Жаңалықтар

Қамқорлық – қасиетті іс

Жыл сайын Отбасы күні қыркүйек айының екiншi жексенбiсiнде аталып өтiледi. Биыл бұл күн 12 қыркүйекке сәйкес келді. Мәні зор мерекеде отбасылық құндылықтарды нығайту мен сақтаудың маңыздылығына ерекше назар аударылады.

Осы мақсатта «Сарыарқа дарыны» ғылыми-практикалық орталығы мен «Елбасы медалі» жобасы бірлесе отырып марафон ұйымдастырды. Оған жоба қатысушылары және олардың ата-аналары белсене қатысты. Шара барысында тәлімгерлер мен қатысушылар бірлесіп, жобаның волонтерлік бағыты аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, азық-түлік себетін табыс етті.

Қатысушылар ата-аналарына көмектескенін, отбасымен бірге қоршаған ортаны тазарту, күтімсіз қалған жануарларға қамқорлық көрсету сияқты шараларды бірге атқарғандары туралы бейнематериалдар түсіріп, тапсырған болатын. Марафон соңында ең үздік деген бейнематериал таңдалып, әр отбасы Алғыс хатпен марапатталды.

«Елбасы медалі» жобасына республика бойынша барлығы 21 мыңнан астам бала қатысады. Бұл – жастарды жан-жақты, тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба. Бағдарлама спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхат пен жорықтар, еңбек тәжірибесі сияқты негізгі жеті бағытты қамтиды. Жоба қатысушылары арасында отбасы құндылығын дәріптеп, мейірім мен қолдау көрсете білетін жас буынның өсіп келе жатқаны қуантады.

Нұрлан АШИКБАЕВ, Қарағанды облысы бойынша «Елбасы медалі» жобасының үйлестірушісі.

Басқа материалдар

Back to top button