Коронавирус

Қалыпты өмір қайта оралды

Қарағандының қалыпты өмірі кезең-кезеңімен жанданып келеді. Күні кеше ғана облыс орталығындағы сауда орындары ашылып, қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындары жұмысын бастады. Облыс аумағында көлік қатынасы жанданып, блокбекеттер алына бастады. Сауда үйлеріндегі балалар алаңы мен кинотеатрларды қоспағанда, әдеттегі тірлікке қайта оралдық. Бірақ, бетперде киіп, әлеуметтік қашықтықты сақтау, жеке бас гигиенасын ұстану – басты талаптардың бірі. Себебі, облыста коронавирус инфекциясын жұқтыру әлі де тіркелуде.

Құзырлы органдардың дерегіне сүйенсек, сәуір айында тәулігіне коронавирус инфекциясын анықтайтын 200-400 тест қана алынса, қазір бұл бірнеше есе артып, 3000-4000 тест алуға дейін жеткен. Демек, ауру белгілері болмаса да, науқастанғандармен жақын әрі ықтимал қарымқатынаста болғандардың барлығына талдау жүргізу облыстағы ауру жұқтырғандар санының артуына әкелген. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 28 мамырда 34 адамнан COVID-19 анықталған.

Бұған дейін карантиннің ерекше режимі сақталған Теміртаудан да коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталуда. Олар – бұған дейін індетке шалдыққандармен жақын қарым-қатынаста болғандар. Провизорлық емханаларда дәрігердің қатаң бақылауында болып, бірнеше рет тест алынғаннан кейін 15 адамның зертханалық талдаулары оң нәтиже көрсеткен.

Одан бөлек, облыстың өзге аудандары мен қалаларында да дерт жұқтыру жағдайы бар. Мысалы, 28 мамырда анықталған 34 адамның біреуі – Сараннан болса, тағы біреуі – Бұқар жырау ауданының тұрғыны. Абай ауданында да төрт науқас анықталған.

Коронавирус инфекциясын анықтайтын полимеразды тізбекті реакция тесті оң нәтиже көрсеткендердің барлығы инфекциялық стационарда ем қабылдауда. Жағдайлары – қанағаттанарлық. Ал, ауру анықталған ошақтарда міндетті түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, облыста инфекция жұқтырған 788 адам тіркелсе, 3 науқас көз жұмған. Ал, 217 адам сауығып шыққан.

 

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button