Жаңалықтар

Алтын жүрек

Бақтыбай Жүнісов!

Елін емірене сүйген жүрек иесі. Дархандығы даладан дарыған, тектілігі бабадан жұққан осы азаматтың есімі естілсе, жаужүрек батырлардың соңғы тұяғындай, намыстың найзагеріндей нар тұлға елестейтіні бар. Рас, «Бақтыбай аға мынадай іс тындырды», «Бақтыбай Жолжақсыұлы жолынан жығылмапты», «Осындай ауқымды жобаны бір өзі қаржыландырыпты», «Бақтыбай азамат екен!», «Арқада ақиқаттың бетіне тік қарайтын бір азамат бар. Ол – Бақтыбай Жүнісов!» деген ақпарды жиі естиміз. Шынымен де, солай.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Игі істің бастауында кім жүреді? Бақтыбай Жүнісов!

Шор бабаны дәріптеп, Қазыбек бидің мерейтойына темір тұлпарды кім тікті? Бақтыбай Жүнісов!

Сүрінгенді демеп, жылағанды кім жұбатып жүр? Бақтыбай Жүнісов!

Бір кездері безбүйрек қоғам қазақ қыраны Тоқтар ағасын тобықтан шалған кезеңде, Батырдың жел жағынан да, ел жағынан да табылған кім? Жолжақсының жомарт жүректі Бақтыбайы!

Осы азамат жетпіс жасқа толып жатыр дегенді де құлағымыз шалды. Ел азаматтары елеңдеп, әбігерлене қалған. Бірақ, Бақтыбай ағаның өзі тырс етпеді. Өзін дәріптеуді жаны қаламайды, бәлкім. Біреудің дәріптеуіне де зәру емес. Қарапайым қалпынан айнымаған азаматты өзіміз іздедік. Таба алмадық. Мерейтойының қамымен емес, елдік мұрат жолындағы қым-қуыт жұмыстарымен уақыты болмай шықты.

Міне, білікті заңгер, мерейлі меценат, қажырлы қайраткер, ғибратты ғалым Бақтыбай Жолжақсыұлының осындай қасиеттерін білетін адам оны Шор бабасынан қалған зор бала, нағыз батыр мінезді тұлға деп қана таниды. Ол – табысты кәсіпкер ғана емес, намысты қазақ!

…Арқаның атырабы қандай кең болса, сондай кең жүректі кемел азаматтары да жетіп артылады. Бақтыбай Жүнісовті солардың қатарынан ұлт жанашыры ретінде ерекшелеп алуға болады. Қарағанды қаласында «Арқа ақшамы» газетін жарыққа шығаруының өзі байырғы ұлт көсемдерінің ұлы мұратын жалғағандығы емес пе?!

Бақтыбай Жолжақсыұлы меценаттығынан бөлек, заң саласының белді өкілі. «Құрметті заңгер» атағының иегері. Білім саласының ауыртпалығын ертеден көтерген еңбегін де ешкім жоққа шығара алмайды.

Бүгінде Орталық Қазақстан академиясының ректоры. Нарық кезінде оқу бағасы да аспандап тұрғаны айқын, әрине. Ал, бұл ректор оқу құнының тұрақты болуына талап қойған. Осы жанашырлығының арқасында академиядан санасына сәуле сіңдірген мыңдаған студент қанаттанып жатыр.

Тектілік тегін жатпаса керек-ті. Әкенің өнегесі, ананың ақ сүтімен келетіні, сөзсіз. Әкесі Жолжақсы – Отан соғысы кезінде кеудесін оққа тосқан жауынгер. II дәрежелі Отан орденінің иегері. Басқа да жауынгерлік наградалармен омырауын толтырған.

Ал, анасы Рысбала Қарқаралы қаласындағы мектептің бастауыш сыныбында 46 жыл мұғалім болып, талай қазақ баласына қаріп танытқан. Тілдік пәндерді оқыту әдістемесі бойынша оқу құралының авторы. 1963 жылы Ленин орденімен марапатталған. Міне, әкенің айбары, ананың ұстаздық тәлімі дарыған бала Бақтыбайға үлкен үміт артылады.

Бақтыбай Жолжақсыұлы бірден білім саласына топ ете қалмайды. Еңбек жолын қара жұмыстан бастады. Өзінің туған топырағы Қарағайлыдағы тау-кен байыту комбинатында екі жыл слесарь болып жұмыс істеді. Одан кейін әскер қатарында екі жыл борышын өтеді.

Кейін комбинаттың жолдамасымен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түсіп, 1982 жылы заң факультетін бітірді. Университетте оқып жүрген кезінде Ленин стипендиясының иегері, топ старостасы, студенттік құрылыс жасағының командирі, заң факультеті жатақханасы студенттер кеңесінің төрағасы болды.

Оқуын үздік тәмамдаған мұндай студентті университет басшылығы жібере салсын ба? Оқытушы ретінде жұмысқа қалдырады. Кейін аға оқытушы, доцент, қылмыстық құқық және процесс кафедрасының меңгеруші, заң факультетінің деканы болды. 1994-1995 жылдары Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтының оқу ісі жөніндегі проректоры, 1995 жылдан 1997 жылға дейін Д.Қонаев атындағы гуманитарлық институты Қарағанды филиалының директоры болып қызмет атқарады. 1997-2012 жылдары – «Фемида» заң академиясының ректоры. «Фемида» заң академиясы кейіннен қазіргі заманғы гуманитарлық-техникалық институты, көпсалалы гуманитарлық-техникалық институты, «Лингва» тіл және аударма институты сияқты жоғары оқу орындарының басын біріктіріп, Орталық Қазақстан академиясына атанды.

Бақтыбай Жолжақсыұлы басшылық ететін академия аяғына нық тұрған. 2013 жылы мемлекеттік аттестациядан, 2016 жылы ұлттық институционалдық аккредиттеуден де сәтті өтеді.

Айтпақшы, осы жылдары ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілді. Халықаралық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден де абыройлы өтеді.

Білуімізше, жақсылығын жария етпеушілердің қатарынан. Бұл да парасаттылығынан. Бірақ, біз білетін демеушілік көрсеткен тұстарын тізе кетелік. Қарағанды қаласындағы Жеңіс саябағы құрылысына, Нұркен Әбдіровтің 90 жылдығына, Қасым Аманжоловтың 100 жылдығына, Қарқаралы қаласының 190 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға, Тəттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығына, Тоқтар Әубәкіровтің 70 жылдығы мен Юрий Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуының 55 жылдығын мерекелеуге демеуші болады. Қазақ хандығының 550 жылдығына да қомақты қаржы аударады. Қарқаралыдағы Қарқабат ананың ескерткішін тұрғызуға септігі тиген. Өзі білім алған Қарағайлыдағы №17 орта мектепке үнемі қарайласады. Аталған мектептегі үздік бастауыш сынып мұғаліміне үзбей сыйақы беріп келе жатыр.

Осындай шапағатынан соң, тек меценат ретінде емес, жоғарыда атап өткеніміздей, ұлт жанашыры деуге толық негізіміз бар.

Қарағанды қаласында тағы бір қазақ тілді «Qaragandy habary» газетін жарыққа шығарады. 2004 жылдан шығатын «Фемида хабаршысы» газеті арқылы халыққа құқықтық білімді насихаттап келеді. Міне, бұл – тек Бақтыбай Жолжақсыұлының біз білетін қыр­лары.

Бақтыбай Жолжақсыұлы «Құр­мет» және «Парасат» орде­німен марапатталған. Заңды да. Басты марапаты – халқының сый-құрметі. Өзі осылай дейді. Бүгін жетпістің белесіне осындай парасатпен, биіктікпен жетіп отыр. Жақсылықтың алдыңнан шығатыны рас-ты.

Арқа атырабын алып батырдың сауытты кеудесі десек, сол кеудеде Алашты сүйген алтын жүрек бүлкілдеп жатыр. Ол – сұңқар болмысты Бақтыбай аға! Жолынан жығылмайтын, жақсылық жасауға үнемі асық Бақтыбай Жолжақсыұлының алтын жүрегіне амандық тілейміз.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button