Спорт

«Алтын жұдырық»

Қарағандыда бұрын-соңды әйелдер боксының әлемдік аренада мұндай табысты жеңімпазын көрмеген едік. Биылғы айтулы оқиғалардың бірі – жерлесіміз Аида Әбікееваның әлем чемпионы атануы. Бұл – спортшының жеке жеңісі ғана емес, аймақ тарихына алтын әріппен жазылған тарихи сәт. Аиданың жеңісі әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланды. Жанкүйерлер оған «Қазақтың қайсар қызы», «Алтын жұдырық» иесі деп баға берді.

Сурет спортшының жеке мұрағатынан

Әлемнің ең мықты боксшылары бас қосқан дода Сербияның Ниш қаласында өтті. 63 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Аида Әбікеева ақтық сынға дейін Еуропа мен Американың талай тәжірибелі спортшыларынан айқын басым түсіп, әлемдік спорт сарапшыларын таңқалдырды. Осы жеңістерінің арқасында ол финалға айқын фаворит ретінде шықты. Шешуші жекпе-жекте тай боксшысы Тананья Сомнуекті жеңіп, өз салмағында тарихи жетістікке қол жеткізді.

Бұл жеңіс Қазақстан әйелдер боксындағы алтын қоржынды толықтырып қана қоймай, ел құрамасын әлемдік рейтингте екінші орынға көтерді. Шетелдік спорт басылымдары Аиданың жетістігін жарыса жазып, оның шеберлігі мен табандылығын жоғары бағалады.

Жерлестері де жеңімпазды зор құрметпен қарсы алды. Аида Әбікеева мен оның бапкері Ислам Әбдірайымовқа облыс әкімінің атынан сый-сияпат табыс етілді. Чемпион бес миллион теңге, ал, бапкер бір жарым миллион теңге көлемінде марапат алды. Сонымен қатар, облыстық бокс федерациясы Аидаға жаңа автокөлік тарту етті.

Алда қыркүйекте Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтетін World Boxing әлем чемпионатында бақ сынайды. Мақсаты – Олимпиада төрінде ел қоржынына алтын медаль салу.

– Бұл жеңіс – тек менің еңбегім емес, бүкіл Қазақстан спортшыларының жеңісі. Ендігі арманым – Олимпиадада көк байрағымызды көкке көтеру, – дейді чемпион.

Аида Әбікеева алғашында футболмен айналысқан. Бірақ, спортқа деген шынайы қызығушылықтың арқасында, жеті жасында ата-анасы оны бокс секциясына береді. Содан бастап, Қарағанды қаласындағы бокс залы мен жаттықтырушының жетелеуінде жетілді.

Алғашқы бапкері Ислам Әбдірайымовтың жетекшілігімен жаттығу залында төгілген тердің жемісі көп күттірмей ақталды. Жергілікті біріншіліктерде жеңіске жетіп, облыс құрамасына қабылданды.

Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарып, Азия біріншілігінде жүлделі орындарға ілікті. Сол кездің өзінде мамандар оның техникасына, шабуылдағы қарқыны мен қорғаныстағы сауаттылығына жоғары баға берді.

Өткен жылдың желтоқсан айында Тайландтың Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында Аида ақтық сында вьетнамдық қарсыласын ойсырата жеңіп, төрешілер бірауыздан «жеңіс» деген шешім шығарған еді…

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button