Жаңалықтар

Ғалым ақынның жыр кеші

Алаштың ақиық ақыны Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ 60 жасқа толған мерейтойының салтанатты беташарын үстіміздегі жылдың ақпан айында Жезқазғанда бастаған болатын. Одан соң ақынның мерейтойы облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қолдауымен Қарағандыда жалғасып, Халықаралық поэзия фестиваліне ұласқаны белгілі. Жақында Ғалым Жайлыбай туған жері Жаңаарқа ауданына келіп, «Туған жерге байланған кіндігім бар» атты шығармашылық кешін өткізді.

Мерейтой аясындағы ажарлы кешті ақын Қойлыбай Асанов жүргізді.

Ғалым 16 жасында аудандық «Жаңаарқа» газетінде сыршыл өлеңдерімен көрініп, елді елең еткізген еді. «Жеңіс» ауылында туып-өскен ол еңбек жолын ауылдағы комсомол-жастар бригадасында шопан болып бастады. Өлең оны шығармашылық ортаға қарай икемдеді. Талантымен таңдай қақтырған жас аудандық басылымда және облыстық «Жезқазған туы» газетінде тілші болып қалам қабілетімен танылды. Кейін Алматыдағы үлкен ақындардың ортасында өзінің лайықты орынын алып, поэзия көгінде жарқырап көрінді. Қазақтың қара өлеңінің қазанын қайнатып жүрген ақын не жазса да жүрекке жеткізіп жазады, сөз маржанын өз орнымен әрі ерекше іңкәрлікпен қолданады. Өлеңдерінде табиғи шынайылық басым. Заман мен қоғамның күрмеуі көп мәселелері мен көкейкесті тақырыптарды арқау еткен жырлары әлем халқының назарына ілініп жүр. Өлеңдері бірнеше елдің тілдеріне аударылған. Алатаудың шыңынан қалың қазаққа үн қатқан азамат ақын енді 60 жасқа толуына орай еліне келіп есеп беруде. Ақынның бағындырған асулары аз емес. Өлеңнің өрен жүйрігі атанған Ғалым Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қазақ ақындары жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы. Түркияның Сапанша қаласында өткен халықаралық жыр мерекесінде «Ақшам жұлдызы» арнайы сыйлығын қанжығасына байлады. Ресей Халықаралық Жазушылар ұйымының С. Есенин атындағы Алтын медалінің иегері. Өткен жылы Астана күніне орай өткізілген «Қазақстаным — ғажапстаным» республикалық жыр мүшәйрасында «Рух жыры» өлеңдер топтамасы бас жүлдені жеңіп алды. Баспадан 21 кітабы және үш томдық таңдамалы жинағы жарық көрген. Оның ішінде 14 кітабы шетелдерде аударылып, басылып шықты. Жақында ғана «Құрмет» орденінің иегері, Абай атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Жаңғырық» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы түрік тіліне аударылып, кітап болып басылып шықты деген сүйіншілі  хабар жеткен болатын.

Жаңаарқаның орталығындағы Мәдениет үйінде өткен шығармашылық кешінде аудан әкімі Юржан Бекқожин сөз сөйлеп, ақынға жыр додасында сәттілік пен табыс тіледі. Бұдан соң кезек жүрекке ыстық жырға берілді. Ғалым ақын «Ескі жұртқа жайылған тамырым бар, Туған жерге байланған кіндігім бар» деп өрілетін «Ескі жұрт» өлеңінен бастап, «Қаратаудың басынан көш құлады» циклді өлеңдерінен және жеті өлеңнен тұратын «Қара орамал» поэмасынан үзінді оқып, бір тыныстады. Кезекті ел ішіне өзімен бірге келген Алаштың айтулы ақындары Серік Ақсұңқарұлы мен Маралтай Райымбекұлына берді. Олар да көпшілікті отты жырларымен баурады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Ақсұңқарұлы: «Сәкеннің елі дегенге бәрі сияды. Осы елден рухтанып қуат алған Ғалымның ешкімге ұқсамайтын өз образы бар» деп баға берді. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Маралтай ақын бабаларының Жаңаарқа жеріндегі Ақтаудың баурайындағы Қосағалы өзенінің бойында жатқанын айта келіп, өзін осы өңірдің баласы санайтынын жеткізді. Әкесі Райымбек Райұлы Жаңаарқада туып, Шу бойындағы Сарысу ауданына кейін барған көрінеді. Өзінің «Ақынның тууы» деген өлеңін оқыған Маралтай ақын Ғалымның «Жетім құлын», «Тамакөшкен», «Қара орамал» өлеңдерінің қайталанбас үлкен эпопеяға айналғанын атап айтты. Ел ағалары да сөйледі. Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Хамзе Сәтжанұлы, ардагер журналист Ұзақбай Мұқышев және басқалары ақын талантының ерекшелігі мен өлеңдерінің өміршеңдігіне тоқталып, ізгі тілектерін білдірді. Жаңаарқа жері Сәкеннің әнімен әрленіп, Сайдалы Сарытоқаның күйімен тербелетіні белгілі. Республикалық байқаулардың лауреаты Балтабай Қызыров Сәкен ағамыздың «Біздің жақтасын» әуелетті. Басқа да өнерпаздар өнер көрсеткен соң кезек тағы Ғалым ақынның жырларына берілді.

Туған топырақтан күш-қуат алып, шабыттың ақ қанатын қомдай түскен Ғалым тағы бір заңғар биікке көз тіккен екен. Ақынның «Есіл ағады» жыр жинағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. «Баласы бәйгіге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» дегендей, жерлестері ұлттық құнары мен бояуы көркем, поэтикалық иірім-сазы ерекше шоқтықты жыр жинағының мәртебелі сыйлыққа әбден лайықты екендігіне бас шұлғысып, тілеулестіктерін білдірді. Туған жердегі тұғырлы кеште ақын ел ағаларының ыстық ықыласына бөленіп, баталарын алды.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖАҢААРҚА ауданы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button