Ғалым ғұмыры – өнеге өрісі
Әлем әспеттеп, халқы қошеметтеген тарихи тұлға Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына арналған игілікті іс-шараны кеншілер қаласы былтыр күзде «Қаныш Сәтбаев: Тұлға. Патриот. Ғалым» атты халықаралық симпозиумнан бастады. Мүсінін қалпына келтіріп, қала орталығына қойды. Ғұлама ғалымның өскелең ұрпаққа өнеге өрісін ашатын ғибратты ғұмыры өзегіне айналған өміршең іс-шара легі биыл өз жалғасын тапты. Қала ақындарының қатысуымен «ән болып төгілген, жыр болып өрілген – қаныш» әдеби-сазды кеші, «тарихи тұлға құжаты – қала архивінде» тарих сабағы өтті. Жастар ресурстық орталығы «ұлы тұлға қаныш сәтбаев» тақырыбында жоба қорғауды ұйымдастырды.
Мерейтой иесі туған күні «Кеншілер даңқы» алаңы абаттандырылып, көшет отырғызылды. Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүлдесте қойғаннан кейін қарашаңырақ Қарсақбайдан басталған даңқты еңбек дәстүрін лайықты жалғастырып, қасиетті Ұлытаудың беймарал баурайында қара тастан «қаймақ» қалқыған өндіріс майталмандары, еңбек ардагерлері мен қадірлі қонақтар Кеншілер сарайындағы салтанатты жиынға жиналды.
С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театры «Екі тағдыр» қойылымынан алынған үзіндімен ашты. Құбажондағы Қарсақбайда қабырғасы қайысқан Қаныштың жан тебірентер мазасыз монологы мен Мәскеудегі Кремльде өткен алқалы жиында Үлкен Жезқазған жолындағы жалынды сөзі сонау 1939 жылы қалыптасқан қиын кезеңді көз алдыңа алып келеді. Тұлға таланты таразыға тартылған тарих тағылымы!..
- Бар ғұмырын халқына арнаған алып академиктің еселі еңбегі біздің Сарыарқа жеріне, қасиетті Ұлытау топырағына қаншалықты сіңгені баршаға мәлім. Қаныштай кемеңгер тұлғадан ұрпақ жадында мәңгі қалар бедерлі белгінің бірі – мысты шаһар Жезқазған мен сәулетті Сәтбаев қаласы. Ғұлама ғалымның есімін иелену біздің қалаға бұйырды. Бұл – зор мақтаныш, өлшеусіз жауапкершілік. Оны әлемге әйгілі жезқазғандық мысқа шахта шыңырауынан сапалы шикізат өндіретін әрбір сәтбаевтық терең сезінеді. Оларға ортақ қасиет кәсібіне адалдық пен шынайы шеберлік, – деді мерейтой иесі туралы тереңнен толғаған қала әкімінің міндетін атқарушы Сұлтан Нарботаев.
Содан кейін айтулы оқиғаға орай жылу-сумен жабдықтау кәсіпорнының бөлім меңгерушісі Ш.Байқасовқа, «Жомарт» кенішінің конвейер машинисі С.Сороколетовке, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының мүшесі М.Тілеуовке, №57 шахтаның сорап қондырғысы машинисі С.Түленовке – облыс әкімінің Құрмет грамотасын, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы Г.Таңсықбаеваға – облыс әкімінің Алғыс хатын, қалалық мәслихат депутаты И.Біралинге, «Солтүстік» кенішінің темір жонушысы Э.Гутярға, «Оңтүстік» кенішінің машинисі Қ.Жұлдызғалиевке, «Қазақмыс» компаниясының ардагерлері – Ж.Ерғазинов пен Г.Крединаға қала әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды.
Жиналған жұртшылыққа Жезқазған кен өндірісі кешенінің бас директоры Сайран Әменов жүрекжарды тілегін жеткізді. Қаныштай дарынды дара тұлғаның ісін лайықты жалғастырып жүрген бірнеше әріптесі бұл күні «Қазақмыс» компаниясы басшылығының Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақысына ие болды. Олардың қатарында «Жомарт» кенішінің инженер-геологі З.Ермағанбетов пен аға геологі А.Бурцева, «Шығыс» кенішінің бас геологі В.Эйхольц, «Батыс» кенішінің бас геологі А.Жиенбаев, «Оңтүстік» кенішінің бас геологі М.Шойбекова мен кен жұмысшысы Н.Золотко бар.
Қаныш Имантайұлының Қарағандыдан келген туысқаны Күлтай Баязитова мен академик Ә.Марғұланның қызы, Қаныштың жиені Данель Әлкейқызы салтанаттың сәнін келтірді. Екеуінің терең тебіреніске толы есті естелігі ешкімді бей-жай қалдырмады. Күлтай апай: «Жезқазғандықтардың ынта-ықыласы ерекше дараланып, жылы леп есіп тұрады» десе, Данель апай: «Қаныш аға ортамызға оралғандай әсерде отырдым» – деп ағынан ақтарылды…
«Тау алыстаған сайын асқақтай береді» деген сөздің астарында жатқан ақиқатты мен осы кездесу кезінде аңғарғандай болдым. Расында, «сәтбаевтық кезең» қашықтаған сайын, оның сіңірген еңбегі соншалықты айқын сезіледі екен. Қаныштың есімін елі ешқашан ұмытпайды!
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.