Алыпсатарлық асқынып тұр
Жаз шыға теміржол билетімен айналысқан алыпсатарлардың қағанағы қарқ. Жайлауы – жарасымды. Билет таппай сабылған жолаушы осылардың – азығы. Қас пен көздің арасында қат боп кететін теміржол билеттерінің кімнің қабының түбінде жатқанынан бейхабармыз. Бірақ, алыпсатарлар қазіргі күні жолаушының жолын күзеткен қарақшыдан кем емес. Бұлардың жең ұшы қай жақтан жалғасқаны да бізге беймәлім. Бір білеріміз – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырманың тап-тұйнақтай орындалу қажеттігі. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке теміржол билетінің жасанды тапшылығын жоюды қатаң тапсырған-ды. Бірақ, одан әзірге айылын жиған алыпсатарларды көрмедік. Есесіне, билет қолдан-қолға тимей тұр. Қат… Қарағандыда.
ТАПШЫЛЫҚ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
Бұл қаттық тап бүгін пайда болған жоқ. Жыл сайын осы. Тіпті, «дәстүрге» айналып барады. Қарағанды вокзалы жөндеу жұмысы басталғалы абыржып тұрғаны аз еді. Енді билет іздеген жолаушысы кеміп, базары таза тарқап қалған. Өйткені, Қарағанды вокзалында қолма-қол ала қоятын билет жоқ. Жолаушы көп қатынайтын шаһарларға. Оны айтасыз, тамыздың ортасына дейін тып-типыл. Анықтамада отырған қыздар қашан барсаңыз да, «билет жоқ» деп таңдайы тақылдайды. Рас, олар өтірік айтпайды. Билет жоқ. Бүкіл Қарағанды жұртшылығы жазда бар билетті талап алып, тым-тырақай жан-жаққа тайып тұрған секілді. Шын мәнісінде, олай емес. Билеттеріңіз шытырлап алыпсатарлардың, өздерінің тілінде «посадчиктердің» қолында жүр. Өкінішке қарай, құзырлы орындар бұған әлі тосқауыл бола алмай келеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ айтуынша, Қазақстанда 4,5 мың теміржол кассалары бар. Олардың тек 208-і ғана – «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағында. Сондықтан, алыпсатарлықпен жекеменшік кассалар айналысады деген күдігін де жасырмаған-ды «ҚТЖ».
АЛЫПСАТАР НЕМЕСЕ «ПОСАДЧИК»
Қарағанды теміржол возкалына табанымызды тоздырып бармас бұрын интернеттен онлайн сатуды қарадық. Алматы, Шымкент бағытына. Тап-таза. Плацкарт, купе секілді қарапайым қолжетімді пойыздар жалаңаштанып қалыпты билетсіз. Тек «Тальго» бар. Оның құны – қатардағы адамның жарты айлығы.
Осыдан соң, «Үмітсіз – шайтан». Вокзалға барып, өз көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап көрмекші едік. Көрдік. Мәселен, Алматыға баратын «Тальго» купесі 17 мың десе, Шымкентке дейін купе 25 мың теңге деді анықтамада отырған тәтеміз. Петропавлға, әйтеуір, тамыздың ортасында плацкартқа билет бар екен. Оған да шүкір дедік. Вокзалдағы теміржол кассалары да ауыздарын қу шөппен сүртті. Теміржол кассаларымен қатар жайғасқан коммерциялық, яғни, жекеменшік негіздегі кассалар да алақанын жаяды. Анықтамадағы адамнан басқалай сатып алудың жолын сұрадық. Иығын қиқаң еткізді. Онысы «білмеймін» дегені.
Бұл теміржолдың жайын бір білсе, сондағы күзетшілер біледі. Билет іздеген жолаушы ретінде соған жолықтық. Обалы нешік, адамға жақсылық жасауға бейім жан ба, әлде өзара келісімдері бар ма, кім білген? «Бар. Қазір келеді «посадчиктер» деді. Айтқанындай, келді. Сөйлестік. Қайтер екен деп, бүгін-ертеңге Алматыға, тамыздың ортасына билет сұрадық. Беттері бүлк етпеді. Бар деді билет. Кассада жоқ билет. Осы көкеміздің қолында тұр. Құны – плацкарттың – 10 мың. Купе – 12 мың теңге.
Күзетші дәл осындай бірнеше адам барын айтты. Бәрінің ұстанған бағасы бірдей. Ал, плацкарт билетінің құны әдетте 4 мың теңгеге жетпейді. Дәлірек айтсақ, 3800 теңгенің арғы жақ, бергі жағы жайшылықта. Ал, мыналар сұрап тұрған құн – екі есе, екі жарым есе қымбат.
Асқар, жолаушы:
– Қостанайға жолға шықтым. Билет жоқ кассада. Қолдан сатып алдым. Басқа амалым қалмады. Теміржол кассаларында қашан билет болады деп күтсек, жаз бітеді. Жұмыстан қалатын түріміз бар. Алыпсатар қымбат сұраса да, алуға тура келді.
Сыбайластықтың иісі мүңкиді
Енді бұлардың қолына билет қайдан түсті? Мәселе – осында. Касса әдетте кез келген билетке аты-жөніңізді тіркеп, баттитып жазып береді. Жеке куәлігіңіздің нөмірі де сонда. Ал, егер ол бұрын сатып алынса, мына алыпсатарлар қалай, қайтіп түзетті? Құзыретті орындардың отыра қалып ойланатын тұсы осы болуы керек-ті. Әйтпесе, алыпсатарлықпен айналысқаны үшін және өзге жауаптылықтағы айыппұл салумен жүгенсіздік тыйылмайды.
Бізге мәлім сызбаға жүгінсек, алыпсатарлар билет тапшылығы болатын бағыттағы пойыздардың билетін алдын ала сатып алып қояды. Содан жаңа сатып алушы табылғанда қайта өткізіп, келесі адамға рәсімдеп кеп жібереді. Немесе, біз біле бермейтін басқа жолы бар. Не болса да, бұл арада ауыз жаласқан жемқорлық жете жолға қойылған.
Жария етілген деректерге сүйенсек, ИИДМ билетсіз жолаушыларды алып жүруге және билеттерді сату тәртібін бұзуға жол бермеу мәселелерінде және билеттерді заңсыз сатқаны үшін тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдату бөлігінде заңнамаға түзетулер енгізуде бастамашылық қадам жасауды көздеуде.
«Қазіргі уақытта, билеттерді заңсыз қайта сату «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 449-бабындағы «қоғамдық орындарда ұстау» бойынша ғана әкімшілік жауапкершілікті көздейді. Басқа жауапкершілік әзірше жоқ. ҚР ИИДМ тұрақты негізде қазақстандық тасымалдаушыларға жолаушылар вагондары паркін жаңарту үшін жағдай жасауда. Бұдан басқа, тасымалдаушылар жыл сайын жазғы кезеңде негізгі бағыттар бойынша қосымша пойыздар санын қосады. Сонымен қатар, жолаушылар ағымының ұлғаюына байланысты негізгі бағыттар бойынша билеттердің жасанды тапшылығы байқалады, бұл ретте оларды сату бойынша заңсыз делдалдар жандана түседі. Билеттердің заңсыз сатылуына тосқауыл қою үшін осы жылдың наурыз айында ҚР ИИДМ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі және «ҚТЖ» ҰК» АҚ арасында теміржол тасымалдауы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселелерін болдырмау көзделген жол кар- тасына қол қойылды», – делінген таратылған ақпаратта. Сол құжат аясында «ҚТЖ «ҰК» АҚ билеттерді сату және жолаушыларды пойызға отырғызу кезінде заңсыз іс-қимылдар жасауды бақылау және шектеу әдістерін қарастырып, билет сататын «Mobius» жүйесін жетілдіру қажет деп тапты. Десек те, бұл да үмітті толық ақтамады. Мұны қазіргі уақытта компанияның өзі де мойындады.
«Сонымен, 28 шілде күні ҚР ИИДМ Көлік комитеті қоғамдық ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген рейдтер кезінде, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау және Тараз қалаларының вокзалдарында билеттерді жоғары бағамен ұсынатын, сондай-ақ, билетсіз қажетті пойызға отырғызуға уәде берген «делдалдардың» болғаны анықталды. Алты адам ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы «қоғамдық орындарда ұстау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген мәліметтерде.
Қайтпек керек мұндайда?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі күні кеше Нұр-Сұлтан және Қарағанды қаласындағы вокзалдарда перронға тек жолаушылар ғана шығатын шектеу қоюды ұсынды. Алайда, Нұр-Сұлтанды білмейміз, ал, Қарағандыда дәл қазіргі уақытта бұл ұсыныстың орындалуы мүмкін еместігін көріп отырмыз. Жөндеу жүріп жатқан вокзалдың перронына жұртты шығармай ұстап тұратын мүмкіндік мүлдем жоқ. Ондай мүмкіндік болған күннің өзінде, ол мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл әрекет «суға кеткеннің тал қармағаны». Жолаушылар перронға шыққанға дейін алыпсатарлармен «саудаларын» жасап бітіреді. Билет іздеген жұртқа алыпсатарларыңыз сол касса маңайында жүріп билет сатып отыр. Мұны басқа да ресми ұйымдар білмейді емес, біледі. Аталған жүйе әбден жолға қойылған. Жоғарыда атап өткеніміздей, алыпсатарлардың пайда болғаны бүгін емес. Және олар бірен-саран емес. Бірнешеу. Осы арада – сыбайластықтың иісі мүңкіп тұр. Бұған енді біз емес, салалық құзырлы орындар «бас ауыртуы» тиіс-ті.
Қызғалдақ АЙТЖАН.