«Қамқорлық қоғамға өзгеріс әкеледі»
Биыл облыста балалардың терезеден құлауының 19 жағдайы орын алып, 4 баланың өліміне әкелді. Құзырлы органдар дабыл қаққанымен бала қауіпсіздігіне немқұрайлылық азаяр емес.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы Заңға қол қойған болатын. Аймақтағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева қауіптің алдын алуға болатынын айтады. Арнайы уәкілмен сұхбат құрып, балалардың жайына үңілдік.
– Ирина ханым, мұндай қайғылы статистика балаларын назардан тыс қалдырып, қауіпсіздік құлыптарын орнатудан ақшасын үнемдейтін ата-аналардың немқұрайлылығынан ба?
– Қарағанды облысында өткен жылдың өзінде 25 бала терезеден құлап, 23-і жарақат алған. Ал, үшеуі көз жұмды. Бұл сандар жылдар бойы қайталанып келе жатқанын ескерсек, балалар үшін қауіп әлі де бар.
Терезелерді бекітуге арналған құрылғылар – өзекті тақырып. Статистика көрсеткендей, көп жағдайда көппәтерлі тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауы жиі орын алады. Осының бәрі балаларын қараусыз қалдырғандығына әрі жақын маңдағы ересектердің ұқыпсыз қарым-қатынасына байланысты. Заңнамаға сәйкес, әрбір ата-ана баласына қауіпсіз өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге міндетті. Бұл міндеттерді орындамау қайғылы салдарға ғана емес, заңды жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.
– Қауіпсіздікті неден бастаған дұрыс?
– Алдымен, баланы құлап кетуден қорғайтын қауіпсіздік құрылғыларын терезелерге орнатыңыз. Арнайы құлыптар, торлар немесе шектеулер баланың терезені өздігінен ашуына жол бермейді. Жиһазды терезеден алыс қойыңыз. Терезелердің жанына төсек, үстел немесе орындық қоймаңыз. Балалар оларға оңай көтеріліп, кездейсоқ құлап кетуі мүмкін екенін білесіз, үнемі түсіндірме әңгімелер өткізіңіз. Балаларға терезелер қауіпті екенін және абай болуды түсіндіру – маңызды.
– Мәселе Заң аясында қарала ма?
– Қылмыстық Кодекстің 119-бабына сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін немесе денсаулығына зиян келтіруге немесе өлімге әкеп соққан немқұрайлылық үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылуы және 10 АЕК-ке (шамамен 36 мың теңге) баламалы сомаға айыппұл салынуы мүмкін.
– Бұл орайда құрылысшылардың жауапкершілігі де бар ғой?
– Әрине, құрылысшылар қауіпсіз өмір сүру ортасын құруда шешуші рөл атқарады. «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің 5-тармағына сәйкес «терезелердің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ететін және адамдардың терезе ойықтарынан кездейсоқ түсіп қалуының алдын алатын терезе конструкциясы» көзделеді. Терезеге орнатылатын қауіпсіздік қондырғыларының 90%-ы апаттың алдын алады дейді мамандар.
Жаңа құрылыс нормалары бір жылдан бері қолданылып келеді. Құрылыс салушылар жаңа ғимараттардағы терезе блоктарындағы қауіпсіздік құлыптарын қолдануға міндетті. Бұл жарақат алу мен терезеден құлап кетудің алдын алады.
– Бүгінде Сіз атаған талаптар назарға алына ма?
– Жаңа пәтерлерді тапсыру кезінде блокаторлары бар терезелер орнату – міндетті. Алайда, «екінші нарықтағы» тұрғын үй үшін меншік иелерінің терезелерге блокаторларды өздері орнатуы міндетті. Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП және облыстық құрылыс салушылар қауымдастығының блокаторлары бар пластикалық терезелерді міндетті түрде орнату туралы меморандумдар жасасу жөніндегі бірлескен жұмыс туралы мәселе қаралуда. Блокатордың бағасы – 1270 теңге.
– Бала қауіпсіздігі мәселесінде Пәтер иелері кооперативі қызметкерлерінің жауапкершілігі қандай?
– ПИК органдары ата-аналарға терезелерге блокаторларды орнату қажеттілігі туралы хабарлауға және олардың орындалуын бақылауға міндетті. Бұл міндеттерді орындамау әкімшілік және заңды жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Әрине, оған қоса ақпараттық науқандар өткізу, тұрғындарды парақшалар, әлеуметтік желілер мен жиналыстар арқылы терезелерге қауіпсіздік құлыптарын орнатудың маңыздылығы туралы үнемі хабардар ету шараларын өткізу де маңызды.
– Әлемнің көптеген елдері балалардың әл-ауқатын бағалап, арнайы әдістемелер әзірлейді. Қалай ойлайсыз, біздің елде балалар қауіпсіздігі үшін қандай жобаларды қолға алған тиімді?
– Біздің елде балалардың әл-ауқатын жақсартып, оларды қорғау үшін қызықты жобалар қажет. Олардың бірнешеуін Балалар құқығын қорғау комитеті де әзірледі. Мәселен, «Отбасын қолдау және әлеуметтік көмек» жобасы – отбасылық құндылықтарды нығайтады. Мектептердегі балалар Парламенттерінің рөлін күшейту де балалардың таланттары мен қабілеттерін дамыту үшін қосымша білім беру бағдарламалары мен үйірмелерін енгізуге мүмкіндік береді.
Дарынды балалар мен жасөспірімдерге, мектеп пәндері бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына сыйлықтар мен гранттар төлеуді жалғастыру да балаларға бағытталған ерекше бастаманың бірі.
Ең бастысы балалар қауіпсіздігі – ортақ міндетіміз. Қайғылы оқиғалардың алдын алу және кішкентайлардың өмірін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық. Сіздің қамқорлығыңыз қоғамға үлкен өзгеріс әкеледі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым Совет
«Ortalyq Qazaqstan»