Руханият

«Болмысы бөлек Бөкетов» естеліктер жинағы жарық көрді

Көрнекті ғалым, жазушы, аудармашы, публицист, бүгінгі Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің алғашқы ректоры Ебіней Бөкетовтің ғасырлық мерейтойы тұсында «Болмысы бөлек Бөкетов» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Салтанатты іс-шараға академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессор-оқытушылар құрамы, ғалымның туыстары, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері А.Нұхұлы, көрнекті ғалымдар қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Салтанатты жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері Алтынбек Нұхұлына университеттің «Құрметті профессоры» атағы берілді. Сонымен қатар, ол оқу ордасының ғылыми кітапханасына Қаныш Сәтбаевтың «Қазақстан табиғи байлықтары және ғылымы» атты 10 томдық кітабы мен алты тілге аударылған еңбегін сыйға тартты.

Жинақ ҚР ҰҒА-ның академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтің бастамасымен жарық көрді. Оған Е.Түйте, Қ.Асанов, Ж.Жарылғапов, Л.Харитонова, Ә.Жақан, А.Қайырбекова сынды шығармашылық топ еңбек сіңірді. Тамыз айында университет баспасынан шыққан еңбектің көлемі – 26 баспа табақ, жалпы көлемі – 420 бет. Таралымы – 200 дана.

– Ебіней Бөкетов отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосты. Биылғы мерейтойға орай оқу ордамызда ауқымды іс-шаралар лек-легімен жүзеге асып келеді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, университеттің Ұлттық атауын алуы – барша ұжымның елеулі еңбегінің жемісі, – деді университет ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Кітап үш бөлімнен тұрады: алғашқысы – «Біртуар», онда ғалымның әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері мен замандас қаламгерлердің ой-толғамдары жинақталған. Екінші бөлім – «Ғалымның ғибратты ғұмыры», мұнда ғылымдағы ізденістерін, адамдық болмысын бейнелейтін жүрекжарды жазбалар топтастырылған. Ал, үшінші бөлім – «Өлеңмен өріледі өлшеулі өмір», оған Хамит Ерғалиев, Кәкімбек Салықов, Бақытжан Тобаяқов сынды ақындардың арнау жырлары енген.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button