МедицинаРесми

Алтынай Есқалиева: Ақша емес, адам денсаулығы маңызды

Халық денсаулығын жақсартуда алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдар басты орында. Себебі, медициналық көмектің қолжетімділігі сол емханаларда басталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры кейінгі жылдары алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарының қызметіне ден қоюда. Ресми дерекке сүйенсек, былтыр облыс емханаларында 26 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетіліпті. Оның сапасы мен дер кезінде көрсетілуі сол мекеме басшылығының және қордың бақылауында. Өйткені, барлық мекемелердің қызметін әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Теміртау қаласындағы №4 емхананың директоры Алтынай Есқалиевамен емхана жұмысы, қордың қолдауы жайлы сұхбаттасқан едік.

– Былтырдан бастап медициналық мекемелер жұмысына сызықтық шкала түсінігі енгізілді. Кей емханалар көрсеткен қызметінің ақысын ала алмай, шығындалуда дейді. Сіз басшылық ететін емханада бұл мәселені қалай шешіп жатырсыздар?

– Иә, сызықтық шкала қор бөлетін қаражатты бақылауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жоспар бойынша қаражат бөледі. Бірақ, жоспар мен нақты көрсетілген қызмет сәйкес келмеуі мүмкін. Бір айға бөлінген қаражат сомасынан асып кетсе, ол қайтарылмайды. Сондықтан, әр емхана көрсететін қызмет санына емес, сапасына қарай жұмыс істеуі керек. Біз де басында «қызметіміздің ақысын неге төлемейді?» дедік. Сосын өзіміз де сараптама жасағанда, шынымен кейбір қызметтердің қажетсіз жасалатынын көрдік. Біздің дәрігерлер келген адамның сұранысы бойынша жолдама бере береді. Бұл ретте маман ол жолдаманың қажетті-қажетті емесін анықтауы керек. «Мен сақтандыруға ақша төлеймін, маған УДЗ керек» деп ай сайын келетіндерге ол зерттеуді қайта-қайта өту қаншалықты қажеттілігі бар? Егер еш жері ауырмаса, мазаламаса, жиі-жиі талдаулар жасатып, УДЗ, КТ сияқты қызметтерді сұрай беруге негіз жоқ.

– Сонда шектеу бар ма?

– Ауырып келген науқасқа еш шектеу жоқ. «Біздің бұл айдағы жоспар орындалды, келесі айда кел» деп айта алмаймыз, қабылдаймыз. Себебі, бірінші кезекте – ақша емес, адам тағдыры. Қордың ақшасы бітсе, емхананың өз ақшасы бар. Үнемдеген, ақылы медициналық тексерулерден түсетін қаражат дегендей. Дегенмен, ондай жайттар болмауы үшін әр қызметті қарап, саралап, сапалы ұсынуға тырысу қажет. Әр бөлім меңгерушісі әр ай, әр апта сайын келесі аптасын жоспарлап отырады. Ішкі аудитіміз бар, қормен қатар, өзіміз де тексеріп, есептеп отырамыз. Басында біз де түсінбей, шығындарымыз көбейіп кете беретін. Кейін жұмыс жүйеленді. Қазір қор бізге қарыз емес.

– Емханаға келушілер мұны қалай қабылдады?

– Халықтың түсінігі қалыптасты ғой. Әлі түсіндіру, насихат жұмыстары жасалады. Денсаулық сақтау министрлігінің диспансерлік есепте тұрғандарды емдеу туралы бұйрығы бар. Онда қандай ауруды қалай емдеу, қанша уақытта тексерілу қажеттігі барлығы жазылған. Ол жағдайы қалыпты, диспансерлік есептегі адамдарға арналған. Ауырған болса, әрине, тексерілу шектелмейді. Негізі көбісінің жағдайы қалыпты ғой.
Есептемесе, бақылау болмаса жұмыс жүргізу мүмкін емес. Сондықтан осы шкаланың енгізілгені де дұрыс шығар. Бұрын қаражат жалпы түсетін, қор келгелі қызметтер бөлек төленеді. Қажеттілікке қарай қанша қаражат кететіні есептеледі.

– Ай сайынғы жоспардан артық қыз­мет көрсетсеңіздер не істейсіздер?

– Мысалы, КТ есептелген жоспардан 10 адамға артық жасалды дейік. Оған бөлінген қордың ақшасы бітсе, тегін медициналық кепілдік берілген қызмет аясындағы қаражаттан, ақылы қызметтерден түсетін қаражаттан жасала береді. Қордың негізгі принципі – ақша пациенттің артынан жүреді. Қаражат пациентке қызмет ұсынған емханаға бөлінеді. КТ бізде бар, ол үшін қаражат біздің емханаға бөлінеді. Теміртаудың, Нұра, Бұқар жырау аудандарының тұрғындары да келеді жолдамамен. Қордағы келісім аясында барлық медициналық мекемелер өзара дәрігерлік, зертханалық қызметтерге жібере алады. Аллерголог жоқ болса, мен басқа емханаға жіберемін. Бірақ, ақша басқа жаққа кетпеуі үшін мамандардың өзімнен шыққанына мүдделімін. Барлық емхана солай болуы керек.

– Профилактикалық тексерулер кейінгі жылдары кеңінен қолданыс­та. Оған бөлінетін қаражат көлемі де артқан шығар…

– Иә, профилактикалық тексерулер көп жасалатын болды. Ауруды емдегеннен оның алдын алған әрине, дұрыс. Ауыл тұрғындары үшін қосымша бірнеше бағыт бар. Үлкенге де, балаға да жасалады. Бұл бағытқа қор бөлек қаражат төлейді. Одан бөлек, антенатальды бақылауға қаражат бөлек төленеді. Яғни, бұл – жүкті және босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетумен байланысты бағыт. Бұл да былтырдан бастап енгізілді. Сосын стоматологиялық қызмет бар бізде. Мүгедектер, жүкті әйелдер, көпбалалы аналар тегін қаралады. Ал, қатты тіс ауырып, шұғыл жағдай болса, жасына қарамай емделе алады. Реабилитация үшін бөлек төленеді. Оған операция, сынықтан кейін ем алу үшін келеді науқастар.

– Сіз басшылық етіп отырған емханаға өткен жылы қордан қанша қаражат бөлінді?

– 1 млрд. теңгеден астам.

– Игерілді ме?

– Игерілді. Былтырғы жылдың соңынан бастап биылға да жоспар жасадық. Ол әр мекеменің қолында. Жоспар ақшалай саналмайды. Ол адам санына, оның қажеттіліктеріне байланысты жасалады. Біздің қаражат былтыр 54 пайыз­ға артты. Тіркелген халық саны – 47 600 адам. Үш филиал бар.

– Маманнан тапшылық көріп отыр­ған жоқсыз ба?

– Тапшылық жоқ. Кардиолог, травматолог, окулист мамандарын оқытып алдық. Қазір бір гинеколог резидентурада оқып жатыр. Қалғандары бар. Бала күтімі бойынша кеткендер болмаса, орын толық. Қазір оқу бітіретіндер жалпы отбасылық дәрігер болып шығады. Бұрын курс өтіп бейінді маман болып шығатын, қазір бейінді маман болуы үшін резидентурада оқуы керек. Жас маман, университет пен емхана арасында келісім жасалады. Оқу ақысын төлейміз, ол бізде 5 жыл жұмыс істейді деген келісімшарт жасалады. Алдыңғы жылы 21 жас маман келді, оның алдында 7 маман келген.

– Жас мамандарға жағдай жасалған болар?

– Қазір емханада жұмыс істейтіндердің көбісі жастар. Зейнетке жақындаған бір акушер-гинекологымыз ғана бар. Жаңағы гинеколог маманды алдын ала оқытып жатырмыз. Маман, әсіресе, жастар келуі үшін жағдай жасау керек. Жастар үшін ол – баспана. Теміртауда дәрігерлер үйі бар, сол жерден қызметтік пәтер береміз немесе жалдау ақысын төлейміз. Бастапқыда 500 мың теңге көлемінде әлеуметтік қолдау да жасалады. Жағдай жасаймыз, бірақ, сұраныс та бар. Оқыту керек болса, жібереміз. Бұрынғыдай 5 жылда бір оқыса жетеді дейтін уақыт емес, үнемі оқып, біліктілігін арттырып, кәсібилігін жетілдіріп отыруы тиіс. Оқыту үшін мамандарды өзімізге шақыртамыз немесе Астана таяу ғой, республикалық орталықтарға жібереміз. Олар да өз шараларының бір жылдық жоспарын жібереді. Жалпы жағдай бар, ай сайын оқытсақ та. Оқыту өз қаражатымыздан. Бұл біріншіден, өз емханамыздың жүйелі жұмысы үшін, екіншіден, ондай маманы жоқ басқа мекемелер бізге жібереді, келген науқас үшін қаражат бізге түседі. Маман өзімнен шықса, ол білікті болса, науқасқа сапалы көмек көрсете алса, қордан қаражат көбірек түседі. Әр мекеме жұмысын осылай жоспарлауы тиіс.

– Қор қаражаты тек кеңес беру, диагностикамен шектелмейді, ол медициналық қызметкерлердің еңбекақысы, сатып алынатын құрал-жабдықтарға бөлінеді. Кейінгі жылдары емхананың инфрақұрылымында не өзгерді?

– Құрал-жабдықты жаңарту түрақты жүрде жүргізіліп тұрады. Былтыр 2 рентген, УДЗ аппаратын, ЭКГ, вакцинаға тоңазытқыш, физоқұралдар жаңартылды. Жеңіл көлік алдық,

Ақтау кентінде халық саны аз болса да ондағы денсаулық орталығына рентген, УДЗ алынған. Енді ол жақтағы физио кабинет жабдықтарын жаңалау жоспары бар. Сонымен қатар, үйде жатқан кісілерге портативті рентген алу жоспары тұр. Алдағы жылдары Теміртау қаласының орталық емханасы ауданаралық аурухана болса, онда жаңа жабдықтар келеді. Сондықтан, МРТ аламыз деген жоспарымызды алып тастадық.

– Сол МРТ демекші, КТ мен МРТ-ға түсуге байланысты шағым көп. Сіздің науқастарыңыз қанша күтеді?

– КТ-ның жұмысы талап бойынша бір күнге 6 сағаттан аспауы тиіс. Осы уақыт ішінде кімге жолдама берілді, солар өтеді. Коронавирус кезінде күніне 20-30, тіпті, 50 адамнан өтті ғой. Қазір ондай емес, әрі кетсе, 15 адам өте алады. КТ болсын, МРТ болсын басқа кез келген емдеу орындарына жібере аламыз. Сондықтан, одан өтуде қандай да бір қиындық бар деп айта алмаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button