«Алтын сапа» Президенттік сыйлығы – қарағандылық кәсіпорындарда
Сапа саласындағы жетістіктері үшін берілетін Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығымен екі бірдей қарағандылық кәсіпорын марапатталды. Еліміздің ең үздік кәсіпорындары бақ сынаған байқауда «A. V. Group» және «Жакко Қарағанды» компаниялары топ жарып, ел мерейін өсірді.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше арнайы киім және басқа да тігін бұйымдарын, жиһаздар мен полиграфиялық өнімдер шығаратын «A. V. Group» кәсіпорны «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясының иегері атанса, пластикалық құбырлар шығаратын «Жакко Қарағанды» зауыты «Іскер» арнайы сыйлығын жеңіп алған.
10 жылдық тарихы бар «A. V. Group» компаниясында 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.
Ал, отандық нарықта 22 жыл жұмыс істейтін «Жакко Қарағанды» зауыты мыңнан астам тауар түрлерін өндіреді. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 12 мың тонна. Бүгінгі таңда компания тауарлары шетелге де экспортталуда.
– Соңғы бес жылда біздің зауыт пластикалық құбырлар мен фитингтердің елдегі жетекші өндірушілерінің біріне айналды. Біз үнемі өндірісті жаңғыртумен, қызметкерлердің кәсібилігін арттырумен айналысамыз. Жұмысымыздың бағаланғаны біз үшін өте маңызды. Бұл сыйлықты алу одан әрі өсуге және дамуға түрткі болады, – дейді «Жакко Қарағанды» ЖШС Бас директоры Мерген Таужанов.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.