Жаңалықтар

Ғалым, педагог, ұйымдастырушы

Бүгін Сарыарқаның дара перзенті, Қазақстанның көрнекті ғалым-экономисі, педагог, ғылым мен жоғары білімнің ұйымдастырушысы, академик Яхия Әубәкіровтің туғанына 100 жыл толып отыр.

Сурет автордан

Яхия Әубәкірұлы 1925 жылдың 18 тамызында Шет ауданының Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетін бітірген соң С.Киров атындағы ҚазМУ-дың аспирантурасына түсіп, 1952 жылы оны кандидаттық диссертация қорғаумен аяқтады.

Диссертациясын қорғағаннан кейін Яхия Әубәкірұлы ғалымдық жолын университет ұстаздығымен және жоғары білім саласын ұйымдастыру ісімен шебер ұштастыра білді. Ол республикамыздың қос ірі жоғары оқу орнында – ҚазМУ мен Алматы халық шаруашылығы институтында кафед­ра меңгерушісі әрі проректор қызметтерін атқарды. Әсіресе, Алматы халық шаруашылығы институтының қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі орасан зор болды.

1972 жылы Яхия Әубәкірұлы ғылым докторы дәрежесін иеленді. Ал, 1989 жылы экономикалық теорияны дамытудағы еңбегі үшін ол Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі болып сайланды. Бұл кезеңде ол республикада ғана емес, одақ көлемінде де танылған, беделді экономист-ғалымдардың бірі еді.

Оның социализм жағдайындағы экономикалық заңдардың көріністері жөніндегі баяндамасы, ол әлі ғылым кандидаты кезінде Мәскеу экономикалық үйірмесінде жасаған, әріптестері тарапынан үлкен ғылыми әлеуетінің дәлелі ретінде мойындалды.

Маған Яхия Әубәкірұлымен жақын араласу бақыты бұйырды. Бұл таныстық 80-жылдардың соңында, ол менің докторлық диссертацияма алғашқы ресми оппонент болған сәттен басталды. Академик Әубәкіровтің оппоненттік пікірі – ғылыми талапшылдық пен терең адами ізгіліктің үйлесімі болатын. Мұндай қасиеттердің тоғысуы – үлкен байлық, себебі ол кез келген ғылыми еңбектің сапасын арттыруға ғана емес, нағыз ғылыми қауымдастық рухын орнықтыруға да ықпал етеді.

Яхия Әубәкірұлының отбасын да жақсы білемін және ол мен үшін үлкен мәртебе. Оның адамдық болмысы, сөзсіз, осындай тату әрі өнегелі отбасының қалыптасуына басты негіз болды. Бәлкім, сондықтан да біз бүгінде Яхия Әубәкірұлын ғана емес, әлемге танылған, атақты пианист, Қазақстанның мақтанышы – Жәния Әубәкірованы да білеміз және мақтан етеміз.

Академик Яхия Әубәкірұлының Қазақстандағы саяси экономия ғылымын дамытудағы еңбегін бөле-жара айту керек. Ол саяси экономияны – экономиканың жалпы теориясы ретінде бағалай отырып, теориясыз тек ғылыми ізденіс қана емес, кез келген практикалық іс-әрекеттің де мүмкін еместігін үнемі атап өтетін. Сол себепті де ол жақсы теориядан тиімді ештеңе жоқ деген шындықты жиі еске салатын.

Яхия Әубәкірұлының білім көкжиегі теңіздей терең, ойлау өрісі даладай кең еді. Сол кеңдік оған кейде тар шеңберлі түсініктен, кейде үстірт сәнге еліктеген ағымдардан туындайтын жалған қайшылықтардың тұзағына түс­пей, олардың бетін сабырмен қайтарып, шынайы ғылыми жолды табуға мүмкіндік беретін.

Сондықтан да, 90-жылдардың басында маркстік саяси экономияны орынсыз сынау, тіпті түбегейлі жоққа шығару сәнге айналған шақта, Яхия Әубәкірұлы сол кезеңнің саяси ахуалына ермей, байыпты да салмақты ұстанымын сақтады. Оның пікірінше, марксизм ешқашан да абсолютті ақиқатқа айналған, мінсіз ілім болған емес. Дегенмен, ол әлемдік экономикалық ойдың дамуына елеулі үлес қосқан, бүгінгі күнге дейін маңызын жоймаған аса ірі саяси-экономиялық тұжырымдамалардың бірі.

Сондықтан, ол марксизмге кез келген іргелі теорияға қарағандай – үстірт саяси конъюнктураға сүйенген орынсыз жоққа шығару емес, ғылыми әдіснамаға негізделген сындарлы қайта пайымдау қажет деп санады. Яхия Әубәкірұлының сөзімен айтсақ: «Сумен бірге сәбиді де төгіп тастауға болмайды». Бұл – оның ғылымдағы әділдік пен байыптылықты ту еткен өмірлік ұстанымының көрінісі еді.

Яхия Әубәкірұлының ой-өрісінің кеңдігі мен мәселелерді кешенді түрде көре білу қабілеті оның өтпелі кезең экономикасын талдауынан да айқын аңғарылады. Оның пайымдауынша, өтпелі кезеңде өткеннің сарқыншақтары сақталады, бірақ, олар таза күйінде көрініс таппайды. Бұл кезеңнің ерекшелігі – оның экономикасы әртүрлі меншік нысандары тоғысқан, болашағы алдын ала болжана бермейтін көптеген элементтерден тұратын күрделі құрылым болуы.

Сондықтан, мұндай жағдайда бастапқы нүктеден әрі қарай даму да, белгілі бір деңгейде кері шегініп, өткенге оралу да мүмкін. Осы себепті академик Әубәкіров өтпелі экономикаға талдау жасауда тек бұрынғы түсініктерге немесе әлі де толық ой елегінен өтпеген жаңа тұжырымдамаларға сүйенген дайын қалыптарға жүгінуге болмайды деп есептеді. Оның ойынша, кез келген концепция белгілі бір қоғам экономикасының нақты ерекшеліктерін ашып көрсетуі тиіс.

Қазақстанның әлемдік экономикаға және жалпы әлемдік прогрессивті үрдістерге ықпалдасуын жақтаған Яхия Әубәкірұлы реформалардың алғашқы күндерінен бастап-ақ ел мен оның экономикасының дамуы әрдайым ұлттық дәстүрлерге сүйенуі тиіс деп санады. Яғни, даму басқа елдердің тәжірибесін соқыр түрде көшіру арқылы емес, өзіміздің тарихи-мәдени негізімізге арқа сүйеп құрылуы қажет еді.

Нарықтық реформалардың қа­жеттілігін түсіне отырып, Яхия Әубәкірұлы сонымен қатар, рыноктық экономиканың табиғи шектеулілігіне де әрдайым назар аударды. Оның пікірінше, совет үлгісіндегі жоспарлы экономикамен салыстырғанда артықшылықтары болғанымен, нарықтың да өз ішкі заңдылықтарынан туындайтын бірқатар елеулі кемшіліктері бар. Өйткені нарықтық шаруашылықтың басты принципі – жекеменшікке негізделген іс-әрекет, мұнда жеке мүдде бәрінен жоғары тұрады. Әр тауар өндіруші өз өнімін нарықта барынша тиімді бағамен сатуға ұмтылады. Ал, тауар-ақша қатынасына негізделген шаруашылықтағы негізгі қозғау­шы күш – мүмкіндігінше мол пайда табу.

Сондықтан да, Яхия Әубәкір­ұлы: «Нарық өздігінен белгілі бір себептермен өзіне және отбасына қажетті өмірлік қаражатты қамтамасыз ете алмайтындарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алмайды. Бұл – еңбекке қабілетсіз жандарға, уақытша жұмыссыздарға, оқушылар мен сту­денттерге қатысты. Нарық қо­ғамдағы бірқатар маңызды мәселелерді де шеше алмайды. Атап айтқанда, ел қорғанысын, іргелі ғы­лымды, ішінара денсаулық сақ­тауды, білім беруді, мәдениет пен спортты және бүкіл қоғамның мүддесіне әсер ететін өзге де әлеуметтік маңызы бар салаларды» – деп есептеді. Осыған байланысты академик Әубәкіров аралас экономиканы қолдады. Ол: «Қазіргі тәжірибе аралас экономиканы құрудың қажеттілігін көрсетеді. Онда дамыған елдерде және кеңестік жүйеде қалыптас­қан шаруашылық жүргізу әдістері ұштастырылуы тиіс. Аралас экономиканың меншік нысандары қатынасындағы басты көрінісі – халық шаруашылығында рыноктық та, рыноктық емес те тетіктердің тең дәрежеде қызмет етуі, макроэкономикалық үдерістерге жоспарлы ықпал ету мен рыноктық реттеу тетіктерінің қатар қолданылуы. Аралас экономика тек әлеуметтік бағыт ұстанғанда ғана тиімді бола алады. Ал жұмысшылардың еңбекақысы олардың еңбек күшін өндіруге кеткен нақты шығындарды барынша толық өтеуі қажет», – деп атап өткен еді.

Аралас экономиканы қалыптастыру үшін Яхия Әубәкірұлының пайымынша, Қазақстанда мемлекет экономикадан шеттеп қалмауы керек. Керісінше, ол қазіргі заманғы қазақстандық экономикалық жүйені қалыптастыруда белсенді рөл атқаруы тиіс. Дегенмен ол кеңестік үлгідегі мемлекеттік араласу моделін қайта жандандыруға ұмтылудан сақтандырды.

Мемлекеттің экономикадағы рө­лі туралы өз көзқарасын ол былай жеткізді: «Шаруашылықтың жай-күйіне жауапкершілікті бір орталыққа – оны оңтайландырып отыратын құрылымға артуға ұм­тылу – кеңестік үлгідегі шаруа­шылық кезеңінде өтіп кеткен жол. Қазіргі жағдайда мемлекеттік реттеу – бұл ақпарат ағындарының қозғалысына, адам білімін, ғылыми жетістіктерін және оның интеллектуалдық әлеуетін пайдалануға байланысты процесс. Міне, дамудың нағыз бастауы осы».

Академик Әубәкіров қазақ­- с­тандық ғылымда алғашқылардың бірі болып, адами капитал феноменіне назар аударды. Ол қазіргі экономиканың дамуы үшін ең басты шарт – адами капитал екенін айтты. Оның түсінігінде, адами капитал білім мен ғылым саласына мақсатты инвестиция салу, халықтың денсаулығын сақтау, білікті кадрларды көбейту және олардың еңбек өнімділігін арттыруға, қоғамдық өндірістің ти­імділігін көтеруге мүдделілігін қа­лыптастыру нәтижесінде өсетін байлық.

Одан бөлек, ол адами капитал құрылымында кәсіпкерлердің орнын ерекше атап өтті. Бұл жөнінде ол: «Бәсекелі нарықтық ортада адами капиталдың маңызды құрамдас бөлігі – кәсіпкерлер мен іскер адамдардан тұратын әлеуметтік топ айрықша рөл атқарады. Олар халық шаруашылығының әртүрлі салаларында өндірісті ұйымдастырып, оны басқаруға тиіс», – деп жазған еді.

Көріп отырғанымыздай, қазіргі дамудың басты шарты санала­тын адами капитал факторын тү­сіндіруде де академик Яхия Әу­бәкірұлы өзінің ой-өрісінің кеңдігін, ауқымды әрі кешенді ойлай білу қабілетін айқын көрсетеді. Бұл қасиет – оның зерттеп, түйіндеген барлық тақырыптар мен бағыттарынан да анық байқалады.

Бүгін біз академик Яхия Әу­бәкіровтің 100 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Біз оны көптеген әріптестері мен шәкірттері жайлы жылы лебізбен еске ала­тын абзал жан ретінде ғана емес, сондай-ақ, артында мол ғы­лыми мұра қалдырған, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым ретінде де қадірлейміз. Бүгінде оны еске алып қана қоймай, оның сан қырлы ғылыми еңбегіне, сол еңбектен нәр алған ғалымдар мен тәжірибелі мамандарға сүйенуді жалғастырып келеміз.

Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры, экономика
ғылымдарының докторы, профессор

Басқа материалдар

Back to top button