Жаңалықтар

Алыстап барамыз жағалаудан

Кәмел ағаның да бақилық бол­ғанына жыл толып қалыпты-ау…

Осы қаңтар айының 26-да Қарағандыда, С.Сейфуллин ат­ындағы академиялық қазақ драма театрында менің «Ең алғаш сөз болған…» деген шы­ғар­­ма­шылық кешім өтеді.

Ертеңінде ол кісінің жылдық асы, садақасы…

Әрине, барамын…

Аман-сау жүргенінде, әрине, менің кешімнің төрінде отырар еді…

Баз біреулер біздерді қарсы қойғысы келеді. Біз бөлісе алмайтындай арамызда ештеңе бол­ған жоқ. Алайда ел, жер тари­хына келгенде жұлдызымыздың қарсы келіп қалған уақыттары болды. Ол үшін, әрине, бас араздыққа барған жоқпыз. Қайта сол шындықты арашалап алуға барымызды салдық.

Ел, жұрт Қарқаралы ауданының тарихы жазылып бітті деп ойлайды. Мен айтсам Қарқаралы тарихы енді ғана жазылып жатыр дер едім. Қасқырдың орманға қарап ұлитыны сияқты біздер де Қарқаралыға қараймыз. Көк теңізге біздер сонау Едірей тауларынан келгенбіз. Алайда сол тарихты біздер де түптей алмай жатырмыз. Кәмел ағамыз осы тарихқа бірінші болып борозда тартқан еді…

Сол бороздамен келеміз. Сол тарихтан қағаз бетіне түсіргеніміз шамалы болып тұр-ау…

Шет ауданымыз – атауында тұрғандай шеткері өңірле­рі­міз­дің бірі. Ел мен жұрт арасында атыс-шабыс басталғанда мұндай өңірлердің тарих сахнасына айналатыны белгілі. Сол тарихты там-тұмдап Софиян Қа­лыбекұлы ағамыз жазды. Сол тарихқа Кәмел ағамыз да қалам қуатымен барды. Өмір Кәріпұлы да бір шетінде атойлап жүр. Қазір бұл тарихты Мәулен Жакин ініміз жалғастыруда.

Кім не десе де, әрине, мен – ол кісінің рухани шәкіртімін.

Менің рухани өзегім осы Кәмкең түзген шежірелері ар­қы­лы өрілген. Ата шежіресінің тарихын білмеген жанның тарихпен шұғылдануы маған бір­түрлі ерсі көрінеді. Менің түсінігімде тарих өз-өзіңді түсінуден басталады. Ал өзіңді түсінудің ең керемет құралы шежіре түзу. Оның ішінде Мәшекең машығында шежіре түзу өте ма­ңызды. Мұндай шежірелер кә­дімгі көркем әдебиеттей оқылады.

Кәмекеңде де Мәшекең ма­шығы айқайлап тұрады.

Біздің заманда да шежіре түзу оңай болмайтын. Соған қа­ра­мастан шежіре түзушілер ел ішінде баршылық болатын. Со­ның көш басында Кәмкең жү­руші еді.

Осы шежіре түзуден Кәмкең ұшпаққа шықты десек, онымыз да жалған болар еді. Өзіміз де аз таяқ жемедік.

Кәмкең түзген менің ата-бабаларымның шежіресінде де біраз кемсін тұстар болды. Мен соған көз жұма қарадым. Өйткені Кәмкең Керней емес Қожа баласы еді ғой!

Ағамыз өз шежіресіне кейінде ғана барды. Кемел жасында барып түзді. Бірақ сонда да ағаттықтар кетіп жатты. Өйткені ол замандарда ЗАГС болған жоқ қой.

Сол кемшіліктерін айтпадық емес, айттық. Кәмкеңнің бір кеміс тұсы осы жерде көріне­ді. Бұл да бір тарих деп кеткен кем­шіліктерін түземей сол қалпында қалдырып отырды.

Кәмкең өз топырағын кере­мет сүйді, керемет жақсы көр­ді. Өзінің түп тегін мақтан етті. Содан барып халықтық этимология­ға жақын болды. Тіпті, әрі қарай өрбітіп отырған жайлары да болды.

Кәмкеңнің бүкіл болмысын мына жайтпен де қайтарсам болады. Шортанбай бабамыздың 200 жылдық тойын атап өттік. Соған байланысты «Арқа» аймақтық журналының бір нөмірін тұтастай арнадық. Енді оны өткізудің жайын уайымдайық. Неден бастарымызды білмей отырғанда Кәмкең жетіп келсін. Келді де бар таралымын қотара сатып алсын. Кейін көргенімізде тағы да таң қалайық. Кәмкең – ол кезде аудандық газеттің редакторы. Баспаханасы бар. Соған апарып Шортекеңнің туған жері Шет ауданы деп әрбір данасын қолмен түзеткен ғой. Не деген махаббат десеңізші!? Мұндай махаббатпен, әрине, далада қалмақ емес.

Ағамыздың осындай жанкештілігімен аудан орталығында Шортанбай ескерткіші бой көтерді, ауданның басты көшесі Шортанбай баба атымен аталады.

Осы жерде «өзіне ше?» деген заң­ды сауал туындайды. Бере қоятындай көше, болмаса басқа бір нысан көрмей тұрмын. Дегенмен, редакция алдында Кәмкең мүсіні тұрса бір жарасым табар еді.

Елін сүйгеннен шығады. Кәм­кең – осы өңірде елін сүйген ерлер партиясын құрушылардың бірі. Ол заманда мұндай қадамға бару басты өлімге тігумен барабар еді ғой. Зейнолла Игілік ағамыз екеуі сондай қадамға барды, мыңдаған жүректің еліне деген махаббатын қоздатып қоймай, лаулатты.

Біз – сол оттан жаралған ұрпақпыз. Сол жалғастық әлі үзілген жоқ.

Бұл жағынан Зейнолла ағамыз екеуін халық қаһарманы де­сек те болады.

Бізде сондай атақ бар. Бұл марапаттың бір кереметі уақыттан тыс тұрғандығы. Яғни, ба­қилық болып кеткендерге де бе­ріледі.

Өткен жылы Қарағанды зия­лыларының басын қосып, Кәм­кеңді «Халық Қаһарманы» ата­­ғына ұсынып, Президентке ті­келей шықтық.

Әзірге аяқсыз қалып тұр. Алайда біздер аяқсыз қалдырмақ емеспіз.

Бір жақсысы Кәмкең осымыздың бәрін көріп кетті.

Біздің жазбамыздан кәдімгідей қуат алды. Ризашылықта болды.

Біздің Шет өңірімізде теңіз тұрсын, қара су да жоқ. Соған қарамастан қара жермен жүзген біздің де өз «Ақ кемеміз» болды.

Кәмкең сондай кемеміз еді. Жағалаудан алыстап-алыстап ба­­қилық деген көкжиекке барып сіңді.

Қазір біз де сол жағалаудан алыстап бара жатқандаймыз.

Төрехан МАЙБАС,
жазушы
Қарағанды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button