Жаңалықтар

Қамқорлық қашанда қажет

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген қазақ перзенттерін шаңырағының шаттығы мен ырысының тұрақтылығына балаған. Кеше ғана сол балаларды, олардың балалық шағын қорғауға арналған мереке тойланды. Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы мен оның жер-жердегі филиалдары да атаулы мерекені назардан тыс қалдырған жоқ.

Одақтың Сәтбаев, Жезқазған, Балқаш пен Қаражал қалалары мен Жаңаарқа, Шет, Ұлытау мен Ақтоғай аудандарындағы филиалдарында балаларға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мереке таң шапағымен таласа әр өңірде мерекелік бағдарламамен бастау алып, ойындармен, эстафеталық жарыстармен, шығармашылық байқаулармен жалғасын тапты. Атап айтар болсақ, Балқаш қаласындағы кәсіподақ көшбасшысы Әсем Айтжанова ұйытқы болған мерекеде жас ерекшеліктеріне сәйкес өткен «Бақытты балалық шақ», «Қауіпсіз жаз», «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» атты сурет байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Көңілді старт» ойынымен Қаражал қаласының балғындарын еліктірген Марина Жакупова мүмкіндігі шектеулі балаларды қуантуды да ұмытпады. Ерекше балалары бар кәсіподақ мүшелеріне қарайласуды парызы санайтын Гүлнәр Ілиясова 21 баланы қуанышқа кенелтті. Қамқорлық десе ішкен асын жерге қоятын Шет аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы 2 оқушыға велосипед сыйлады. Жезқазған гуманитарлық колледж қызметкерлерінің балаларына есте қаларлық мереке ұйымдастырған Рыскүл Түсіпназарова «OINA» ойын-сауық орталығында шоу-бағдарламаға тапсырыс берді. Жаңаарқалық балғындарды таза ауада серпілткен, ақтоғайлықтарды «Толағай» ойынында сайыстырған, ұлытаулықтарға асфальтқа сурет салғызған мерекеде өрендерге естелік сыйлықтармен бірге тәттілер үлестірілді.

Бауыр еті баласын ойлап, қамыққан аналардың жүздеріне күлкі үйірілтіп, ерекше балаларға жан жылуымен бөлісіп, жас буынға ұмытылмас әсер мен мерекелік көңіл-күй сыйлаған Жезқазған аймағының кәсіподақ белсенділері алдағы күндері де осы бағыттағы игі амалдарды жалғастырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар жылын ұрандатпай өткізу керек» деген тапсырмасын орындауға атсалыспақшы.

Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button