АймақБас тақырыпҚарағанды

«Алтын сапа» және «Парыз» байқауларында қарағандылық компаниялар топ жарды

Бүгін Астанада жылдың басты бизнес-оқиғасы – «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтары және «Қазақстанның үздік тауарлары» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл Қарағанды облысының бірқатар кәсіпорындары бірнеше аталым бойынша жүлделі орындарға ие болды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Өңірде «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік конкурс-көрмесіне қатысу белсенділігі жыл сайын артып келеді. 70 финалистің ішінен сарапшылар үш номинация бойынша тоғыз үздікті анықтап, олар республикалық деңгейде бақ сынады.

Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын WEC Trade компаниясы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында жеңімпаз атанды.
Компания директоры Вячеслав Цой бұл марапат экологиялық әрі бәсекеге қабілетті отандық өнімнің сұранысы артқанын дәлелдейтінін атап өтті.

Арнайы «Іскер» сыйлығы автобустар мен арнайы техника өндіретін QazTehna зауытына табысталды. Машина жасау кәсіпорнының өндіріс сапасын арттыру және отандық техниканы дамытудағы еңбегі жоғары бағаланды.

Сонымен бірге, Maker ЖШС Қарағанды балқыту-машина жасау зауыты ТМД халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. 80 жылдан астам тарихы бар кәсіпорын тау-кен, мұнай-газ және энергетика салаларына арналған жабдық өндірісін жолға қойып, саланың көшбасшысы мәртебесін сақтап келеді.

Компания басшысы Жанибек Байғабелов пен металл конструкциялар шебері Александр Исупов «Кәсіби маман» сыйлығымен марапатталды.

Бұған қоса, облыстың тағы екі компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» байқауында үздіктер қатарынан көрінді. 

Ірі кәсіпорындар арасындағы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында – Qarmet АҚ, ал шағын және орта бизнес бойынша «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында – Rapid компаниясы марапатталды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button