Ғалымдар даму көшін бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болатынын атады. Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары ғылым саласында бірқатар өзгерістер болды. Атап айтқанда, ғалымдардың жалақысы өсті, жас мамандарды қолдау шаралары кеңейтілді, сондай-ақ, Қазақстанда ғылымды дамытуға жұмсалатын қаражат көлемі өсті.
Ұлттық статистика департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, Қарағанды облысында соңғы 6 жылда зерттеуші мамандар саны артып, ғылымға ерекше көңіл бөліне бастаған. Мәселен, облыста 2019 жылдары зерттеуші мамандардың жалпы саны – 1001 болса, бүгінде 270-ке артты. Ал, ғылым докторларының саны 54-тен – 126-ға көбейген.

Қарағандыда 30 ғылыми ұйым бар
Президент озық ойлы ғалымдарды тарту бағытындағы әлемдік тәжірибені терең зерттеуді, кәсібилігі жоғары мамандарға ел игілігіне жұмыс істетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Қарағанды өңірінде осы орайда соңғы алты жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысқан ғалымдар қатары 1 349-дан – 1 562-ге көбейген.
Соңғы мәліметтер бойынша, бүгінде елде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындайтын 438 ұйым бар. Оның 30-ы – Қарағанды облысына тиесілі. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша ел көлемінде аталған ұйымдарда 21 617 ғалым жұмыс істейді. Зерттеушілердің 35%-ы ғылыми немесе академиялық дәрежеге ие.
Жоғары білікті ғалымдарды даярлау кадрлық әлеуетті дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы бағытта жыл сайын орта есеппен 905 докторант және 20 мыңға жуық магистрант шығады.
Егер ғылыми-зерттеу орталықтарына келсек, өңірдегі ерекше ғылыми кешендердің бірі – аты әлемге танылған «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығы.
Қарағанды облысындағы ғылыми-зерттеу орталықтарының көш басында тұрған орталық халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми мектеп қалыптастырды. Мұнда 17 докторлық, 60-тан астам кандидаттық диссертация қорғалып, 20 PhD және 30-дан аса магистр даярланған. Осы орайда 17 елдің 150-ден астам шетелдік ғалымдарын біріктіретін Халықаралық орталық – Қарағандының ғылымға қосқан үлесін айшықтайды.
Жас ғалымға жол ашық
Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға конкурс өткізіп, «Жас ғалым» ұлттық жобасы аясында жас мамандарды қолдауға 86 миллиард теңге бөлді. Гранттық қаржыландыру бойынша республикалық байқауда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жас ғалымдарының жалпы сомасы 200,3 млн теңгені құраған төрт жобасы мақұлданғанын айта кеткен жөн.
– Антибактериалды, қабынуға қарсы және антиоксиданттық әсері бар табиғи заттар негізінде азот қосылыстарын синтездеудің тиімді әдістерін әзірледік. Бұл жоба туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеуге көмектеседі. Препараттардың жіті бактериялық инфекциялар кезінде тиімділігі жоғары, – деді жобаның ғылыми жетекшісі Жанар Рахымберлинова.
Сондай-ақ, ғылымды дамытудың бір бағытын негізге алған Қарағанды облысындағы құны 2 млн теңге болатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты үлестірілді.
– Ғылым мен техника біздің өмірімізді жеңіл және жайлы етеді. Жастарды ғылымға тарту үшін, ең алдымен, оның қолжетімді және қызықты болуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі кезеңде ақпараттық технологиялар дамығандықтан ғылымды әлеуметтік желілер арқылы танымал ету маңызды. Жастар TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформаларда көбірек уақыт өткізеді. Сондықтан, ғылымды сонда насихаттау қажет. Гранттар, стипендиялар, ғылыми тағылымдамалар сияқты мүмкіндіктер көбейсе, жастар ғылымды мансап ретінде қарастыра бастайды. Оған қоса, табысты жас ғалымдарды насихаттау да зор мотивация, – деді «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпазы Назерке Амантаева.
2023 жылы облыста ғылымда жүрген жастарды үймен қамту да тың жолға қойылды. «Отбасы банкпен» мақұлданған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің 14 жас ғалымына пәтер сертификаттары табысталды.
– Талантты оқытушылар, ғалымдар мен қызметкерлер еңбегі бағаланғаны қуантады. Осындай қадамдар еліміздің ғылыми әлеуетін арттыра түседі, – деді пәтер сертификатын иеленген жас ғалым Маржан Елеусіз.
Әлеует көтеру – маңызды
– Кейінгі 4-5 жыл ішінде ғылым мен білімге құйылған қаражат артты. 2020 жылдары университеттің қаражаты 300 млн теңге шамасында болса, қазір 2,5 млрд асты. Нәтижелері шығатын конкурстан кейін қаржыландыру мөлшері 3 млрд теңгеден асады деген ойдамыз. Бүгінде университет қабырғасында 400-ден астам ғалым бар, оның 30%-ы – жастар. Жас ғалымдар Қытай, Түркия, Өзбекстан және басқа да шет елдерге шығып, білімдерін арттыруда. Ханьян университетінің өзіне 15 жас барып қайтты. Кейінгі жылдары жас ғалымдарды қолдауға 150 млн теңге бөлінген. Жақында ғана 8 ғалым әрқайсы 1 млн теңгеден грант алды. Университет тарапынан ғалымдарға пайызсыз ссуда берілетінін білесіздер, оған 80-90 млн-ға жуық ақша бөлініп, ғалымдарға көмек көрсетілді, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Елімізде ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу үшін отандық ғылымның әлеуетін көтеру – маңызды.
Президент «Ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекетте қуатты болады», – деді. Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта қазақстандық студенттердің 90%-дан астамы бакалаврда, 8-9%-ы магистратурада және 1%-ы ғана докторантурада оқиды. Отандық жоғары оқу орындарында әлеуетті ғалымдардың резерві өте шектеулі. Сондықтан, алдағы жылдары студенттерді ғылымға тартуға және оны жастар үшін тартымды әрі перспективалы етуге басымдық беріледі.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»