Білім

Ғалымдар мұрасы дәріптелді

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде «Балаубаев оқулары – XVII» психология апталығы қорытындыланды. Биылғы конференция бірқатар маңызды мерейтойлық даталар – академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығы, қазақстандық психология мектебінің негізін қалаушы Сәлкен Балаубаевтың 125 жылдығы, көрнекті ғалым Сатыбалды Жақыповтың 75 жылдығы және университеттегі психология кафедрасының құрылғанына 35 жыл толуына арналды.

Конференцияда университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков қатысушыларды құттықтады. Шараға Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтайдың, сондай-ақ, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мәдина Өмірқұлованың қатысуы конференцияны айшықтай түсті.

– 35 жыл – жай ғана сан емес. Бұл – саралау, қорытындылау және ең бастысы, жаңа көкжиектерге қадам басатын кезең. Психология кафедрасы бұл белеске лайықты жетті деп сенемін. Биік көрсеткіштер, ғылыми жетістіктер мен мықты әлеует – кафед­рамыздың мақтанышы, – деді Мәдина Өмірқұлова.

Пленарлық отырысты психология ғылымдарының кандидаты, психология кафедрасының профессоры Р. Сабирова ашты. Баяндамасында «Евней Арыстанұлы Бөкетов – ғалым, педагог, қоғам қайраткері» тақырыбын кеңінен қамтып, «Бөкетов – адал ғылымның, гуманизм­нің және ағартушылыққа адал қыз­мет етудің символы» екенін ерекше атады.

– Сәлкен Балаубаевтың еңбектерінде қазіргі жағдайдағы психология және басқа ғылымдарда қозғалып жатқан көптеген мәселе ғылыми түрде зерттелген. Ғалымның бұл салаға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде даярланған «Қалдырған ізі мәңгілік» атты университеттің қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалымдар мен оқытушылар жайлы еңбекке Сәлкен Балаубаев есімі енгізілді, – деп атап өтті Нұрлан Дулатбеков.

Конференция еліміздің түпкір-түпкірінен келген жетекші психологтар, зерттеушілер мен студенттерді, сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан, Бразилия және басқа да елдерден келген шетелдік қонақтардың басын қосты.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Back to top button