Балқаш

Алтын жүрек

Бүгінде нәзікжандылардың қоғамдағы белсенділігі кез келген саланың гүлденуіне, көркеюіне себепкер болып отыр. Қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған істің аяқсыз қалмауын қадағалап, әр ісіне тыңғылықты қарап, тындырымды жұмыс атқарып жүрген кәсіпкер әйелдер Балқаш қаласында жетерлік. Солардың бірі – Бақытгүл ЖҮНІСОВА.

Айта кетейік, қазіргі уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – еліміздің экономикалық өрлеуінің және әлеуметтік жаңғыруының тірегіне айналуда. Сондықтан, елімізде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі жобалар қолға алынды. Бұл жобаларды жүзеге асыруда көш бастағандар қатарында балқаштық Бақытгүл Әділханқызының тұрғандығы көңіл қуантады.

Кәсіпкердің жол бойында «Мерей» кешені менмұндалап тұр. Бұл кешен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы және кәсіпкердің өз қаражатына салынған болатын. Аталмыш кешенде 120 тамақтандыру орны, 120 адамға арналған жатын бөлме, сондай-ақ жылдам қызмет көрсетуге арналған 60 орындық зал, 100 орындық абаттандырылған жазғы алаң және жертөле қабатында 70 адамға арналған асхана бар. Бақытгүл Әділханқызы осы кешенді ашу арқылы 30 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда кәсіпкерлікке бет бұрыпты.

 – Жеке кәсіппен айналысуыма өмір ағымы алып келді. Тоқсаныншы жылдары астан-кестен болып, зауыт-фабрикалар жабылып, жұмыс орны қысқарып кеткенде әйелдер қауымы мықтылық танытты. Олар арқасына қап арқалап, базар жағалап, отбасын бақты. Сол кезеңде мен де кәсібімді бастадым. Оның алдында Ақжалдағы кеніштің асханасында аспазшы ның көмекшісі, ас үй қызметшісі сынды жұмыс атқардым. Ол ақша отбасымды асырауға жетпеді. 1994 жылы май, азық-түлік саудаладым. Әкем Әділхан Нұрсейітов балықшы болды. Балықшының баласы болған соң балықты да сауда айналымына шығардым. Ауыл-ауылды аралап, тері қабылдадым. Ал, 1997 жылы Балқаш қаласына қоныс аудардым. Ең алдымен өз ауылым Ақжайдақтан дүкен аштым. Бір дүкенмен шектелмей, қалада қандай кәсіп бастауға болады деген оймен зерттеу жүргіздім. Базардан орын алып, сауда жасадым. Бірақ, ол тиімсіз болды. «Жол бойындағы кафелерді көрейін» деп, көршімді ертіп алып, түгел бос нысандарды аралап шықтым. Сөйтіп, жол бойында орналасқан кафенің иесі Бекен Төлеуұлы кафесін жалға беретіндігін естіп, іздеп барып жолықтым. Екі вагоннан құралған кафеге айына 90 мың теңге төлеп, жалдап отырдым. Тәуекелге бел байлап жұмысты бастаған күннен еңбегім нәтиже берді. Алғашқы күні пісірген тамағымыздан ештеңе қалмады. Кафемізге соғып, ас ішетін адамдар қатары көбейді. 2000 жылы Бекен Төлеуұлына жалдау ақысын төмендетуін сұрадым. Ол кісі бұл ұсынысқа келіспеген соң, көрші кафені 2700 долларға сатып алдым. Осылайша, жұмысымды жандандырдым.

Мемлекеттің қолдауымен «Мерей» кешенін іске қостым. Көштен қалмау керек қой. Көштен қалдым дегенше, елден қалдым дей бер. Сондықтан, жылдан жылға өсіп өркендеу үшін талпынып, жұмыс жасағым келеді. Балқашта қысқы туризмді дамытсам деген арманым бар. Бүгінгі күні қаланың әлеуметтік-экономикасына аз да болса үлесімді қосып, жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Келешекте жұмысшылар санын арттырамын, – дейді Бақытгүл Әділханқызы.

Кәсібінен нәсібін тапқан кейіпкеріміз Әділхандай ардақты ақсақал мен Кәуәриядай аяулы ананың жетінші баласы екен. Кейбір баланың шығатын биігі – әкесінің иығы. Бірақ, Бақытгүлдің шыққан биігі басқа. Ол биіктік тек бойда емес, тереңдікте, кеңдікте, тектілікте екендігін жақсы біледі. Әйелдің қолы тиген жерде жинақылық, тазалық орнайды. Сондайақ, әйелдің табаны тиген жерде тыныштық, бейбітшілік салтанат құрады. Аналық мейірімге бөленген балалары Қабылбек пен Мерей де жылуын шашқан ортадан татулық үзілмегендігін айтады.

Бала жасынан көргені де, тергені де өнеге болған кәсіпкер қайырымдылық жасауға әуел бастан бейім. Жетім-жесірге, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп келеді. Оның ұстанған өлшемі екі қалтаның арасы емес. Жыртықты бүтіндеу, жетпегенді жетілдіру, қайырымдылық шаралар ұйымдастыру – кәсіпкердің еншілеп алған жұмысы. Еңбегі ескеріліп, алған марапаты, мадақтамасы да жетерлік. Қайырымды іспен айналысқан ардақты жанға өткен жылы Балқаш қаласының әкімдігі «Алтын жүрек» сыйлығын табыстаған екен. Бақытгүл Әділханқызы бұл сыйлыққа адал еңбегімен, жомарт жүрегімен жетті. Иә, «Алтын жүректің» иесі – үлкен жүректі адам.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button