«Алтын сақа» алғырлыққа баулиды
Қарағандыдағы «Алтын сақа» балабақшасының тәрбиешісі «Алтын сақа» әдістемелік жинағын жазып шықты. Мәдина Бехмұхамбетова ертегі желісін басшылыққа алған. Жинақтың ерекшелігі сол баланың жан-жақты қалыптасуына бағытталған бес саланы қамтуы. Жинақта асықпен ойнайтын ойындар көрсетілген. Педагогтің пайымдауымен алдымен ертегі толық суреттелген. Кейін оның желісі өзгертіліп, бала танымын шыңдау үшін асықпен ойындар берілген.
– «Мектепке дейінгі ұйымдарда оқуды балаларға ойын түрінде өткізу міндеттелген. Сондықтан, кез келген ертегі желісін өзгертуге болады. Ойын шарты бойынша бай баласы Мыстанға «Алтын сақамды әперші» дегенде, ол «Мен тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын» дейді. Сонда бала алтын сақаны ала қашады. Кенет Мыстан тұра қуып, тісін лақтырғанда баланың тақымдаған тұлпарының аяғы жұлынып кетеді. Сол сәтте бала математика әлеміне түсіп кетеді. Әрине, көмекке тәрбиеші келеді. Осы үрейге толы әлемнен құтылу үшін тәрбиеші мен тәрбиеленушілер тапсырманы орындауға кіріседі, – дейді Мәдина Бехмұхамбетова.
Ойын 7 тапсырмадан тұрады. Алғашқыда бала ұяшықтарға түрлі геометриялық пішіндерді сәйкестендіріп қойып шығуы керек. Одан кейін шатасқан жіптерді ажыратып, ұяшықтарды асықтың түсіне сәйкестендіруі тиіс. Бұл сынақтан сүрінбей өтсе, арнайы тесілген асықтарды түстеріне және санның ретіне қарай жіптен өткізіп жинақтайды.
«Қоржындағы асықтар деп аталатын» бөлімде есеп шығарып, сандардың құрамын табады. Бұл алдымен балдырғанның қол моторикасын шынықтырады. Есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамытады. Математикалық амалмен танысады.
«Тапсырма орындалды, енді қамаудан шығамын» дегенде, мыстан тағы бір тісін лақтырады. Сол сәтте бала бәйтерек басына шығып, сауат ашу әлеміне түседі. Мұнда әр жапырақтарда әріптер жазылған. Ережеге сәйкес оны тәлімгер дыбысты бөліп, дауыстыны қызыл асықпен, дауыссызды көк асықпен белгілеуі шарт. Ал, асық сыртында суреттер жапсырылады. Оны буынға бөліп, санына қарай көк, қызыл, жасыл қоржындарға салады. Яғни, ойынның бұл бөлімінде бала дыбыстық талдауды үйренеді.
«Тапсырма орындап, тағы сиқырлы әлемнен шығамын» дегенде, мыстан тісін лақтырып, бай баласы ертегілер әлеміне түсіп кетеді.
«Баланы тағы бір сынақ күтіп тұр. Бәйтерек басындағы бала бұл әлемдегі аң-құстардан көмек сұрайды. Ал осы сәтте ағашты құлатпақшы болып түбін қазып жатқан Мыстанды түлкі 2 рет алдап кетеді. Аспанда ұшып бара жатқан қарғалар мен жабайы үйректер тазыларға баланы құтқару керектігі жөнінде сәлемдемені жеткізеді. Осы жерде олардан көмек сұрайды, бірақ олар көмектеспей ұшып кетеді. Ол қарлығаштан көмек сұрағанда ол көмектесетінін айтып, (сиқырлы әлемнен шығып, тазыларға сәлемдемені жеткізуге) бірақ сиқырлы әлемнен шығу үшін балаларға тағы тапсырма орындау керек болады. Осы тұста тағы тапсырма бар еді. Бала ертегідегі суреттерден өлі және тірі табиғат түрлерін ажыратады. Содан кейін тазылар көмекке келіп, Мыстанды талап өлтіреді. Ал қазылған бәйтерек құлағанда баланың қолындағы алтын сақа құлап, 4-ке бөлініп, жан-жаққа шашырайды. 4 бөлігін қосу үшін тәлімгер құрастыру, сурет салу, жапсыру, ермексаз тәрізді өнерін қосады», – дейді тәрбиеші Мәдина Бехмұхамбетова.
Осы бірнеше кезеңдегі тапсырмаларды мүдірмей орындаған тәрбиеші мен бала жеңіске жетеді екен. Жинақта жазылған осы ертегі ойыны арқылы педагог тәлімгердің жан-жақты оқушы болып қалыптасу жолдарын қарастырған. Зияткерлік қабілетін арттырып, шығармашылығын шыңдауды қарастырған. Табиғатқа, жан-жануарға, құсқа қамқорлықтың да үлгісін байқауға болады. Бұл ойындардың балалардың танымдық, тіл дамыту, есте сақтау, байланыстырып сөйлеу, ойлауды дамыту, дене қимылдарын дамытуда маңызы зор.
Жобаны жүзеге асыру үшін Мәдина Бехмұхамбетова арнайы «Алтын сақа» жобасының картасын жасап шығарған. Яғни, ойын арнайы үстелде ойналады. Барлық декорация мен қажетті жабдықтармен қамтылған.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкерден