Амал келді, Жыл келді!
«Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын!» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақжарма ізгі лебізі қарақан жұрттың жүрегін гүлдетті. Бүгін тұтас Қазақстан Көрісу күнін атап өтуде. Осынау игі күнді «Амал мерекесі» деп те ныспылайды.
Бұл күні жас болса, үлкенге сәлем беріп, ақ батасын алады. Құшағын айқара ашқан ақеділ ағайын бір-біріне ақжарма тілегін арнап «Жаңа жас құтты болсын!», «Бір жасың мың болғай!», «Ғұмырың ұзақ болсын!» деп үр жаңа жылдың басын сүйіншілейді. Мұндағы «Бір жасыңмен!» деп тілек тілеу ата-бабаларымыздың әр адамның Туған күнін жеке-жеке тойламайтындығының астарлы дәйегіндей. Бұл арада «туған күн тойламау қажет!» деген ниет әсте қылаңытпайды. Тек, пейілі періштедей жұрттың аз-кем әбігерге түспеуін меңзегендей. Жаңа жылда бір жас қосылатыны анық. Сондықтан, осы күні ғана адамдар бір-біріне «Жасың құтты болсын!» деп тілек тілейтіні содан болса керек-ті.
Мереке күні Алаш баласы барынша ерте оянып, туған-туысын, дос-жаранын аралайды. Осындайда хәкім Абайдың «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып. Шаруа қуған жастардың мойны босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып» дейтіні Көрісу күнінің мән-мағынасын одан бетер аша түсетіндей. Аңдап қарасаңыз, алты ай қыстан бауыры бүтін шыққан елдің жер аяғы кеңи түсісімен ат пен атанға тақым артып, ауыл-ауылды аралап, амандық сұрауы. Иә, бұл дәстүрден қала жұртшылығы да қағаберіс қалмайды. Шаһарға шабыт арқалап кеткен жандар көбіне ғылым-білім іздеп кетеді. Иә болмаса, елдің тұтқасын ұстайды. Мұндайда есімізге ағартушы, ұлт ұстазы Ыбырай атамыз дың «Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын, хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін!» деген өсиетін берік ұстанады. Қолындағы «түрікқұлағына» үңіліп, экрандағы елмен хат-хабар алмасады. Түрлі қоғамдық, мәдени шараларға етек-жеңін түрініп, салым қосады.
Әсілінде, 14 санының қабырғалы қазақ дүниетанымында өзіндік сырлы орны бар. Мәселенки, әр айдың 14-де аспандағы ай толысатынын қаракөздеріміз ұмыта қойған жоқ. Ықылым дәуірлерден бізге жеткен ауызекі күн санауында да жыл басы осы күннен есептеледі. Бұл дерек Шығыстың мәшһүр шайырларының еңбектерінде кезігеді. Бәрін айт та бірін айт, атам қазақ «Он төртінде толған айдай» деп қыз баласын мәпелеп, әлпештеуі де осы қасиетті ұғымға келіп саярлықтай.
14 наурызды «Көрісу күні» деп емес, «Көрісу айты» деген дұрысырақ дейді кейбір этнолог мамандар. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді. Ол 8, 9 күнге созылатын еді» деген құнтты мәлімет бар. Өзге амалдар тойланбаса да, осы күн тойланып, ол салт-дәстүрге айналып, Ұлыстың ұлы мерекесіне ұласқан. 14 наурыз күні Ай мен Үркердің қиылыса өтуін қазақ халқы «Тоғыс» деп атаған. Тоғыс осы 14-15 наурызға сәйкес келеді екен. Халық осы уақытты қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды деп есептеген. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. «Наурыз» сөзі парсының «жаңа күн» дегенінен шыққан. Ертеде біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді.
Пәруана тірлікте пенде деген атты арқалаған соң-ақ өмірдің керуен көшінде әлдекіммен жүз шайысып, яки, арамызды салқындатып алып жататынымыз да жасырын емес. Ешкім мұндайда ежелгі ерегесін, көне кегін қоздырып, ақы алмайды. Былтырғының өкпеөкінішін, ендігі жылға арқалап апармайды. «Амал күні қазағым көріседі, көрісу бұл көненің жемісі еді» деген мәйекті мәтел осыны айшықтайды.
Қош. Татулықтан биік тау, мейірімнен терең қайнар, ізеттен асқан ізгілік жоғын қаймана ел осылайша дәріптеп келді. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті.
Жүрегіне жүк түскеннің кеудесі жеңілдеп, ажары кіретін ақсамал Амал күні құтты болсын, қадірменді Оқырман!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz