Жаңалықтар

Аманатқа адал жан

«Өмірді сүйемін» дегенді кез келген адам айтады. Бірақ, оны әркім әртүрлі дәлелдейді. Дәлелдей алмайтындар да баршылық. Яғни, өмірді сөз жүзінде ғана сүйетіндер жақсылық пен ізгілікке құштарлықтың не екенін де білмей өтеді-ау, сірә… Ал, өмірге құштарлығы әр басқан қадамынан, әр тынысынан, тіпті, күнделікті атқаратын жұмысынан да аңғарылып тұратын жандардың сөйлеген сөзі мен айналасындағы адамдарға қарым-қатынасынан да өмірге деген шексіз махаббаттың хош иісі аңқып тұрады. Осындай өзіне жүктелген аманатқа адал, адамгершілігі мол, жауапкершілігі жоғары, ел алдында абырой-беделі биік жанның бірі – Зәуреш Әлдубайқызы Жақыпова. Кейіпкеріміз қазір «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Үнемі жүзінен мейірім төгіліп, көзінен күн күліп тұратын кейіпкеріміз асқаралы 60 жасқа аман-есен жетіп отыр…

Ғалымдардың айтуынша, адам баласына туған жерінің топырағынан да асыл қасиеттер беріледі. Сонымен қатар, әркім туған топырағынан түлеп ұшқан текті аталардың сара жолын үлгі тұтып өседі.

Кейіпкеріміз Зәуреш Әлдубайқызы да Арқаның шежіреге толы өлкесі Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында 1962 жылы туған. Жастайынан зерек болып өскен ол 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін аяқтаса, 2013 жылы Қарағанды «Болашақ» университетін бітірген. Екі бірдей жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 1986 жылы Шет ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып бастап, 1989 жылдың қаңтарынан 1993 жылдың қыркүйегіне дейін Қазақстан комсомолы Шет аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, бірінші хатшысы қызметін атқарған.

1993 жылдың қыркүйегінен 2006 жылдың шілдесіне дейін Қарағанды облысы денешынықтыру және спорт басқармасының облыстық жастар және спорт комитетінің маманы, бас маманы, ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет еткен.

Кейде басшылық қызметке гуманитарлық бағыттағы мамандық иелерінің икемсіз болатынын алға тартамыз. Алайда, бұл пікірдің өте оғаш екенін кейіпкеріміз дәлелдеп отыр. Оның бойында адамзатты қалың ойға қалдырған Абайдың, Шоқанның, Мағжанның, Пушкиннің, Толстойдың, Достоевскийдің және басқа да әлемдік әдебиет саңлақтарының рухы бар. Қолы қалт етсе, әлемдік классиктерді жата-жастана оқуы – сөзімізге дәлел.

Ал, 2006 жылдан бүгінгі күнге дейін «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.

Зәуре Әлдубайқызы қала және облыс жұртшылығы арасында үлкен құрмет пен беделге ие. Өзіне де, өзгеге де талапшыл, принципшіл, өзін-өзі тәрбиелеумен үнемі айналысатын ізденімпаз жан. Қала мен облыстың қоғамдық-саяси өміріне, партияның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға белсене араласып, партияның халық арасында беделі мен ықпалын арттыруға күш жұмсайды.

– Зәуре Әлдубайқызының көпшілікке үлгі ететін қасиеті – мемлекетшілдігі. Тапсырған істі тиянақты, уақытылы және жан-жақты ізденіспен орындайтындығы өзінен кейінгі қызметке жаңадан келген жас буынға үлгі-өнеге. Жауапкершілік жасынан қалыптасқан. Бұл – адамға ата-анадан, әулеттен берілетін жақсы қасиеттер. Мінезінде қаталдық, шыншылдық, әділеттілік бар. Кейде турасын бетке айтып жақпай қалады. Бірақ, ол кісінің жүрегінде үнемі мейірім тұнып тұратынын айту керек. «AMANAT» партиясында 16 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Партия басшылығы мен әріптестері тарапынан ешқандай сын-ескертпе алмаған. Әр уақытта алғыс, мадақтама алып жүретін белсенді жан ретінде құрметтейміз. Бір әулеттің үлкен әпкесі ретінде, ата-ананың рөлін атқарып отырған қамқор азаматша. Туған ауылынан алыс кетпеген патриот жан. Демалыста туып-өскен шаңырағына барғанды жаны жақсы көреді. Соңына өнегелі із тастап келе жатыр. Мемлекеттік наградаларды да алған білікті маман ретінде құрметіміз жоғары. Әрбір он сегізінде өзіне лайық орны бар жан ретінде туған күнімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, жұмыста табыс тілейміз, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Қомарұлы.

Партиялық жүйеде тәжірибесі мол, партия белсенділерімен, облыстың әлеуметтік-экономикалық өмірімен етене таныс. Жауапты, шығармашыл, бастамашыл қызметкер. Ұйымдастырушылық және басқарушылық қабілеті жоғары. Зәуре Әлдубайқызының жетекшілігімен облыстық филиалдың барлық қызметі жоғары деңгейде өтеді.

– Зәуре Әлдубайқызын әріптес ретінде өте қатты сыйлаймыз. Өз ісінің шебері. Өйткені, осы партияда қызмет етіп келеді. Мемлекеттік қызметте де өзін жақсы жағынан көрсеткен. Ол кісіні «AMANAT» партиясының архиві» десек артық емес. Осы кезге дейінгі өткен шараларды ұйымдастыруда өз үлесі бар. Үлкенге сыйлы, кішіге үлгі болатындай маман. Келе жатқан туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Әр уақытта осылай ортамызда көшбастар маман болып жүре берсін. Білмей жатқан көп дүниемізді осы кісіден сұраймыз. Үнемі көмекке дайын тұратын жанашыр көңілін қатты құрметтейміз, – дейді «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшының орынбасары Назарбек Жөкенұлы.

Партияның облыстық филиалы бақылау-тексеру комиссиясының жұмысын қамтамасыз етіп, 2020 жылғы праймеризді жұп-жұмыр етіп ұйымдастырды. Ауылдық округ әкімдерін сайлау жұмысын да қамырдан қыл суырғандай етіп үйлестіріп, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының жұмысын, түрлі деңгейдегі конференцияларын тыңғылықты ұйымдастырады.

1998-2005 жылдар аралығында Қарағанды қаласының №59 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрағасы болып сайлануы да кездейсоқ емес. 2006 жылдан бастап, партияның барлық съездеріне делегат болды. 2005, 2011, 2015, 2019, 2022 жылдардағы Қазақстан Республикасы Президентін, 2004, 2007, 2012, 2016, 2021 жылдардағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлауалды штабының жұмысына белсене араласқан. Бүкілхалықтық референдумды ұйымдастыруға және өткізуге белсенді қатысып, елдің алғысын арқалаған жан (2022).

– «AMANAT» партиясы менің алғашқы жұмыс орным. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Тәлім-тәрбие алдым. Өмірлік тәжірибесі мол жан. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Талапты, еңбек тәртібін қатаң сақтайтын іскер жол нұсқаушымыз. Қаталдығы болса да, қайтымы тез. 2007 жылдан бері өтіп жатқан электоралды компаниялардың басшысы болып, абыроймен қызмет атқарып келеді. Барлық сайлау Зәуреш Әлдубайқызының ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтіп жатыр. Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы ретінде өз ісін жетік білетін маман, – деп атап өтті персоналды басқару бойынша консультант Хабиба Дақынова.

«Адал еңбек бақытқа жеткізер» деген даналықты бойына мықтап сіңірген кейіпкеріміз қандай жетістікке жетсе де, адал еңбек пен ізденімпаздықтың арқасында жеткен кәнігі маман. 2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, 2012 жылы «Нұр Отан» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен, 2017 жылы «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен, 2016 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Көпбалалы отбасыдан уызына жарып өскен кейіпкеріміз үйде, мектепте, жоғары оқу орнында алған білімін толығымен ақтап, өз деңгейінде пайдаланып келе жатқан кәсіби қызметкер, білікті басшы. «AMANAT» партиясының жұмысына да, өзіне жүктелген елдің аманатына да адалдығы оның өмірге құштарлығын асқақтата көрсетіп тұрғандай.

Отбасына амандық, деніне саулық тілейміз. Құнына ештеңе тең келмейтін елдің алғысын арқалап адал қызмет етіп, қашанда абырой биігінде болуына тілекшіміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button