Аманатқа адалдық
«Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзі. Мемлекет үшін қазба байлықтар, түрлі сауда-саттық, ішкі және сыртқы саясат аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бірақ, халыққа табиғи әрі қауіпсіз азық керек. Осы тұста ауылдың атқарар рөлі орасан. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандарының дерегіне сүйенсек, аймағымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы былтыр қарқынды жүзеге асыпты. Дән сіңірсе, масақ басын жерге иетін, жайса, түлігі қоңданатын аймағымыз – ауыл шаруашылығын дамытуға ең қолайлы аймақтардың қатарында. Мәселен, былтыр бағдарламаға 2,5 млрд теңге бөлініпті. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Қуандық Ахметов бөлінген қаражат толығымен игерілгенін айтты.
– Басқарма тарапынан «жұмыс істеймін, табыс табамын» деген әр ауыл тұрғынына қолдау көрсетіледі. Былтыр 249 шағын несие берілді. Соған 52 жоба қаржыландырылды. Нақты айтсақ, 1,2 млрд теңге ауыл шаруашылығы кооперативтеріне берілді. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтарға қолдау көрсетілді. Бұл – 1,3 млрд теңгені құрайтын 197 жоба. Нәтижесінде ауылдық жерлерде 314 жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда қаржыландырылған жобалар оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да жалғасын таба бермек, – деді Қуандық Ахметов.
Шағын несиелер бірнеше бағытта берілген. Мысалы, мал шаруашылығындағы 150 жобаға 1,25 млрд теңге беріліпті. Ал, өсімдік шаруашылығына 54 млн теңге үлестірілген. Мұнда ауқымды 4 жоба жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығы саласында арнайы техникалардың атқарар рөлі зор. Техника мен тіркемелі жабдықтарды сатып алуға 767 млн теңге берілген. Қаражат 45 жобаға жұмсалған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде басқармаға 7 жоба ұсынылыпты. Жобаларға 123 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына қатысы жоқ кәсіптер де бар. Бұл салаға ауылдағы дүкендер мен дөңгелек жөндеу және басқа нысандар жатады. Бұған 43 жоба ұсынылған. 43 жобаға 337 млн теңге мақұлданған.
Биылға да жоспар ауқымды. Осы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын несие беру үшін 2 млрд теңге бөлу жоспарланыпты. Бұл дегеніңіз – 296 жобаға берілетін шағын несие. Жоспар ойдағыдай жүзеге асса, ауылдық жерлерде 322 жұмыс орны ашылады. Жекелей атап айтсақ, 148 несие мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығындағы 26 жобаға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіптегі 122 жобаға қаражат беріледі.
Қуандық Ахметовтің айтуынша, қаражатты бөлу барысында әр ауылдың ерекшелігі ескеріледі.
– Бюджеттік қаражатты игеру және аталған бағдарлама бойынша жоспарды орындау мақсатында әрбір ауылдың ерекшелігін ескере отырып, өңір бойынша әр ауданның көрсеткіштері бекітілді. Қаржыландыру жоспарына сәйкес облысқа бюджет қаражатының түсуі осы жылдың тамыз айында күтілуде, – деді Қуандық Ахметов.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі – Надежда Елікбаева. Ол былтыр өз кәсібінің жобасын ұсынып, бағдарлама аясында 2,5 пайызбен 4 млн теңге несие алған. Қаражатқа жылыжай салған. Жылыжайда бұл күнде қияр өсіріп, табиғи өніммен аудан халқын қамтамасыз етіп отыр.
– Жылыжайды кәсіби мамандары бар компания салып берді. Сапасына көңілім толады. Мәселен, былтыр екі рет өнім алдым. Қияр екі жарым, ал, қызанақ екі тоннаға дейін жетті. Жылуды жақсы сақтайды. Аумағы 200 шаршы метрді құрайды. Жылыжайда қара күзде қызанақ, ал, көктемде қияр өсіруге болады. Жылыжайдың төңірегінде ауылдар бар. Міне, өнімдерімді сол ауылдың тұрғындарына сатамын. Тұрақты сатып алушыларым да көп. Жалпы, жылыжай кәсібімен айналысып жүргеніме 10 жылға жуықтады. Сол себепті де, өнімді саудалаудан қиындық көрмеймін. Қызанақ пен қиярда ешқандай химия жоқ. Бәрі табиғи әдіспен өсірілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы болып тұр. Өйткені, ауылда екінің бірі екі қолға бір күрек таба бермейді. Тек ынта мен ерік-жігер қажет, – деді Надежда Елікбаева.
Жылыжай иесі бағдарлама аясында берілген несие өте тиімді екенін айтты. «Бұл күнде уақыт өткен сайын саудам жүріп, несиені еш қиналмастан жауып жүрмін», – деді.
Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 1 500-ге жуық ауыл қаңырап қалған. Ал, мамандар дәл осы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде жұмыс орындарының құрылуына және сондағы халықтың әл-ауқатының артуына сеп болатынын айтты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Халқымыздың 40 пайызы ауылда тұратынын білесіздер. Агроөнеркәсіп кешені бүкіл елдің, әсіресе, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Сол себепті мен ауылды өркендету ісіне айрықша мән беремін» деген еді. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамандары биылғы бөлінген қаражаттың шарапаты орасан болатынын алға тартты. Ауылдық жерлерде жүздеген жұмыс орындары құрылмақ.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»