Жаңалықтар

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ “Жақсы аға” (Ұ.Мұқышұлына)

Секілді тағдыр осы құз етегі,

Басыңнан жаз өтеді, күз өтеді

Аңқылдап ақ самалдай сен де кеттің,

«Жаңаарқа» газетінің Ұзекеңі.

 

Тілейтін ағайынның бірлігін де,

Жеткенсің ұрпағыңмен нұрлы күнге

Сіздің де есіміңіз қалады аға,

Ауданның рухани тірлігінде.

 

Тағдыры сыйласа да желдің өтін,

Жазғаны оқырманын сендіретін,

Бойыңда біздер көрген сан қырың бар

Аға едің есіміңді ел білетін.

 

Білеміз көш соңынан көш келерін,

Ел менен жерді сүйіп өскен едің.

«Нұр тұнған Жаңаарқа» деп кітап жазған

Бауырында туған бала Ескененің.

 

Жігітке жеткізер ме ғапыл арман,

Аға едің жаратылған заты бардан.

Ұзеке, туған жердің бір шоқысы

Жаңаарқа шежіресінде аты қалған.

 

Аға едің маңдай термен асқар асқан,

Қолыңнан қаламыңды тастамастан.

Алдыңды көрген мен де бір шәкіртің

Алғашқы өлеңімді тасқа басқан.

 

Тірлікте мөлдіреген тамшың қалып,

Ұрпағың жетер болсын, сол шыңға анық.

Ұзаға, ұзағанда керуенің

Мәңгілік мекеніңіз болсын жарық!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button