Білім

Ғалым – қоғамның қозғалтқышы

12 сәуір – Ғылым күніне орай Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде жас ғалымдар форумы өтті. Форум аясында талқылаулар жасалды, жарқын құттықтаулар айтылып, мерейлі марапаттар табысталды. форум академик Евней Бөкетовтің 100 жылдығы қарсаңында ғалымның есімін ұлықтай отырып, жас ғалымдардың тың дүниелерін насихаттау, өскелең ұрпақты ғылым мен білімге шақыруға бағытталуымен маңызды.

Құттықтау сөз алған университеттің Басқарма төрағасы-ректор Нұрлан Дулатбеков кейінгі жылдары елімізде ғылымды дамытуға көп көңіл бөліне бастағанын, Мемлекет басшысының өзі ғалымдарды – адами капитал, қоғамды алға жылжытатын күш ретінде айтқанын тілге тиек етті.

– Кейінгі 4-5 жыл ішінде ғылым мен білімге құйылған қаражат артты. 2020 жылдары университеттің қаражаты 300 млн теңге шамасында болса, қазір 2,5 млрд асты. Нәтижелері шығатын конкурстан кейін қаржыландыру мөлшері 3 млрд теңгеден асады деген ойдамыз. Бүгінде университет қабырғасында 400-ден астам ғалым бар, оның 30%-ы – жастар. Жас ғалымдар Қытай, Түркия, Өзбекстан және басқа да шет елдерге шығып, білімдерін арттыруда. Ханьян университетінің өзіне 15 жас барып қайтты. Кейінгі жылдары жас ғалымдарды қолдауға 150 млн теңге бөлінген. Жақында ғана 8 ғалым әрқайсы 1 млн теңгеден грант алды. Университет тарапынан ғалымдарға пайызсыз ссуда берілетінін білесіздер, оған 80-90 млн-ға жуық ақша бөлініп, ғалымдарға көмек көрсетілді.
Жас ғалымдарды баспанамен қамту да – ұзақ мерзімге бағдарланған стратегиялық шара. Ғалымдардың жаңа бастамалармен, зерттеулермен алаңсыз айналысуына мүмкіндік береді, – деп атап өтті ректор.

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма төрағасы Әділ Құсманов бағдарламадағы өзгерістер мен жаңалықтарды жеткізді. Сонымен қатар, Әділ Миратұлы оқу орнының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлеріне Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ, ведомстволық «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.
Шетел тіліне даярлаудың теориясы мен әдістемесі кафедрасында қауымдастырылған профессоры Жанар Есказинова – Алғыс хат иегері.

– 30 жылға жуық қызмет атқарамын, – дейді ол. – Еңбекті елеген факультет және университет басшылығына алғыс білдіремін. Қазір цифрлық технологиялың дамуына байланысты ғылымға көп көңіл бөлінеді. Жастар шетелден ғылыми тағылымдамадан өтуде, баспана алуға да қолдау бар, жыл сайын университетішілік гранттар да табысталады. Бұл шаралар жастарды ынталандырады.

Жанат Юсупова – форум аясында тұрғын үй сертификаты табысталған жастардың бірі. Наурыз айында өтініш беріп, міне, университет тарапынан сертификатқа ие болды.

– Енді банкке барып, төлем қабілеттілігін растап, пәтер рәсімдейміз. Бағдарламаға қатысу шарттары бар: ғылыми салада еңбек ету керек, өтініш беруші мен отбасы мүшелері атында үй болмауы қажет. Өзім физика-техникалық факультеті ғылыми кіші қызметкермін, докторантурада оқып жатырмын, келесі жылы бітіремін. Жолдасым да осы университетте қызмет етеді. Мұндай мүмкіндіктің берілгеніне қуаныштымын, – дейді Жанат Юсупова.

Шарада 14 ғалым пәтер кілттеріне ие болды. сертификаттарды «Отбасы Банк» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспай табыс етті.
Университет ректоры Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, университеттің зерттеу мәртебесін алуы жас ғалымдардың ғылымға қосқан үлесінің арқасында мүмкін болды. Сондықтан, оларды баспанамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
Жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы 2023-2027 жылдарға арналған жас ғалымдарды тұрғын үймен несиелеу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асты.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Гүлнар МАХАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button