Бас тақырып

Аманатқа адалдық ауылдан басталады

«Ауыл аманаты» – жөнекей жо­ба емес, ел болашағына сарп еті­лер сенімді инвестиция, ауыл тіршілігінің тың тынысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023-2029 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан бас­тама – ауыл халқының тұрмысын түбегейлі өзгертуге бағытталған нақты қадам.

Жоталы жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын еселеп, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру. Қаржылық қолжетімділікті арттыру, ауыл инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау арқылы жергілікті экономиканың қуатын арттыру. Мұның бәрі «Ауыл амана­тының» аясында нақты жүзеге асуда. Әлбетте, меже сәтті орындалса, шалғайдағы ауылдардың өзінде серпіліс пайда болып, жас мамандар ауылға бет бұрып, өңірлердің дамуына тың серпін бермек. Мұндай ауқымды жоспарлар бар жерде «Осы тұрғыда біздің облыста не өзгеріп жатыр?» деген ел арасында орынды сауал туындайды. Иә, дәл қазір аймақ аумағында да «Ауыл аманаты» жобасының алғашқы нәтижелері қылаңыта бастағандай. Алда әлі де тың жобалар, жаңалықтар, жарқын жетістіктер күтіп тұр.

2023 жылдан бастау алған «Ауыл аманатының» басты мұраты – қыр баласының әлеуетін толық ашу, кәсіпкерлікке кең өріс беру әрі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын сапалық жаңа деңгейге көтеру. Оның аясында мал тұқымын асылдандыру, өсімдік шаруашылығында өнім сапасын жақсарту сынды маңызды міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ауылдық туризмді дамыту, тұрақты жұмыс орындарын құру сынды жаңа бағыттар да жобаның маңызды бөліктерінен. Яғни, ауылда тек мал бағумен шектелмей, табыс табудың алуан түрлі жолдары ұсынылуда. Ең бастысы, осы игіліктің бәрі қолжетімді қаржы құралдары арқылы жүзеге асып келеді. Қарапайым ауыл тұрғыны үшін бұрын қолы жете бермейтін мүмкіндіктер шынайы қолдау тетіктері арқылы нақты шешімге айналуда.

Енді нақты іске келелік. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде ұсынылып отырған қаржылық қолдаудың шарттары бұрын-соңды болмаған тиімділікпен ерекшеленеді. Байыпты бағдарлама аясында мал шаруашылығына арналған несие бар-жоғы 2,5 пайызбен жеті жыл мерзімге берілсе, басқа салалардағы бизнес бастамаларға бес жылға дейінгі жеңілдетілген несие қарастырылған. Есептеп көрсек, бұл – ауылдағы ағайын үшін нағыз табысқа бастар жол! Жеке кәсіпкерлер үшін 9,5 миллион теңгеге дейін, ал, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 30 миллион теңгеге дейінгі несие көлемі ұсынылуда. Ең қуаныштысы, қомақты қаржыны алу жолы да оңай әрі қолжетімді. Қазірдің өзінде amanatnesie.kz электронды платформасы арқылы өтінім беріп, құжаттарды заманауи, цифрлық үлгіде рәсімдеуге толық мүмкіндік бар. Облыс аумағында берекелі бастаманы жүзеге асыру алдында жан-жақты дайындық жұмыстары атқарылды.
Арнайы сараптама арқылы 156 ауылдық елдімекен қамтылып, әрқайсысының нақты мүмкіндіктері, экономикалық бағыты, әлеуеті жіті зерделенді. Аталған маңызды мәселеге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше назар аударып келеді. Аймақ басшысы «Қолайлы несиенің шапағатын ауылдағы әр азамат сезінуі тиіс» деген ұстанымды алға тартып отыр. Айтылған пәрмен жай сөз емес, нақты мақсат. Ермағанбет Бөлекпаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қолдау көрсету үшін жаңа жобалар тобын құруды тапсырды. «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы микрокредиттерді уақытылы беруді қамтамасыз етуі тиістігін де қаперге салды.

Бағдарламаны жүзеге асыру нақты нәтижелермен дәлелденіп келеді. Бүгінде 670-тен астам микрокредит беріліп, соның нәтижесінде 900-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылған. Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әнуар Төлебековтің айтуынша, жобалардың көпшілігі мал шаруашылығын дамытуға ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға бағытталған.

– Бұл – ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға, жастарды туған жерінде тұрақтандыруға бағытталған маңызды жетістік. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және өндірілген өнімді қайта өңдеуге бағытталды. Яғни, ауыл экономикасының құрылымын күшейтіп, ішкі нарықтағы бәсекелес­тік қабілетті арттырып отыр. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығынан тыс қызмет көрсету, қолөнер, туризм сияқты салалардағы жобалардың да көбейіп келе жатқаны қуантады, – деп тұжырды ойын ведомство басшысы.

Нәтиже бар. Жобалар саны артты. Өңірде мал басының өсімі тіркелді. Тағы бір айта кетерлік жайт, 105 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, кооперативтер мен жеке шаруашылықтардың техникалық паркі 22 пайызға жаңартылды.

Мұндай жаңғырту ауыл еңбеккерінің жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті еселей түсері сөзсіз. Жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылып, қомақты қаражат 296 шағын несие беруге әрі 322 тұрақты жұмыс орнын ашуға бағытталу үстінде. Бағдарламаның тиімділігін тереңірек зерттеп, мақсатты түрде іске асыру үшін үш пилоттық аудан таңдалды. Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы. Өрісті өңірлер ауыл шаруашылығымен айналысатын, өндірістік әлеуеті жоғары, белсенді халық шоғырланған аймақтар. Ендігіде аталған аудандарда қаржыландыру жұмыстары «Бір ауыл – бір өнім» қағидаты бойынша жүргізілмек. Яғни, әрбір ауыл өз ерекшелігі мен артықшылықтарына сай бағыт таңдап, кооперативтер құру арқылы нақты өнімге маманданбақ. Тың тәсіл ауылдар арасындағы экономикалық әртараптандыруды күшейтіп, сапалы өнім өндірісін жүйелеуге жол ашады.

– Биыл ауданымызда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Пилоттық жоба ретінде төрт ауылдық округ таңдалды. Қайнарбұлақта – ет өңдеу, Қаршығалыда – сүт жинау және өңдеу, Егіндібұлақ ауылдық округінде – ет комбинатын ашу, ал, Тегісшілдікте – мал азығын дайындау бағытындағы кооперативтер құрылды. Біз әрбір жобаның табысты жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

– Орталық ауылдық округте «Ел қазынасы» кооперативі еттің жартылай фабрикаттарын өндіретін цех ашып, жылына 150 тонна өнім өндіріп, 17 адамды жұмыспен қамтымақ. Көкпекті округінде «Karlugash агро 2030» кооперативі базасында сүт бағытындағы ірі жоба жүзеге асады. Бұл жерде тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін цех құрылып, 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан орталығында да маңызды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, «Gran corm Botakara» кооперативі 44 адамды жұмыспен қамтып, ірі қара мен ұсақ малға арналған түйіршікті жем өндіретін цех салуды бастайды, – деп мәлімдеді Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын.

Иә, Ел ішіндегі еңбек адамдары енді болашағына сеніммен қарап, өз кәсібін дөңгелетіп, туған жерін түлетуге кірісті. Бұрын армандай ғана айтылатын мүмкіндік бүгінде қолжетімді шындыққа айналуда. Бүгіннен басталған игі қадам – ертеңгі тұрақты табыс, әлеуеті артқан ауыл, жаңарған өмір салты. Бұл – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қойған тапсырманың өмірмен ұштас­қан көрінісі. Ендігі кезекте әр тұрғынның, әр кооперативтің қолынан келетін іс – осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану. «Ауыл аманаты» – ел аманаты.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button