Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ: Сөзін айтқан елдіктің…
Сөзін айтқан елдіктің…
Жезқазғанның туы да, байрағы да
Рухының айналған қайрағына.
… Ежелден-ақ елдіктің сөзін айтқан,
Орын бермей қайдағы-жайдағыға.
Кеңгір толқып жатқанда тынып кеште,
Бұл “Сарыарқа” салатын ғұрыпты еске.
Ұлық көшке ілесіп заманының
Ол да келіп қалыпты қырық беске.
Керуен көшті,
Сыртта сан заман қалды,
Жолдары да күндердің тарамдалды.
Қарыздармын қырын қап шыңға ұшырған –
Жезқазғанның газеті, саған мәңгі!
Ел даланың бұл да бір құралайы,
Тектіліктен жаралған тұла бойы.
… Әр жолында – Ерденнің есті сөзі,
Әр бетінде – Қаныштың ғұлама ойы.
Түлкі заман сан рет бұлаң еткен,
Танбайтын бұл басылым бір әдеттен.
Арманының шырағын жағып беріп,
Ұлытаудың ұланын қыран еткен.
Қылықты ойым, көгімде ағар таңым,
Сәні болған саңлағым сан ортаның.
Ғұмыр бойы елдіктің сөзін айтар,
Құтты болсын бұл тойы “Сарыарқаның”.