Жаңалықтар

Ғалым өмірінен ғибрат

Заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Салық ЗИМАНОВ – «Қазақтың ата заңдары» атты энциклопедиялық он томдықты негіздеп шыққан ірі ғалым. Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада өткен шарада академиктің шәкірті, заң ғылымдарының докторы, профессор, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ ұстазы туралы кеңінен әңгімеледі. Кездесуді кітапхана директоры Дина АМАНЖОЛОВА жүргізді.

«Ағамыз Қазақстан заң ғылымының тұңғыш академигі, ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Конституциямыздың жазылуына үлкен еңбек сіңірді. Бала кезінен көрмегені жоқ. Соғысқа қатысқан. Майданда лейтенанттан подполковник шеніне дейін көтерілген. Соғыста қазақ арасынан мұндай сатыға көтерілген Бауыржан Момышұлы ғана. Салық ағамыздың айтыла бермейтін бір ерлігі туралы кезінде академик Зейнолла Қабдоловтың айтқаны бар: «Бірде соғыста Салық ағамызға қараған топ қоршауда қалады. Немістерді өзіне жақындатып алады да, бұл кісі рациямен хабарлайды. «Оқты маған жаудыруларыңызды сұраймын» дейді. Сөйтсе де, ажалы келмей, көптеген неміс әскерін қырып жібереді». Соғыстан кейін мектепте мұғалім бола жүріп, заң институтын сырттай бітіреді. Қабілет-қарымының арқасында қазақ заң ғылымын жолға қойған адам. «Қазақтың ата заңдары» еңбегін өмір бойы тірнектеп жүріп жинақтады. Он томдық үлкен мұра. Бұл ұшан-теңіз еңбекке атсалысуға тырыстық. Қолымда бар архив мәліметтерін мен де бердім. Өйткені, заңдарды күллі қазақ даласынан, архивтерден жинастырып, ғылыми негіздеп шықты.

Ең соңғы мақаласын біз шығарған «Қаз дауысты Қазыбек би» энциклопедиясына арнап жазды. Сонда жасы тоқсаннан асқанына қарамастан, «Қазақтың ата заңдары және оның бастаулары» тақырыбында мән-мағынасы зор мақала жазып берді.

Бұл кісі қазақтың қоғамдық құрылысы, заң жүйесі туралы үлкен-үлкен монографиялар қалдырды. Ғылым академиясында Сәтбаевпен бірге еңбек етті. Қазақстан көлемінде жарияланбай жатқан небір үлкен зерттеулерді жарыққа шығарды. Өзінің ұстаздарының шықпай қалған еңбектеріне дейін жариялады. Қазақстанда заң ғылымының қалыптасуына көп күш салды. Заңгер мамандар тәрбиелеу үшін шетелдерден үлкен ғалымдар шақырып, тәжірибелерімен бөлістірді.

Ғалым ғана емес, бұл кісі елін сүйген нағыз ержүрек азамат болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісінен кейін үкімет жастарды айыптап жатқанда, ел алдына шығып, «бұлар ешқандай нашақор емес, Қазақтың патриот жастары» деп тайсалмай қарсы шыққан. Сонда тайсалмай тік сөйлеген Жұбан Молдағалиев екеуі ғана.

1991 жылдан бастап тәуелсіз еліміздің Парламентін[1]дедепутат болды. Тәуелсіз мемлекет қалай құрылуы керек, жаңа конституция, нарықтық экономика қалыптастыруда үлкен рөл атқарды. Керітартпа көзқарастағылардың бәріне ғылыми дәлелдермен жауап беріп отырды. Жаңа Қазақстанда заңдық құрылымдардың қалыптасуына, конституциялық кеңес құруда, тәуелсіз сот құрудың басында Президентпен бірге Салық ағамыз жүрді» деп ұстазының басқа да бірнеше қырларына тоқталды Нұрлан Орынбасарұлы.

Кездесуде «Алып тұлғалы ғалым» атты көрме ұйымдастырылды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button