Ғалымбек КЕНЖЕБАЕВ: Бокста есе қайтаратын күн алда…
«Қарағанды боксы» десек, тілімізге Серік Нұрқазов, Аркадий Топаев, Серік Елеуов, Василий Жиров, Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, Абылайхан Жүсіповтер оралады. Қазір облыстың боксында тыныштық байқалады. Париж Олимпиадасына кеншілер өлкесінен ешкім бармады. Дүркіреп тұрған Қарағандының бокс мектебі қайда? Саңлақтардың ізбасарлары қайда жүр? Төрт жылдың басты бәсекесіндегі отандастарымыз көрсеткен нәтижесі көңіл көншітпеген соң, осы сұрақтарға жауап іздедік. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының кеңесші-консультанты, атақты Геннадий Головкиннің алғашқы бапкерлерінің бірі Ғалымбек Кенжебаевты әңгімеге тарттық.
– Ғалымбек Қалиұлы, әңгімеге төтесінен бір-ақ түсейік. Қарағанды боксының құлдырауына не себеп?
– Иә, Қарағанды боксы құлдырап, нәтиженің төмендеп кеткені өтірік емес. Бұған дейін 1996 жылдан бері жазғы Олимпиаданың бәріне қарағандылықтар қатысқан. Нәтижесі де жақсы еді. Алайда, Парижге бара алмады. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алғалы бергі ең төмен көрсеткіш болып отыр. Оның бірнеше себебі бар. Кеңестік кезеңде Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстары көш бастаған. Ішінде Қарағанды бокс мектебінің жөні бөлек еді. Ал, қазір барлық облыстар өз мықтыларын халықаралық додаларға қосу үшін, мығым дайындалып жатыр. Әсіресе, оңтүстік аймақтар соңғы кезде қарқынды даму үстінде. Кез келген салада, оның ішінде, спортта да шарықтайтын және құлдырайтын кезі болады. Мәселен, кеншілер де үнемі межеленген жоспарды орындай бермейді. Зауыттар да солай. Неге? Өйткені, өнім шығаратын станоктар ескіруі мүмкін немесе өнімнің өзінің сапасы нашарлауы ықтимал…
Тағы бір айта кетерлігі, соңғы кездері спорттың түрлері көбейді. Бұрын бокс, күрес, жеңіл атлетика, футбол сынды санаулы спорт болса, қазір жыл сайын жаңа спорт түрлері пайда болуда. Бірақ, боксқа деген сұраныс төмендеді дей алмаймыз.
– Абылайхан Жүсіпов әуесқой боксқа оралды. Бұған не дейсіз?
– Өз басым жастар боксында 10 жылдан астам уақыт облыстың және республиканың бас бапкері болдым. Сәл кейіндеу жастар арасындағы мықты боксшылар азайыңқырап қалды. Мәселен, Абылайхан Жүсіпов ересектерге ауысып, екі рет Олимпиада ойынына қатысты. Әлем чемпионатында, Азия біріншіліктерінде жүлдегер болды. Енді, қайта оралып жатыр. Қуаныштымын. Кәсіпқойдан біраз тәжірибе жинап келді. 71 келі бойынша одан үмітіміз – мол.
– Қарағандылықтардың Парижге бармауының басқа себебі жоқ па?..
– Тағы бір айта кетерлігі, Олимпиадалық салмақ дәрежесінде қысқарту орын алды. Бұрын 12 салмақ болса, биыл Парижде жеті-ақ салмақ. Мысалы, Талғат Сырымбетов деген боксшымыз бар. Салмағы – 60 келі. Бұл салмақ Олимпиадада жоқ. 63-ке талпынды, салмағы мен бойы жетпей өте алмады. Ал, Талғат Елорда кубогінде финалда 60 келідегі басты фаворит Серік Теміржановты жеңіп, алтын медальды еншіледі. Осы турнирде Кәрім Серкебаев деген талантты боксшымыз 54 келіде топ жарды. Қазір екеуі өз салмағында көш бастап тұр. Бірақ, салмағы Олимпиада санатына кірмейді.
– Басқа қандай бокшыларымыз бар?
– Ауыр салмақта Нұрмағамбет Юсупов бар. Ол Атырауда бірінші орынды алса, Түркістанда Азия чемпионын тізе бүктірді. Жастар арасында Ислам Советов деген Азия чемпионы бар. Ол да қазір ересектерге ауысып, Түркістанда бірінші орын алды. Қараша айында Сербияда Әлем чемпионаты өтеді. Оған үш боксшымыз дайын. Олар: 60 келіде Алексей Хаванцев, 86 келіде Иманғали Нұрпейіс, 92 келіде Расул Асанханов. Бұдан бөлек, 80 келіде Дамир Синеев деген мықтымыз бар. Ол қазір Ресейде оқу-жаттығу жиынында. Ресейде өтетін жарыста жақсы нәтиже көрсетсе, Сербияға баруы мүмкін. 54 келіде Нұрислам Бекеннің жөні бөлек. Жастар арасында осылардан үмітіміз мол. Келесі Олимпиадаға осылардың арасынан кем дегенде 2-3 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіміз деген сенім бар. Одан да көп болуы мүмкін…
– Неліктен Арқадан бокстың жарық жұлдыздары шықпай жатыр?
– Бізде чемпиондар көп. Бәрі танымал емес. Қазір нәтиже сәл төмендеп тұрса да, алдағы уақытта Гена сияқты мегажұлдыздар шығатынына бек сенімдімін. Мұны көпжылдық тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді атам қазақ. Сондықтан, жұмысты тоқтатпаймыз. Әр бала талантты, мәселе оны аша білуде. Насихат жағы көбейсе, көп көмек болар еді. Қарағанды бокс мектебі болған, болды және болады. Бұған күмәнім жоқ!
– Ал, қазіргі бапкерлер құрамына көңіліңіз тола ма? Кімдерді атап өтер едіңіз?
– Мен 2009-2012 жылдары облыста бас бапкер болдым. Осы кезеңде Серік Сәпиев облыстың атын әлемге танытты. Қазақстан федерация кубогін 2011 жылы Қарағанды облысы жалғыз рет жеңіп алған. Қарағандыда С.Сәпиевті дайындаған Александр Стрельников, 80 жастағы Эдуард Матросов, А.Топаевты дайындаған Қанат Жақсыбаев, Сайын Аратаев сынды ардагер бапкерлер бар. Серік Сәпиев, Серік Елеуовтер осы Сайын ағаның қамқорлығын көріп, тәрбиесін алған.
Еңбегі сіңген марқұм Андрей Райш, Леонид Тілеубаев, Ярослав Титисев, Владимир Маслинді атап айту керек. Дархан Дүйсенбековтің шәкірттері де қазір үздіктер қатарында. Аркадий Топаев, Бейбіт Есжановтар бар. Александр Насибулиннің және Абылайханның бапкері Бауыржан Аманбаевтың жөні бір бөлек. Аудан, қалаларда еңбек етіп жатқан Алексей Сафронов, Рамазан Мизинбаев, Сәбит Кульбарин сынды мықты бапкерлер бар. Негізі, әр әлем чемпионатынан соң бапкерлердің де жұмысы көрінеді.
– Назым Қызайбай Парижде қола алды. Қарағандыда қыздар боксы қалай дамуда?
– Қарағандыда қыздар боксы да жақсы дамыған. Қыздар арасында Азия чемпиондары баршылық. 22 жасқа дейінгілер арасында екі дүркін Азия чемпионы Жасмин Қизатова, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Милана Сафронова бар. Кезінде мықты боксшы болған Елдос Сайдалин қыздар боксын дамытуға сүбелі үлес қосуда. Ол Париж Олимпиадасына Ұлттық құраманың бас бапкері болып барды. Назым Қызайбай қола медаль еншіледі. Алдағы Олимпиадаға қарағандылық қыздарымыз да баруы тиіс.
– Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы мен бокс федерациясының жұмысы туралы не айтасыз?
– Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының бізге жасап жатқан қамқорлығын атап айтпасқа болмайды. Басқарма басшысы Темірхан Абылаев бәрін қадағалап, ұйымдастырып отыр. Мен көп жыл істеген тәжірибемнен білемін. Бұрын мұндай мүмкіндік болмаған. Қазір бәрі бар, тек нәтиже көрсетсең болғаны. Қазір бапкерлер Азия, әлем чемпионаттарына бірге барады. Облыста жаңа бокс федерациясы ашылды. Федерацияны басқарып отырған Самат Адхам да жемісті жұмыс істеуде. Жас мамандардың талабы күшті. Алдағы күндерден үміт – мол.
– Уақыт тауып, тұщымды әңгіме өрбіткеніңізге көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»