«Мектепке жол»: 12 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетіледі
Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы жалғасуда. Игі бастама аясында облыс бойынша 12 мыңнан астам оқушыға материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы 1 тамызда өткен баспасөз брифингінде облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, жалпы орта және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Гүлдана Ерболатқызы мәлімдеді.
– Биыл облыс мектептерінде 175 мыңға жуық оқушы білім алады. Қазіргі таңда бірінші сыныпқа 15 616 бала өтініш берді. Жаңа оқу жылы қарсаңында жалпыға бірдей білім беру қорының есебінен әлеуметтік қолдауды қажет ететін санаттағы балаларға қолдау көрсету жалғасуда. Әр балаға 46 628 теңге көлемінде көмек қарастырылған. Қаражат ата-аналардың немесе заңды өкілдердің шоттарына аударылады. Бұл қаржыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өз бетімен сатып ала алады. Көмек тек нақты мұқтаж отбасылардың жазбаша өтініші негізінде, атаулы түрде көрсетіледі, – деді ол.
Айта кету керек, акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында ата-аналар тиісті құжаттарымен жергілікті білім бөлімдеріне немесе мектеп әкімшілігіне жүгіну арқылы өтініш бере алады.
Игі шараға тек мемлекет тарапынан ғана емес, демеушілер мен жеке кәсіпкерлер де атсалысып отыр. Бұл әлеуметтік жауапкершілік пен жанашырлықтың айғағы іспетті.
Сонымен қатар облыста білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Биыл 239 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 33 нысанға 8,2 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілсе, қалған 206 нысанға ағымдағыжылы жөндеу жүргізілуде. Жалпы бұл мақсатқа 15,7 млрд. теңге бөлінген.
– «Келешек мектебі» жобасы аясында 2025 жылға дейін 2 700 орындық 6 жаңа мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл білім сапасын арттырып, мектептегі орын тапшылығын шешуге бағытталған маңызды қадам. Мұндай ауқымды қолдау мен жүйелі жұмыстар – балалардың сапалы білім алып, алаңсыз мектепке баруына жасалып отырған нақты жағдай. «Мектепке жол» акциясы – қоғам мен мемлекет бірлескен қамқорлығының айқын көрінісі.
Жамал АКПАРОВА