызықтарын» көпшіліктің ой-талғамына қайта ұсынуды жөн көрдік.
Қайта оқыдық, қайтадан сараладық. Көнерген көзқарас, мәнін жойған, маңызынан айырылған тіркес таппадық. Иә, Мағаш аға өзі қаламмен жазып, теруге тапсырғанда, газет бетінде жарық көріп жатқанда, бұл жазбалар «Ой-тамызық» еді. Бүгін «Ой-қазынаға» айналды.
Сонымен, қолымыздағы жинақ – белгілі публицист Мағауия Сембайдың толысқан ойының тобықтай олжасы. Қоғамның қомақты һәм орасан проблемалары автордың оймақтай ғана ой-тамызықтарына жүк болып, қаймақтай нәрімен қадірі артады. Уақыт зауалын тамыршыдай дөп басқан қаламгер кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны сабырмен салыстырады да, кеселдің емін салмақты түйінмен емеурін етеді.
Жалпы, Мағаш ағаның бұл жазбалары – ұраншылдықтан арыла қоймаған ұлттық журналистикадағы жаңа түр, соны форма. Әр тамызықтың тамырында бір-бір әңгіме немесе хикаятқа арқау болар идея жатыр.
Біз қазір уақыт тапшы ала-шап-қын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Кітапханаға кіргіміз жоқ. Карьера қуғандар мен бизнес деген буаз сиыр сауғандардың заманы. Ал, осындай беймаза шақта бір мезгіл сананы сілкіндіріп, жадымызды жаңғыртып алу үшін марқұм Мағауия Сланбекұлы ұсынған осы формадан асқан құнды дүние жоқ – білгенге.
Десек те, автор туындыларының маңызы оның мейлінше ықшам көлемінде емес. Келте қайырып-ақ, кемел ойдың сеңін қозғауға болатынын дәлелдейді автор. Парасатты пайым, пәлсапалық түйін де бар. Дәстүрлі публицистиканың астарлы амалы. Ішіндегісін ақтарған автор жеңілдейді. Ал, оқырман ауырлап қалуы мүмкін. Өйткені, қоғамның әркім байқай бермейтін асқынған дерті – Мағаш ағаның ой-тамызығында. Одан қалды, әрқайсымыз пендеуи пиғыл мен жеңіл ой жетегінде кеткен өзіміздің ұсқынсыз бет-бейнемізді жазбай танимыз.
Әшкерелейді. Жиын-тойда ойлы сөз айтудың орнына бағалы сыйлығымызды құндап тұратын «құнсыздығымызды». Автор жан дүниесіндегі жанартау – бұл. Жалыны күйдірмейді. Тоңазыған бойымызды жылытып, тоқыраған ойымызды серпілтеді. Сенбесеңіз, қалтаңыздағы әмиянның орнына дәл осы «Ой-тамызықты» бір күн салып жүріңізші. Аялдамада немесе автобуста бір көз жүгіртіп шығыңыз. Кемеңгер болып кетпесеңіз де, кемелденіп қаласыз.
…Тіптен жаңа форма емес бұл. Абайдың «Қара сөздерінде», Қадырдың «Иірімінде», Мұқағалидың «Күнделігінде» бар еді. Деңгейіміздің төмендігінен Ұлы Абайды түсіне алмағанбыз. Қадырдың да қадіріне жетпедік. Мұқағалимен мұңдаса алмадық. Енді, марқұм Мағаш ағаның аманатқа айналған ой-толқынына, ой-қазынасына маңайлап көріңіз. Мүмкін, Мақаңның маржан ойы арзан ойдан арылтар… Пықсыған қоламтаңызға тамызық дайын.
Биыл – Мағаш ағаның туғанына 70 жыл. Өмірінің 64-ші белесінде қаңтарылған қаламы қадірінен ажыраған жоқ. Өйткені, оның жазғандары қоғам өзгеріп, заман құбылып жатса да, мән-маңызынан арылмай, мәңгілік қазынаға айналып үлгерді. Өлмейтін мұра қалдырған қаламгерде арман бола ма?!
Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»