ӘдебиетБас тақырып

Ғалымның ғазал ғасыры

«Бұл дүниенің күллі сый-құрметі жалғыз жақсы досқа татымайды» дейтін француздың данышпан ойшылы, дарынды жазушысы, таңдаулы тарихшысының сөзі бар. Көзі көрген достар көп емес, көлгірситін күлбілтешілерім өзіме мәлім. Біздің ит көйлекті бірге тоздырған құрдастар, армандарымызды айтысқан сырластар, қатарлас дос-жолдастар үстіміздегі ит жылы алпыс дейтін жасқа аттарын арқандатыпты. Өмір дейтін ұзақ керуен жолындағы сапарлас достардың елі мен жеріне еңбегі сіңіп, халқының құрметіне бөленгенін сарапқа салғанда, алғашқы болып талантты ақын Жайлыбайдың Ғалымы еске түседі.


Жаңаарқа жерінің түгін тартсаң құт-береке шығып, үсті жан мен малға, асты асыл кенге толы Түгіскен жерінде туып-өскен Ғалым мектептегі күндерінен бастап өлең жазып, өнерге құштарлығын байқатқан. Ол кезең қарапайымдылықтың қаннан кете қоймаған кезі еді ғой. Жұрт Жайлыбайдың өлеңші, ақындығы бар, талапты баласы дейтін. Бүгінде бес өлең жазып ақын, өздерінен басқа ешкім айтпайтын «әндерін» айтып, әнші, сазгер, бір айтыстағы айтқанын келесіде қайталайтын заман еместін. Өрен жастың: «Сәкенін білген бұл қазақ, Ғалымын білмей қалсын ба!» – деген өлең тармағына жұрттың ішінен: «Мына бала болмай жатып болдым, толмай жатып толдым дей ме?» – дегендері болса, өнерді түсінетіндер «жүрегінің түгі, көзінің оты бар екен-ау!» деп, іштей сүйсінісін білдірген.
Сөз өнерінің отауына шын талантты қаламгер ең алдымен туған елі мен жерін, соның тамылжыған табиғаты мен рухы асқақ азаматтарын айтып кіреді. Бұл заңдылықтан Ғалым да аттап кеткен жоқ. Оның қаламынан шыққан «Майлыбай-Мөлдір», «Ауылдасқа хат», «Бозкөлім», «Бозкөл. Бабалар қорымы», «Ауылым Жаңаарқаның жазығында» өлеңдері туған жердің табиғатын сыр қылып шертсе, өз ауылының атағын аспандатқан әйгілі әнші Игілік Омаровқа арналған «Ән шырқашы, Ағажан!», асқар тауы әкесіне деген махаббатын «Әкем Жайлыбайдың рухына» атты өлеңімен жеткізген. Бір ғажабы Ғалымның ауыл туралы, ондағы өтіп жатқан өмірге қатысты өлеңдерінде көбіне қоңыр, қоңырқай, күрең, тобылғы күрең, боз, бозала, бозат, ақбозат, Бозкөл туралы эпитеттер жиі ұшырасады. Туған жердің келбетіне таңқалып, толғаныстан туған талант таңдауы түр-түсті дөп басқан.
Ақын өскен аймақтың сай-саласының көк түсі болмаса, жалпы пейзажы боз қараған, боз жусаны, күрең және қызыл тобылғысы, ақ жалды селеулі алқабы, жар жағалай жарыса өскен бозамық келте талдары да боз бен қоңыр түспен үйлесімін түсіндіреді. Бозбала шақта жазған Ғалымның «Бозкөлім» атты өлеңі соның бір дәлелі.
Бозкөлім менің,
Көзкөрім жерім.
Бабама болған құт-мекен.
Әкем де көріп,
Қалың бір мұңға батады.
Аяулы жастық күндері
Есіне түсіп тұр ма екен…
Дөңгеленіп жатқан бұл айдынның сәні мен әні көктемнің сәуірінен басталып, маусымның соңында базарлы шағы тарқаған жәрмеңкеге ұқсайды. Айналасы айтақырланып, көлдің тартылған жерлері ақтаңылақтана бастайды. Балалық шағынан жанына жақын жыр-мекеніне алыстан аңсап, асыға жеткен ақынның сағынышы су сепкендей басылады. Көлдің мұңға батқан бүгінгі көрінісіне күрсініп, жаны түршіге жыр жазады:
Кеудемізге кермектеу
күй қамалып,
Дінсіз елден безді ғой
имам анық.
Айдын шалқар Бозкөлді
іздеп едім,
Таппай қайттым,
аяқты миға малып.
Иә, ақындығын ауылдан асырып, Алашына жеткізіп, әлемге әйгілей білген Ғалымның жаралғаны Жаңаарқа болса, табынғаны Сәкен бабасының рухы еді. Сәкенге арнаған «Сәкенмен сырласу», «Сәкенім – сәнім», «Басқан ізіне гүл өскен ақын», «Жынды Әбен» атты өлеңдері балладаны еске түсіреді. Эпикалық тынысының кеңдігін көрсетеді. Бірде Елордамыздағы
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің мемлекеттік аттестациялы комиссиясы төрағалығына шақырып, сондағы азғана үзілісте әріптес ғалымдармен әңгімелесіп тұрғанда, бір студент: «Сіз ақын Ғалым Жайлыбайды білесіз бе?» – деп сұрады. Білетінімді айтып, сауалының себебін сұрадым. Студенттің жауабынан Ғалым шығармашылығын зерттегісі келетінін, бірақ арнайы зерттеулер жүргізілмегендіктен, қалай бастаудың қисынын таба алмай жүргенін түсіндім. Әлгі азаматқа менің салам көне дәуір әдебиеті болғандықтан, ақын досыма ештеңе жаза алмағанымды айтып: «Оның бір өлеңін жатқа білесің бе?» – деп сұрадым. Ұялды ма, алғашқыда үндемей қалды. Сонда өзім білетін Ғалымның бір-екі өлеңін оқып, Сәкен туралы
бәйге алған «Рух» атты өлеңінен төмендегі үзіндіні оқып бердім:

Ақбоз атты құлатқан
жала-керме,
Магаданға мола іздеп,
бара берме!
Сәкен деген – халқының
рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге.
Аққулардың арман бар
ұясында,
Ор, Абаның зарлы ән бар
қиясында,
Маңдайына сыймап ең
алты алаштың –
Алты шумақ өлеңге сыясың ба?!

дегенде, әлгі азамат бұл өлеңді білетіндігін айтты. Ендеше, ең алдымен ақынның өлеңдерін оқып, іздестіру ісін содан баста деген кеңес бердім. Әйтсе де, өзімнің өткенімді еске түсірген жасқа іштей алғыс айттым.
Біздің жолымыз студенттік шақта, әріптес ретінде еңбек жолында да түйіскен. Аудандық газетте Ғалым ауыл шаруашылық бөлімінде, жазушы Асан Жұмадилдинмен бір бөлмеде еңбек етті. Жан-жақтан келіп, кетіп жататындардың көбі Ғалымды іздеп келетін. Қазіргі талантты драматург, аудармашы, ғалым Кенжебай Ахметов, белгілі әнші, сазгер, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, айтулы әнші Серік Оспанов көбіне Ғалымның кабинетінен табылатын. Студенттік күндерден кейін бірге еңбек еткенде байқағаным, Ғалым жұртты көп тыңдап, отырыстағы әңгімелердің керегін қалқып алатын.
Қыранның түз тағысына түскен сәтін тамашалау бір керемет оқиға десек, ақынның шабыт туған сәтін көру де ғажап екені рас. Екі тілде жарық көретін аудандық газеттің мән мағынасын келтіріп, мазмұнын келістіріп шығарудың да машақаты баршылық. Сондай қарбалас сәттің бірінде Ғалымның бір қолында қалам, екі қолы қанатын қағып тұрған құсқа ұқсаған сәтін көргенім бар.
Тақалған бетте тым жылдам, сұрақтарын жаудыра жөнелді:
– Осы жүйрік аттарды сынайтын сыншыларды атбегі, ат сыншысы, Толағай сыншы деп жатады, басқаша бір атауы бар ма?
– Бар. Жылқышының баласы қалай білмейді. Әзілдеп, көзіне көзім түсіп кеткенде, «тезірек айтшы» дегенді аңғарып қалдым. Жылқының жүйрігін Сейістер сынаған деп едім, баладай қуанып, алғысын жаудыра кабинетіне кіріп кетті. Ол сол күнгі түскі тамаққа да бармай, бесін ауып кеткенде ғана астындағы типографияда мені іздеп жүргенін естідім. Кабинетіне келсем, қуанышын жасыра алмаған көздегі күлкіні көрдім. «Тақырыбы:
«Бәйге туралы баллада», тыңдашы!» – деп, өлеңді келістіре оқитын қалпымен бастап кетті.
… Бітті бәйге,
Жүлде болды жария,
Қуанышы жұрттың шалқар да-
рия.

Жанкүйер жұрт сонда мені
ортаға ап,
Ақ батасын берді ардақты
қария.
Мен де отырмын қалған
жандай арманда,
Қайран көңіл үшіншіңе
толған ба!
Атбегі де деп қояды:
Еһ, шіркін!
Тағы да бір бес шақырым
болғанда!
Баллада да бітті. Тесіле қарап
отырып қалды.
– Оқиға шымыр, тілі күшті екен, – дедім.
– Егер бәйгеден бірінші боп, қара айғырды келтірсем қайтер еді, – деп сұрады.
– Онда «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» деген мақалды есіңе түсірер едің, – дедім. Көңілі көтеріліп, жаны жай тауып сала берді.
— Ұнады ма? Жақсы ма? Шын ба? «Келесі «Сенбі бетіне» беруге дайындай бер», – дегенімде, редактор шақырып жатқаны хабарланды Ұзамай баллада жарыққа шықты. Мақтау айтқан көп еді. Сол күн, сол сәт көз алдымнан кетпейді. Анығында сол сәт Ғалымның өзі айтқан:
Шағала шабыт шарқ ұрар,
Шарқ ұрар оның шарты бар.

Сенің де айың толысар
Менің де күнім жарқырар, –
деген шағы еді. Кейін шабыттанған қуанышты сәттердің кейде көңілді түсіріп, құлазыған жоқтауға да айналатынын ақынның досы, Арқаның арлы азаматы, күйші-сазгер Алпысбай Тұяқбайұлы Тұрсынбековтің рухына арнаған «Азанама» өлеңінен көрген едім.
Ақынның айбары мен айтары лирикадан танылады. Жайлыбайдың Ғалымының жан сезімі, ой-арманы көңіл-күйдің сырын шебер жеткізе алуымен ерекшеленеді. Лириканың құдіретін таныта білген Ұлы Абайдың жел-жетпес биігі, асқақ рухын сыршылдықпен сезінудегі Ғалымның «Абайым – арым», «Жидебайда жазылған жыр», «Құнанбай», «Абаймен тілдесу» атты топтама өлеңдерінің айтары дарын мен данышпандықты, тектілікті, биік өрені, тағдырдағы таланттың талғамы мен таңдауын жеткізуге арналған. Ғалым поэзиясынан көңіл-күй лирикасын, махаббат лирикасын, табиғат лирикасын, азаматтық лириканы табуға болады.
Сондықтан да, оның лирикалық шығармаларының тақырыбы, құрылысы сан алуан болып келеді. Жастық жылдарының күміс күлкісі, жүрек лүпілі, махаббат лирикасынан танылады. Мәңгілік тақырыптағы талант туындылары күні ертең жастардың жан дауасы, сырлы сазды әндеріне айналары сөзсіз. Бүгінде оның әнге айналған өлеңдері баршылық. Осы орайда, ақынның ұлы сезімге арналған: «Сыңар аққу, Сырғалы қыз», «Қарасуға барғанда шомылғалы», «Кеңгірдегі кеш», «Ақ қайың», «Тыраулап ұшқан тырналар», «Алқатерек аруы», «Зея жағасындағы сұлу», «Күршімнің қызы» өлеңдері қайталанбастығымен ерекшеленеді. Ғалымның даралығы нәзік сезімді балға айналдырып, махаббат тақырыбында тамсандыратынынан танылады.
Кеудем толы сағыныштың
саз әні,
Кеудем толы — ғашықтықтың
ғазалы,
Тіршіліктің гүл шыбықтай
әр күні –
Бұл дәуреннің тарқамаған
базары.
Өлеңдегі «ғазал» арабтың атауы, өзегі — махаббатты жырлау. Сәтті, сәтсіз сезім күйін шертетін бұл жанр ақын поэзиясының арқауына айналған. Ғалым шығармашылығындағы келесі бір сұңғыла сырды, жасындай жырды, ғасыр дертіне айналған індеттер, табиғат апаттары, содырлар сойқанына қатысты жазылған дүниелерден табамыз.
Апаттардан кезерген күйіп
бұл маң.
Көз ұшында қашпайды киік
қырдан.
Ақылдыдан бақырлы озған
уақыт –
Дарындыдан қарынды биік
тұрған

Ғазалдарын жоқтаған ғалам
жырау,
Запыраны лоқсыған заман
мынау.
Ақын экологиялық зардаптардың себеп-салдарын, жойқын жарылыс, сынақтардың жеранаға салған дақтарын «Бір түп емен», «Толқындар», «Ай көрдім», «Көңілімнің көз жасы» атты өлеңдер арқылы жеткізген. Өмірдің өткінші екендігін білсе де, заманының өкінішіне жаны күйзелген ақын жарқ еткен найзағайдай шатырлап барып, солқ еткізіп, жасын жырға нүкте қояды.
Кешір баба! 
Кешіру асыл әдет,
Жігерімді жонып бер
жасыма деп.
Күндерімді керімсал кезіктіріп,
Төмпешікке айналам
қасыңа кеп.
Елден ерек атқан жоқ жеке
таңым,
Жалғасымын жетілер жеті
атаның

Кешір баба!
Жырыма нүкте қойдым
Сынығының үстіне де
ракетаның!…
Ақын мен жазушы да қаһарлы ерлік бар. Ол – ой ерлігі. Біз сөз етіп отырған ақынның Ауғанстанда қазақ тапқан Ұлытау ұланы Ғибадат Құттыбаевтың рухына күй-толғау арқылы ескерткіш қалдыруы, ғасыр қайғысына айналған нашақорлықты:
Тұрамыз біздер Алматы
сауық қалада,
Сауық қалада әзірге қауіп бар,
аға..
…Нашақор Коля түнімен
ойранды салып,
Маша апай бізді жасырды
тауық қораға, —
деп көзімен көргенін айтып, «көресіні көрге түскенше көріп келеміз» дегенді жайып салады. Дәл біздің Қарағандыдағы жетімдер үйіндегі оқиғаны теледидардан көріп, көңілі астан кестен болған ақын:
Жалаң аяқ балалық
Жаутаң қағып жәудірейді,
о, сұмдық!
– О, сұмдық, – деп біз несіне
шошындық,
– Жетімхана үйі дейді,
– Үй ме, рас?
Жауап таппай тосылдық.
Емшек сүтін татпаған,
Бесікке де бөленбей,
Бесік жыры олар үшін өшіп кет-
кен өлеңдей, — деп, өзегін өкініш буған ақын ауылдан келген әжелердің балалардың тұсауын кескеніне, оған мәз болған жүргізушінің сөзіне өз үкімін былайша айтады:
Теледидар хабары…
Мендік ойлар ойран болды
мінгесіп,
Жалтақ бақыт жәлеп түнге жүр
көшіп.
Ауыл иісі аңқып тұрған әжелер
Жетімдердің тұсауларын
тұр кесіп.
Экранға қараймын…
Қараймын да тарылады
тынысым,
Шайқалады ырысым.
«Жаңа дәстүр –
Жаңа салт,» – деп даурығады
диктор да,
Бүйткен салтың құрысын.
Бебеулеген ақынның көңіл-күйіне, жылаған жүрегіне дауа табу қиын-ақ, бірақ ақын өзіне тоқтау айтып, шындықтың әнін шырылдатып, төбе-құйқаңды шымырлатады:
Ей, жүрегім, жылама
Бұлқын.
Егес.
Болып кетер бұл жалған бір
күн елес
Ілиясты,
Сәкенді,
Бейімбетті
Бәйіт айтып тірілту мүмкін емес.
Тереңінде тербелген ғалам әні.
Өлеңдері аққудай таранады.
Мұқағали марқұмның жыр
бәйгесін,
Көзі тірі көкектер неге алады?!
Теңеуі аппақ аққуға, сырлары сарыала қазға, қорғаны қарлығашқа, самғауы сұңқарға баланған ақын өлеңдері сүлей сөздің сыйқырлы әлемі боп қала бермек. Оның өлеңдеріндегі сұлулықтың сыры дыбыс қайталауларында, буын үндестігі мен ұйқас үйлесімділігінде екендігі талас тудырмайды. Өнердің жүгін терең түсінген ақын өз өмірін өлеңге көшірген. Ақынға тән шеберік деген – осы.
Бүгінде ат басын алпысқа тіреген Ғалым Жайлыбайдың қаламынан: «Жанымның жапырақтары», «Жүрегімнің жұлдызы», «Құс қанаты», «Қарашығымдағы қара өлең», «Ардакүрең» және тағы басқа жыр жинақтар мен әдеби мақалалар туған. Өлеңдері орыс, украин, түрік тілдеріне тәржімаланған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін»,  «Тәуелсіздікке 10 жыл» медальдарымен марапатталған. Қазақ ақындарының жыр мүшәйрасының сан мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен халықаралық жыр мерекесінде «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығын иеленіп, Ресей халықаралық жазушылар ұйымының С.Есенин атындағы Алтын медалі мен еліміздің жоғарғы марапаты «Құрмет орденін» омырауына таққан. Ақын шығармашылығына бұл лайықты берілген баға.
Бақытты өнерден тапқан Ғалым Жайлыбай ғұмыры жыр-жауһарын іздейтіндерге азық, қазақтың рухына бас иетіндерге темірқазық болмақ. Жыр нөсері толассыз жауып, шаңырағы шаттыққа толған ақынның өмір өзені жалғаса бермек.
«Жазылған ұл ем бесікте өлеңім» дейтін шайырдың жыр көші тоқтамай, ағыны қатты өзендей Алашына айтарын айтуға асыға берсін. Аспандап, асқақтай бер, айтары терең, сөздері берен, ғаламат ғажап, шындықты аңсап Ғалымның ғазал ғасыры!

Берік Рахымов,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button